Талайына тағдыр жазған жазушылықтың азабы мен шерін қатар өріп, өзін ортадан оқшаулау арқылы ақиқаттың ауыр жүгін арқалаған қаламгер Несіпбек Дәутайұлы оқырманға «Құдырет пен қасірет» романы және «Көгілдір көйлекті келіншек», «Ақкүшік», «Батыр», «Құмға қашқан құйын» атты повесть-әңгімелері арқылы танымал. Нені жазса да ақиқаттан аспай, шындықтан шығандамай жазатын қаламгер образ даралауда, шығарма түзуде бүгінгі қазақ прозасын жаңа деңгейге көтерді. Адамның болмысы, тағдырдың қиян-кескі шайқасы іспетті дүниелер шығармаларынан көрініс тапты.
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының жетпіс жасқа толған мерейтойы Әулиеата жерінде дүркіреп өтті. Бұл күні облыстық қазақ драма театрына халық көптеп жиналып, қаламгерге лайықты деңгейде құрмет көрсетті. Жазушы мерейтойына Жамбыл жұртшылығымен қатар, Алматы қаласынан және Атырау облысынан да арнайы делегация келіп қатысты. Салтанатты кешті жазушы-драматург, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лау-реаты Рахымжан Отарбаев жүргізіп, Несіпбек Дәутайұлының шығармашылық жолын кеңінен зерделеді.
Әуелі сахнаға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков шығып, жазушының шығармашылығына тоқталды. Сонымен қатар, мерейлі кеште Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов сынды азаматтардың құттықтау хаттары оқылды. Ал белгілі жазушы Марал Сқақбаев Несіпбек Дәутайұлы туралы тебірене сөйлесе, мерейтой иесіне Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан табыс етті. Сондай-ақ Мархабат Байғұт, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов сынды ақын-жазушылар Несіпбек Дәутайұлының дара қолтаңбасын атап көрсетсе, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек қаламгер шығармашылығы жөнінде баяндама жасады.
Жазушы мерейтойына арнайы келген жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы мен кісілік келбеті жөнінде сөз сөйлеп, оның Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сияқты алыптардан басталған құтты керуеннің жалғасы іспетті екендігін атап өтті. «Ол оқырман қауымды өрнегі өзгеше жаңа стильдегі көркемдік-дүниетанымдық ізденістерімен, Қаратау шертпелеріндей бейнелі дәстүрлі эпикалық баяндауларымен, ұлттық бедерлі танымымен өзіне баурап, қаймана халқымыздың әлеуметтік-қоғамдық күрделі өмірін адамзатқа тән ақиқатпен шебер жымдастыра жеткізетін жазушы. Нес- ағаңның прозасындағы кейіпкерлер әлемі өмірдің буырқанып қайнаған өз ішінен, өзегінен ойып алынғандықтан шыншыл да сыршыл келеді. Оларды автор ойдан шығармайды, қиялдан туғызбайды, мұны сауатты оқырман да бірден айырады. Сондықтан Несағаң шытырман өмірден шындықты іздеген қаламгер», деді Дархан Қыдырәлі. Сондай-ақ ел газетінің атынан иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жалпы мерейлі кеште Несіпбек Дәутайұлының шығармашылық тағдыры әңгіме өзегіне айналды. Алматыдан арнайы келген Жұмабай Шаштайұлы, Аманхан Әлім, Бекен Ыбырайымұлы, Темірғали Көпбаев та қаламдастары туралы лебіздерін білдірді. Ал «Тараз» триосы Кенен Әзірбаевтың әндерін шырқап кеш көрігін қыздырса, Анна Вундер, Мәдина Сағынбекова сияқты өнерпаздар көрермен көзайымына айналды.
* * *
Дәл осы күні Шу ауданында атақты күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың сексен жасқа толған мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Өмірі өнерімен өріліп, алты Алаштың қадір тұтар тұлғасына айналған дарын иесінің кешіне Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы қатысып, ақ тілегін жеткізді. Күйшінің шығармашылық жолына тоқталып, өнер иесінің жастар үшін әрдайым үлгі екенін айтып өтті. Сондай-ақ Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында облыс басшысы мерейтой иесіне үй салып беруге уәде берді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы