Әдебиет • 03 Қазан, 2017

Герман Мелвилл жауһар роман – «Моби Дикті» қалай жазды?

1223 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Құрама Штаттардың әдебиет тари­хында Герман Мелвилл шы­ғар­­машылығы аса көрнекті дара құбы­лыстар қатарына жатады. Жазу­шы америкалық сөз өнері клас­сик­терінің ортасынан ойып орын алғалы қашан. Ал оның ғажап туындысы «Моби Дик неме­се Ақ Кит» әлем әдебиеті жауһар­лары­ның бірінен саналса, бұл да әбден заңды, әділетті ақиқат.

 

Герман Мелвилл жауһар роман – «Моби Дикті» қалай жазды?

Мелвиллдің өмірбаянында шәкірттік кезең болған жоқ. Ол әдебиетке сыналап, әупірімдеп енбеді, баса-көктеп кірді. Оның бірінші кітабы «Тайпи» бірден-ақ оған Америкада, содан кейін Англияда, Франция мен Германияда абы­рой-атақ әперді. Одан, оның шеберлігі шың­далып, кітаптарының мазмұны неғұр­лым тереңдей түсті, ал танымалдығы түсі­ніксіз түрде күрт құлады. XIX ғасырдың алпысыншы жылдарында Мелвиллді замандастары мүлде ұмытқаны сонша, жетпісінші жылдары талантына бас июші бір ағылшын оны Нью-Йоркте табанынан таусыла сұрау салып іздеп таба алмаған. Мелвилл болса, бұл шақта есен-сау, сол Нью-Йоркте тұрып, кеденде жүк қараушы болып қызмет атқарып жатқан.

Мелвиллдің қайтыс болғаннан кейінгі шығармашылық мұрасының тағдыры да сүлесоқ самарқаулықпен тұмшаланды. Ол, тіпті, өмір сүрмегендей, ондай жазу­шы өмірде болмағандай ахуал-ауан қалып­тасты. 1919 жылы жазушының туған­ы­­на жүз жыл толған кезде бұл оқиға ата­лып та өтілмеді, салтанатты жиналыс та, мерей­тойға арналған мақалалар да бол­ған жоқ. Әйгілі күнді тек бір-ақ адам – сол шақта Мелвиллдің тұңғыш өмірбаянын жазуға кіріскен Рэймонд Уивер ғана еске алды. Екі жыл өткен соң шык­қан кітап «Герман Мелвилл, теңіз­ші һәм мистик» деп аталды. Уивердің бұл құл­шыныс-жігерін сол жылдарда Америкада аса мәш­һүр танымалдыққа ие болған белгілі ағыл­шын жазушысы Д.Г.Лоуренс қол­дады. Ол Мелвилл жайында екі мақа­ла жазып, оларды 1923 жылы өзінің «Клас­си­калық американ әдебиеті туралы этюдтер» атты мақалалар жинағына енгізді.

Америка сөйтіп өзінің Мелвиллін ес­ке алды. Және еске алғанда қалай десе­ңіз­­ші! Жазушының кітаптары мол тара­лым­дар­мен қайтадан басыла баста­ды, мұра­ғат­­­тардан жарияланбаған қол­жаз­балар шы­­ға­рылды, Мелвилл шығар­ма­лары­ның желі­сімен кинофильмдер тү­сі­ріліп, спектакльдер қойылды. Сурет­ші­лердің қиялын Мелвилл сомдаған бейнелер тербеді.

Әлбетте, мелвиллдік «дүрбелең» әде­биет­­тануға да қанат жайды. Іске әде­биет тарихшылары, ғұмырбаяншылар, сын­шы­­лар кірісті, тіпті әдебиеттен алыс адамдар – тарихшылар, психологтар мен социологтар да шет қалмады. Мел­вил­лтанудың жіңішке жылғасы тасқынды дарияға айналды. Бүгінде тасқын біршама бәсеңсігенімен, әлде де толас таба қойған жоқ. Жұртты дүр сілкіндірген соңғы жаналық 1983 жылы болды. Бұл жолы Нью-Йорк штатының солтүстігінде қаңыраған қамбадан кездейсоқ Мелвилл қолжазбалары мен оның отбасы мүше­лерінің хаттары сақталған екі шабадан және ағаш сандық табылды. Сол сол-ақ екен, жүз елу мелвиллтанушы әлгі жаңа жадығаттарды зерттеуге, Мелвилл ғұмыр­намасына қажетті толықтыру-түзетулер енгізуге құлшынды.

Бүгінде мейлі әлемдік, мейлі америка­лық әдебиет төріндегі Мелвиллдің орнына күмән-талас тудыру ешкімнің ойына да кіріп-шықпайды.

Нью-Йоркте бой көтерген американ жазу­­шыларының Пантеонында оған Ир­винг, Купер, По, Готорн және Уитмен­дермен қатар құрметті орын берілген. Жұрт оны сүйіп оқиды, рухы қадір-құр­метке бөленген. Тірісінде жазушының түсі­не де кірмеген ұлы даңк, ұлы тағдыр! Қай жазушының да өнеге тұтып, арман етіп, қызығуына тұрарлықтай.

Герман Мелвилл 1819 жылдың 1 тамызында Нью-Йоркте шетелдік алыс-беріс, сауда-саттықпен айналысушы орта қол коммерсанттың отбасында дүниеге келді. Төрт ұл мен төрт қызы бар көп балалы отбасы бір қарағанда бақуат-берекеде өмір кешіп жатқан. Әйткенмен, өмірге өзіндік нышанмен келген болашақ жазушы туған жылы елде экономикалық дағдарыс бас­талған-ды. Мелвиллдің әкесі шаруасы күй­зеліп, тақырға отырғандардың арасында қалды. Кәсібінен айырылып, үйін сатуға мәжбүр болған ол ақырында тағдыр соққысына шыдамай, есі ауысып өледі.

Әке өлімі Мелвилл өміріндегі алғашқы қасірет межесі екен. Жасы небәрі он екіге толғанымен, енді балалық бітті. Ол мектепті тастап, банк кеңсесіне қағаз кө­шіруші боп жалданды. Сосын өзі­­нің нағашысы Томастың фермасында жал­шылықта жүрді. Шаруаның ауыр еңбегі әлі бұғанасы бекімеген ұлға қиын соққандықтан, ол мұғалім болу­ды ұйға­рады. Бұл үшін Олбанидің класси­калық гим­назиясында бір жылдық курстан өтуі­не тура келеді. Бірақ мұғалімдіктің де азабы аз болмай шықты... Ақыры оған дейін де көптеген Мелвиллдер – аталары, ағайлары немере бауырлары өткен бір-ақ жол – теңізге апаратын жол қалып еді. Өзінің алғашқы теңіз жорығына Мелвилл Нью-Йорк пен Ливерпуль арасында жүйелі қатынайтын «Әулие Лаврентий» жүк-жолаушы кемесінде юнга болып 1839 жылы аттанды. Осыдан бір жарым жыл өткенде болашақ жазушының толайым төрт жылға созылған «теңіздегі ұлы шытырман оқиғалары» басталды.

Америкалық кит аулау кәсібіне жол ашқан Нью-Бедфорд қалашығының айлақ маңындағы шағын шіркеу сыртындағы отырғыштардың бірінде қағылған металл тақтайша 1841 жылдың 3 қаңтарында «Акушнет» кит аулау кемесімен жүзіп кетер қарсаңында осы отырғышта Герман Мелвилл отырғандығын хабарлайды. «Акушнетте» бір жарым жыл жүзген Мелвилл матростық өмірдің шырғалаңға толы, тұздықты дәмін мелдектей татып көрді. Еңбегі еш, тұзы сор азап-бейнетке төзбеген ол Маркиз архипелагы аралдарының біріндегі аял кезінде бір матрос жолдасымен бірге кемеден қашып кетті. Аралды кезіп жүрген кашқындар каннибалдардың қолына түседі. Алайда, адам жегіштер Мелвиллді жемейді. Тұтқын ретінде ұстаса да, қонақ деп сыйлайды. Дегенмен, бір ай шамасында ол қонақжай каннибалдардан қашып кетіп, дәл осы кезде таяу төңіректегі шығанақ қолтығына зәкір тастаған австралиялық «Люси Энн» кит аулау кемесіне матрос боп жалданады. Мұндағы тәртіптердің де «Акушнеттегі» қатал сүргіннен айыр­ма­шылығы шамалы екен. Содан, 1842 жыл­дың 24 қыркүйегінде, ішінде Мел­вилл де бар, бір топ матрос кеме Таити жағалауында тұрған кезде бүлік шығарып жергілікті түрмеге қамалады. Бір айдан соң Мелвилл одан да қашып шығып, көр­шілес Эймер аралына жетіп, онда Нан­такетке тіркелген «Чариз бен Генри» аме­рикалық кит аулағышына қайтадан кіреді. Бірақ бұл жолы оның матростық қызметінің мерзімі жарты жыл деп келісіледі. Жарты жыл өткен соң сертіне берік капитан Мелвиллді Гавайда түсіріп кетті.

Мелвилл елін сағынғанмен, жол алыс, ақшасы жоқ еді. Амалы құрыған ол Гонолулу айлағында тап келген амери­калық «Құрама Штаттар» фрегаты­на әскери қызметке кіруге тілек білдіреді. Сөйтіп, вельбот ескекшісі әскери теніз­ші болады. Әйткенмен, фрегат үйге асық­пайды. Кеме Маркиз архипелагы, Таити, Вальпарансо, Кальяо, Рио-де Жанейро жағалауларына соғып, тек содан кейін ғана Бостонға бет түзейді. Мелвиллдің әскери-теңіз қызметі бір жарым жылға созылады. Флот тірлігі кит аулаушылықтан мәз көрінбеді. Ақыры, 1844 жылдың 14 қаза­нында тақыр-таза қызметтен босап, анасы мен әпке-қарындастары тұ­рып жатқан Лансинбургке тартты. Бәрі баяғы қаз-қалпына келді. Мелвилл үйін­де, жұмыс жоқ, қалта тесік. Жанға сүйе­ніш жалғыз медеті – жинаған өмір тәжі­рибесі, көл-көсір әсері, дос-жаран, туыс-туған­дарға тілдің майын тамыза айтар қызғылықты әңгімелері.

Мелвиллге өзі бастан кешкен шытырман оқиғалар жайында кітап жаз деп кеңес берген ақылды кісінің кім екені анықталған жоқ. Бір жақсысы, ондай адам табылған әрі соны ол қабыл алған. Алғашқы тақы­рып – каннибалдар арасындағы өмірі. Әйткенмен, арқан, ескек, зәкір шынжырына үйренген қолдар қаламға оңайлықпен иліге қоймады. Иә, жазушылық өнердің өз заңдары бар. Кітаптың жалпы құры­лы­мы, оқиға, тіл, мәнер, жанрлық түйт­кіл­дер алдан шықты. Ой өрісі мен білім кеңей­ту­дің қажеттігін өткір сезінді. Әдеби көркемдік пен шеберлік сырларына қаны­ғу керек-ті. Жаңа бастаған автордың тарих, жағрапия, этнография бойынша ең­бектерді сүзуіне, жиһанкездердің жаз­баларымен, миссионерлердің трактат­тарымен, теңіз саяхатшыларының есте­ліктерімен танысуына тура келді. Енді оның үстелінің үстінде романдар, хикаят­тар мен әңгімелер, ағылшын һәм амери­кан журналдары мен орфографиялық сөз­­діктер үйіліп жататын болды. Ол енді фи­ло­­с­оф­тардың, теологтардың еңбек­терін зерделей оқып, дүние мен адам ха­қын­­да біртіндеп өзінің жеке түсінігін қа­лып­­тас­тыра бастады. Бұл үрдістің сатылы кезең­дері оның кітаптарынан көрініс тапқан.

Әрі қарайғының бәрі бір ғажайып түстегідей болған. Ірі ағылшын баспагері Джон Меррэй қолжазбамен танысып шығып, 1846 жылдың басында «Тайпи» рома­нын жеделдете шығарып жібереді. Бұдан соң іле-шала кітаптың америкалық басы­лымы жарық көреді. «Адам жегіштер ара­­сында өмір сүрген адам» ретінде Мел­вилл­­­дің атағы дүркіреп аспанға көтерілді.

Жұрт оның кітабын құныға оқып, ол жайында қызу пікірталас өрістеді, американ журналдары «Тайпиді» талқылаған рецензиялар жариялады. Олар жас авторды мадақтады, кейбіреулері сөкті. Шет тілдердегі алғашқы тәржімалар пайда бо­лды. Бұл шақта көкірегіне өзінің жазу­шылық дарынына деген кәміл сенім ұя­лат­қан «Ому» атты екінші кітабына кірі­сіп, оны 1846 жылдың аяғына карай тәмамдады. Қолжазба Англия мен АҚШ-та басылуға дереу алынып, Мелвилл бұл шақта үшінші кітапты («Марди») жазып жатты. Ол кәсіпқой әдебиетшінің азапты жолына түскен еді.

Америка әуел бастан теңізшілер елі болатын. Оның қалған дүниемен барлық сауда, экономикалық, саяси һәм мәдени байла­ныстары Атлант және Тынық мұ­хит арқылы жүзеге асырылды. Мал шаруа­шылығы дендеп дами қоймаған және әлі мұнай көздері ашылмаған Амери­када етке, тоң май, былғары, жанар-жағар­майға деген сұраныс негізінен кит аулау кәсібі есебінен өтелді. Кит майы тамаққа да, машиналарды майлауға да бірдей қолданылды, кит терісінен жетекші бел­дік­тер (бүкіл өнеркәсіп су қуатымен жұмыс істеді) мен аяқ киім ұлтандары дайындалды, америкалықтардың кештері мен түндерін спермацетті шырақтар жа­рық­­тандырды. Ендеше, әлемдік кит аулау флотындағы 900 кеменің 735-і аме­ри­калықтарға тиесілі болғаны да таңданар­лық емес. Нақ Америка теңіз романының Отаны болғандығының сыр-себебін де осыдан іздеген жөн.

Мелвиллдің барлық дерлік романдары («Марди», «Редберн», «Ақ Бушлат», «Моби Дик»,» «Израйль Поттер»), кейбір хикаяттары («Бенитте Серено», «Энкан­тадас», «Билли Бадд») мен бірқатар өлеңдері («Джон Марр және басқа матростар» жинағы) тұтастай немесе ішінара теңіздік жанрға қосыла алады. Бұл әб­ден қисынды. Теңіз саяхаты тіршілік-болмыс­тың Мелвилл тым тәуір білетін саласы болды.

Оның «Ақ Бушлаты» – флоттық ере­же­лер­дің адамгершілікпен сыйыспас сойқандары туралы, қатардағы матрос­тардың қасіретті тағдыры мен күйінішті талайы туралы кітап, әлеуметтік асқақ аңсар мен жаңашылдық рухқа толы кітап болды. Ол сол тұстағы америкалық әдеби теңіз­намасының шыңына айналды. Бұл «Моби Дикке» барар жолдағы соңғы саты, ақырғы асу еді.

Еуропа сапарынан оралып келген Мелвилл 1850 жылдың 1 ақпанында Нью-Йоркте бұған дейін жалпы сұлбасы ойында мүсінделген «Моби Дикке» кірісті. Мелвиллдік әдебиет жауһарының шығармашылық тарихы мен толғағы аса күрделі болды. Қаржыдан тарыққан, қарыздары қысқан ол көпшілік көңілінен шығатын шытырман оқиғалы роман жазып шығуға тиісті еді. Бірақ оның бүкіл болмысы, көкірегінде қайнаған қыжылы, шынайы жазушылық ары, тарих пен қоғам алдындағы жауапкершілігі олай жазуға қарсы тұрды. Готорнға жазған хаттарында Мелвилл өзінің қалағанындай жазуға құқығы жоқтығына, соған қарамастан, мүлдем басқаша жазуға да шамасы келмей­тіндігіне шағымданды. Осы жазушылық жан азабының арпалысы тым ұзаққа созылды. Суреткер Ақ Китпен емес, өз-өзімен шайқасып, ақыры өзін-өзі жеңіп шықты. Екі жылдық жанкешті еңбектің арқасында көпшілікке ұнамды шытырман оқиғалы роман емес, мүлдем басқа нәрсе – күрделі нышандар мен бейнелер жүйесінде Американың өткенін, бүгіні мен болашағын мүсіндеген ғажайып та ғаламат эпикалық туынды дүниеге келді.

Бойына көптеген сипаттарды жинақ­таған осынау синтетикалық романда баяндаудың бұған дейінгі белгісіз, жаңа үрдісі алға шықты. Әрине, «Моби Дик», қалай болғанда да, шытырман оқиғалы шығарма, бірақ сонымен қатар, ол әрі «өндірістік», «теңіздік», «әлеуметтік», «пәлсафалық» және де, керек десеңіз, «тәрбиелік» роман. Бұл жайлардың бәрі кітапта көршілес, қатар өмір сүрмей­ді, олар бір-біріне кірігіп, астарлы нышан­дардың жүйесімен сабақтаса өріліп, ажырамас, терең мағыналы бір тұтастықта түзіл­ген. Лықсып төгілген баяндау Шек­с­­пир ықпалы аңдалатын бірегей стилис­тика­мен байланысып, сыншылар теңіз тол­­қынына ұқсататын қайталанбас мел­вилл­дік тілмен сомдалған. Ресейлік мел­вилл­­тану­шы Ю.Ковалев та осы пікірді қуаттайды.

Сонымен, «Моби Дик» америкалық һәм әлемдік әдебиеттегі романтикалық символизм шыңдарының бірі екендігін жалпы жұрт жаппай мойындаған. Онда оқиғалар мен бейнелер, адамдық мінез-құлық пен мағлұмат-деректердің бәрі белгілі бір нышандарды меңзейтін астарлы мағынаға толы болып келеді. Сондай мысалдардың бірі – жұлдызды-жолақты ту көтерген кеме. Оны тарихтың тылсым суларында белгісіз айлаққа бет түзеген Америка деп ойлауға болар еді. Ол мақсатына жүзіп жете ала ма? Тағ­дыры қалай болар екен? Оқырман бұл нышан­ның құпиясын осылай шешеді, сол себеп­тен де «Пекодтың» опат болуынан әлдебір қайғылы сәуегейлікті аңдайды. Романдағы бүкіл «китнама» философия, психология, социология һәм саясат суларында жүзіп жүрген Ақ Китке бастап алып барады. Сөйте тұра Мелвилл заманауи Американың экономикалық, саяси және әлеуметтік шындығынан еш ажырамайды. Негізгі нысана, басты нышан Құрама Штаттардың тағдыры боп қала береді.

Нышандық мәндердің бір тобы өзіне сеніп тапсырылған кеме мен күллі команданың (Измаилдан басқа) өмірін опат қылған капитан Ахавтың өлер­мен есуастығымен байланысты. Бір жағы­нан, бас кейіпкер деп те қарастыруға болар­лықтай Ахав – аса күрделі, қайшылықты, астар-мәні көп тұлға. Оның бойында асқақ құпиялылық, қайтпас өрлік пен көзсіз ерлік, зұлымдыққа деген өрше­ленген өшпенділік біте қайнасқан. Сөйте тұра, сол зұлымдықты өзі жасауға да қабілеті шексіз. Әрі қойған мақсатына жету жолындағы жанкешті қайсарлығы, сол жолда кемені де, команданың һәм, тіпті, өзінің де өмірін құрбан етіп қиып жіберуге әзір қатыгездігі жан түршіктіреді. Романның көптеген беттерін толқымай, тебіренбей, толғанбай оқу қиын-ақ.

Әйткенмен де, замандастарының Мелвилл туындысын қабыл алмағаны таң­дан­дырады. Романды шын жүрекпен түсініп, бағалағандар некен-саяқ болды. Ақыры Ақ Кит құрдымның түбіне кетіп, содан жарық дүниеге қайта қалқып шығып, барлық кереметін жарқыратып көрсеткенше үш ширек ғасыр өтіпті. Сол шақтан бері жұлдызы қайта жанған «Моби Дик» жүз жылға жуық уақыт бойы әлемдік әдебиет төріндегі өзінің құрметті орнынан төмендеп не әсте күңгірт тартып көрген емес. Ол Мелвилл өнернамасының шыңы боп қалып, оқырманды таңырқатып, тылсым ғажайыбына бөлеумен келеді. Сөз соңында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тәржімаланған «Моби Дик немесе Ақ Кит» қазақ оқырманына да жол тартқанын айтқан лазым.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»