25 Қазан, 2011

Зілзала күші 7 баллдан асты

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жексенбі, 23 қазан күні Түр­кия­ның шығысында қуатты жер сілкінісі болды. Зілзаланың эпи­центрі Ван қаласының шы­ғысынан 19 шақырымдай жерде деген болжамдар айтылуда. Алғашында зілзала салдарынан 500-ден астам адам құрбан бол­ды деген ақпарат таратылған еді. Кеше бұл ақпаратты Түр­кия­ның ішкі істер министрі Идрис Наим теріске шығарып, жер сілкінісінен 217 адамның опат болғанын мәлімдеді. 1090 адам жарақат алған. Опат бол­ған­дардың 100-і Ван қаласы­ның, 117-сі Ван провинциясына қарасты Эрджиш ауданының тұрғындары. Құрбан болғандар қатары өсе түсуі мүмкін. Өйткені, құ­ла­ған үйлердің астында да адамдар қалып отыр. Түркиядағы Қызыл крест бөлімшесінің мәлімдеуінше, зіл­зала кезінде атал­ған аумақтар­да арасында тұр­ғын үйлер мен жатақханалар бар 90-ға жуық ғимарат қираған. Ал зілзаланың күші 7 баллдан асқан көрінеді. Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жер сілкінісінен Ван провинциясындағы түрме ғимараты да ішінара бүлінгенін, түрмеден 150-ге жуық бас бостандығынан айырылған адам қашып кеткендігін, бірнеше сағаттан соң олардың 50-і түрмеге қайта оралғандығын жазады. Бұл зілзала Түркияда соңғы жылдары көрініс берген аса қуатты жер сілкінісі ретінде тіркеліп отыр. Өйткені, оның жерасты дүмпуі Иран мен Әзербайжан аумақтарында, сондай-ақ Грузия­ның Түркиямен шектесетін аудан­дарында да кәдімгідей сезілген. Жексенбіде түнге қарай Түркияның оңтүстік-шығысын­да тағы да жер сілкінді. «Рейтер» агенттігінің ақпараттары бойынша, оның күші 6,1 балл болған. Адам өліміне соқтырған зіл­зала зардаптарын жоюға бай­ланысты АҚШ, Ресей, Ұлы­британия, Израиль, тағы басқа елдер сол күні-ақ ресми Анкараға өздерінің көмектесуге әзір екендіктерін білдірген бо­латын. Анкара Израильдің кө­ме­гінен бас тартатынын бірден мәлімдеді.