Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін қазақ тілін толығымен латын әліпбиіне көшіру мәселесін қойды.
Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірегейі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп есептейміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Латын алфавитіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ еліміз үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Латын әліпбиіне көшу іс-шараларының барлығы бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін алға тартуда. Дүние жүзінде бүкіл ақпараттың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латын алфавитіне көшудің пайдасы өте көп. Сондай-ақ бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады деуге болады.
Бір алфавиттен екінші алфавитке көшу мәселесі ең алдымен бір ұлттың немесе мемлекеттің саяси-мәдени бағытын көрсетеді. Бүгінгі әлемде латын алфавиті ең көп қолданылатын алфавит ғана емес, сондай-ақ демократияның, белсенділіктің, дамудың жазуы деп айтсақ болады. Сондықтан Қазақстанның латын алфавитына көшуі еліміздің болашағы қандай бағытта дамуын көрсететін бір белгісі деп қарасақ та болады. «Осындай маңызды саяси және мәдени өзгерістерге біздің көзқарасымыз, пікірлеріміз қандай болу керек» деген сұрақ туындауы мүмкін.
Біріншіден, біз, сөзсіз, Елбасының бұл саладағы реформасын қолдаймыз.
Екіншіден, біз өзіміздің ежелгі дәуірлерден бастап жазу мәдениетіне ие ұлттардың бірі екенімізді ұмытпауымыз керек. Қазақ ұлты да сан ғасырлар бойы алуан жазуды қолданып келгені бәрімізге аян.
Үшіншіден, латын алфавиті кирилл алфавитінен ерекшеленетін, бөгде бір системадағы алфавит емес. Олардың келіп шығуы, яғни бұл алфавиттердегі әріптерде жалпы түрінде, жазылуында ортақтықтар бар.
Бүгінгі еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми, халықаралық маңызы бар мәселелер тоғысында ғаламтор мен ұялы байланыстың жазармандары мен пайдаланушылары көбейген тұста интернет желісін пайдаланушылардың латын тіліне қажеттілігі артпаса кемімейтіні анық. Екіншіден, бұл идея түркітілдес халықтарды біріктірудің басты көзқарасы болып табылады.
Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор