Мелвиллдің өмірбаянында шәкірттік кезең болған жоқ. Ол әдебиетке сыналап, әупірімдеп енбеді, баса-көктеп кірді. Оның бірінші кітабы «Тайпи» бірден-ақ оған Америкада, содан кейін Англияда, Франция мен Германияда абырой-атақ әперді. Одан, оның шеберлігі шыңдалып, кітаптарының мазмұны неғұрлым тереңдей түсті, ал танымалдығы түсініксіз түрде күрт құлады. XIX ғасырдың алпысыншы жылдарында Мелвиллді замандастары мүлде ұмытқаны сонша, жетпісінші жылдары талантына бас июші бір ағылшын оны Нью-Йоркте табанынан таусыла сұрау салып іздеп таба алмаған. Мелвилл болса, бұл шақта есен-сау, сол Нью-Йоркте тұрып, кеденде жүк қараушы болып қызмет атқарып жатқан.
Мелвиллдің қайтыс болғаннан кейінгі шығармашылық мұрасының тағдыры да сүлесоқ самарқаулықпен тұмшаланды. Ол, тіпті, өмір сүрмегендей, ондай жазушы өмірде болмағандай ахуал-ауан қалыптасты. 1919 жылы жазушының туғанына жүз жыл толған кезде бұл оқиға аталып та өтілмеді, салтанатты жиналыс та, мерейтойға арналған мақалалар да болған жоқ. Әйгілі күнді тек бір-ақ адам – сол шақта Мелвиллдің тұңғыш өмірбаянын жазуға кіріскен Рэймонд Уивер ғана еске алды. Екі жыл өткен соң шыкқан кітап «Герман Мелвилл, теңізші һәм мистик» деп аталды. Уивердің бұл құлшыныс-жігерін сол жылдарда Америкада аса мәшһүр танымалдыққа ие болған белгілі ағылшын жазушысы Д.Г.Лоуренс қолдады. Ол Мелвилл жайында екі мақала жазып, оларды 1923 жылы өзінің «Классикалық американ әдебиеті туралы этюдтер» атты мақалалар жинағына енгізді.
Америка сөйтіп өзінің Мелвиллін еске алды. Және еске алғанда қалай десеңізші! Жазушының кітаптары мол таралымдармен қайтадан басыла бастады, мұрағаттардан жарияланбаған қолжазбалар шығарылды, Мелвилл шығармаларының желісімен кинофильмдер түсіріліп, спектакльдер қойылды. Суретшілердің қиялын Мелвилл сомдаған бейнелер тербеді.
Әлбетте, мелвиллдік «дүрбелең» әдебиеттануға да қанат жайды. Іске әдебиет тарихшылары, ғұмырбаяншылар, сыншылар кірісті, тіпті әдебиеттен алыс адамдар – тарихшылар, психологтар мен социологтар да шет қалмады. Мелвиллтанудың жіңішке жылғасы тасқынды дарияға айналды. Бүгінде тасқын біршама бәсеңсігенімен, әлде де толас таба қойған жоқ. Жұртты дүр сілкіндірген соңғы жаналық 1983 жылы болды. Бұл жолы Нью-Йорк штатының солтүстігінде қаңыраған қамбадан кездейсоқ Мелвилл қолжазбалары мен оның отбасы мүшелерінің хаттары сақталған екі шабадан және ағаш сандық табылды. Сол сол-ақ екен, жүз елу мелвиллтанушы әлгі жаңа жадығаттарды зерттеуге, Мелвилл ғұмырнамасына қажетті толықтыру-түзетулер енгізуге құлшынды.
Бүгінде мейлі әлемдік, мейлі америкалық әдебиет төріндегі Мелвиллдің орнына күмән-талас тудыру ешкімнің ойына да кіріп-шықпайды.
Нью-Йоркте бой көтерген американ жазушыларының Пантеонында оған Ирвинг, Купер, По, Готорн және Уитмендермен қатар құрметті орын берілген. Жұрт оны сүйіп оқиды, рухы қадір-құрметке бөленген. Тірісінде жазушының түсіне де кірмеген ұлы даңк, ұлы тағдыр! Қай жазушының да өнеге тұтып, арман етіп, қызығуына тұрарлықтай.
Герман Мелвилл 1819 жылдың 1 тамызында Нью-Йоркте шетелдік алыс-беріс, сауда-саттықпен айналысушы орта қол коммерсанттың отбасында дүниеге келді. Төрт ұл мен төрт қызы бар көп балалы отбасы бір қарағанда бақуат-берекеде өмір кешіп жатқан. Әйткенмен, өмірге өзіндік нышанмен келген болашақ жазушы туған жылы елде экономикалық дағдарыс басталған-ды. Мелвиллдің әкесі шаруасы күйзеліп, тақырға отырғандардың арасында қалды. Кәсібінен айырылып, үйін сатуға мәжбүр болған ол ақырында тағдыр соққысына шыдамай, есі ауысып өледі.
Әке өлімі Мелвилл өміріндегі алғашқы қасірет межесі екен. Жасы небәрі он екіге толғанымен, енді балалық бітті. Ол мектепті тастап, банк кеңсесіне қағаз көшіруші боп жалданды. Сосын өзінің нағашысы Томастың фермасында жалшылықта жүрді. Шаруаның ауыр еңбегі әлі бұғанасы бекімеген ұлға қиын соққандықтан, ол мұғалім болуды ұйғарады. Бұл үшін Олбанидің классикалық гимназиясында бір жылдық курстан өтуіне тура келеді. Бірақ мұғалімдіктің де азабы аз болмай шықты... Ақыры оған дейін де көптеген Мелвиллдер – аталары, ағайлары немере бауырлары өткен бір-ақ жол – теңізге апаратын жол қалып еді. Өзінің алғашқы теңіз жорығына Мелвилл Нью-Йорк пен Ливерпуль арасында жүйелі қатынайтын «Әулие Лаврентий» жүк-жолаушы кемесінде юнга болып 1839 жылы аттанды. Осыдан бір жарым жыл өткенде болашақ жазушының толайым төрт жылға созылған «теңіздегі ұлы шытырман оқиғалары» басталды.
Америкалық кит аулау кәсібіне жол ашқан Нью-Бедфорд қалашығының айлақ маңындағы шағын шіркеу сыртындағы отырғыштардың бірінде қағылған металл тақтайша 1841 жылдың 3 қаңтарында «Акушнет» кит аулау кемесімен жүзіп кетер қарсаңында осы отырғышта Герман Мелвилл отырғандығын хабарлайды. «Акушнетте» бір жарым жыл жүзген Мелвилл матростық өмірдің шырғалаңға толы, тұздықты дәмін мелдектей татып көрді. Еңбегі еш, тұзы сор азап-бейнетке төзбеген ол Маркиз архипелагы аралдарының біріндегі аял кезінде бір матрос жолдасымен бірге кемеден қашып кетті. Аралды кезіп жүрген кашқындар каннибалдардың қолына түседі. Алайда, адам жегіштер Мелвиллді жемейді. Тұтқын ретінде ұстаса да, қонақ деп сыйлайды. Дегенмен, бір ай шамасында ол қонақжай каннибалдардан қашып кетіп, дәл осы кезде таяу төңіректегі шығанақ қолтығына зәкір тастаған австралиялық «Люси Энн» кит аулау кемесіне матрос боп жалданады. Мұндағы тәртіптердің де «Акушнеттегі» қатал сүргіннен айырмашылығы шамалы екен. Содан, 1842 жылдың 24 қыркүйегінде, ішінде Мелвилл де бар, бір топ матрос кеме Таити жағалауында тұрған кезде бүлік шығарып жергілікті түрмеге қамалады. Бір айдан соң Мелвилл одан да қашып шығып, көршілес Эймер аралына жетіп, онда Нантакетке тіркелген «Чариз бен Генри» америкалық кит аулағышына қайтадан кіреді. Бірақ бұл жолы оның матростық қызметінің мерзімі жарты жыл деп келісіледі. Жарты жыл өткен соң сертіне берік капитан Мелвиллді Гавайда түсіріп кетті.
Мелвилл елін сағынғанмен, жол алыс, ақшасы жоқ еді. Амалы құрыған ол Гонолулу айлағында тап келген америкалық «Құрама Штаттар» фрегатына әскери қызметке кіруге тілек білдіреді. Сөйтіп, вельбот ескекшісі әскери тенізші болады. Әйткенмен, фрегат үйге асықпайды. Кеме Маркиз архипелагы, Таити, Вальпарансо, Кальяо, Рио-де Жанейро жағалауларына соғып, тек содан кейін ғана Бостонға бет түзейді. Мелвиллдің әскери-теңіз қызметі бір жарым жылға созылады. Флот тірлігі кит аулаушылықтан мәз көрінбеді. Ақыры, 1844 жылдың 14 қазанында тақыр-таза қызметтен босап, анасы мен әпке-қарындастары тұрып жатқан Лансинбургке тартты. Бәрі баяғы қаз-қалпына келді. Мелвилл үйінде, жұмыс жоқ, қалта тесік. Жанға сүйеніш жалғыз медеті – жинаған өмір тәжірибесі, көл-көсір әсері, дос-жаран, туыс-туғандарға тілдің майын тамыза айтар қызғылықты әңгімелері.
Мелвиллге өзі бастан кешкен шытырман оқиғалар жайында кітап жаз деп кеңес берген ақылды кісінің кім екені анықталған жоқ. Бір жақсысы, ондай адам табылған әрі соны ол қабыл алған. Алғашқы тақырып – каннибалдар арасындағы өмірі. Әйткенмен, арқан, ескек, зәкір шынжырына үйренген қолдар қаламға оңайлықпен иліге қоймады. Иә, жазушылық өнердің өз заңдары бар. Кітаптың жалпы құрылымы, оқиға, тіл, мәнер, жанрлық түйткілдер алдан шықты. Ой өрісі мен білім кеңейтудің қажеттігін өткір сезінді. Әдеби көркемдік пен шеберлік сырларына қанығу керек-ті. Жаңа бастаған автордың тарих, жағрапия, этнография бойынша еңбектерді сүзуіне, жиһанкездердің жазбаларымен, миссионерлердің трактаттарымен, теңіз саяхатшыларының естеліктерімен танысуына тура келді. Енді оның үстелінің үстінде романдар, хикаяттар мен әңгімелер, ағылшын һәм американ журналдары мен орфографиялық сөздіктер үйіліп жататын болды. Ол енді философтардың, теологтардың еңбектерін зерделей оқып, дүние мен адам хақында біртіндеп өзінің жеке түсінігін қалыптастыра бастады. Бұл үрдістің сатылы кезеңдері оның кітаптарынан көрініс тапқан.
Әрі қарайғының бәрі бір ғажайып түстегідей болған. Ірі ағылшын баспагері Джон Меррэй қолжазбамен танысып шығып, 1846 жылдың басында «Тайпи» романын жеделдете шығарып жібереді. Бұдан соң іле-шала кітаптың америкалық басылымы жарық көреді. «Адам жегіштер арасында өмір сүрген адам» ретінде Мелвиллдің атағы дүркіреп аспанға көтерілді.
Жұрт оның кітабын құныға оқып, ол жайында қызу пікірталас өрістеді, американ журналдары «Тайпиді» талқылаған рецензиялар жариялады. Олар жас авторды мадақтады, кейбіреулері сөкті. Шет тілдердегі алғашқы тәржімалар пайда болды. Бұл шақта көкірегіне өзінің жазушылық дарынына деген кәміл сенім ұялатқан «Ому» атты екінші кітабына кірісіп, оны 1846 жылдың аяғына карай тәмамдады. Қолжазба Англия мен АҚШ-та басылуға дереу алынып, Мелвилл бұл шақта үшінші кітапты («Марди») жазып жатты. Ол кәсіпқой әдебиетшінің азапты жолына түскен еді.
Америка әуел бастан теңізшілер елі болатын. Оның қалған дүниемен барлық сауда, экономикалық, саяси һәм мәдени байланыстары Атлант және Тынық мұхит арқылы жүзеге асырылды. Мал шаруашылығы дендеп дами қоймаған және әлі мұнай көздері ашылмаған Америкада етке, тоң май, былғары, жанар-жағармайға деген сұраныс негізінен кит аулау кәсібі есебінен өтелді. Кит майы тамаққа да, машиналарды майлауға да бірдей қолданылды, кит терісінен жетекші белдіктер (бүкіл өнеркәсіп су қуатымен жұмыс істеді) мен аяқ киім ұлтандары дайындалды, америкалықтардың кештері мен түндерін спермацетті шырақтар жарықтандырды. Ендеше, әлемдік кит аулау флотындағы 900 кеменің 735-і америкалықтарға тиесілі болғаны да таңданарлық емес. Нақ Америка теңіз романының Отаны болғандығының сыр-себебін де осыдан іздеген жөн.
Мелвиллдің барлық дерлік романдары («Марди», «Редберн», «Ақ Бушлат», «Моби Дик»,» «Израйль Поттер»), кейбір хикаяттары («Бенитте Серено», «Энкантадас», «Билли Бадд») мен бірқатар өлеңдері («Джон Марр және басқа матростар» жинағы) тұтастай немесе ішінара теңіздік жанрға қосыла алады. Бұл әбден қисынды. Теңіз саяхаты тіршілік-болмыстың Мелвилл тым тәуір білетін саласы болды.
Оның «Ақ Бушлаты» – флоттық ережелердің адамгершілікпен сыйыспас сойқандары туралы, қатардағы матростардың қасіретті тағдыры мен күйінішті талайы туралы кітап, әлеуметтік асқақ аңсар мен жаңашылдық рухқа толы кітап болды. Ол сол тұстағы америкалық әдеби теңізнамасының шыңына айналды. Бұл «Моби Дикке» барар жолдағы соңғы саты, ақырғы асу еді.
Еуропа сапарынан оралып келген Мелвилл 1850 жылдың 1 ақпанында Нью-Йоркте бұған дейін жалпы сұлбасы ойында мүсінделген «Моби Дикке» кірісті. Мелвиллдік әдебиет жауһарының шығармашылық тарихы мен толғағы аса күрделі болды. Қаржыдан тарыққан, қарыздары қысқан ол көпшілік көңілінен шығатын шытырман оқиғалы роман жазып шығуға тиісті еді. Бірақ оның бүкіл болмысы, көкірегінде қайнаған қыжылы, шынайы жазушылық ары, тарих пен қоғам алдындағы жауапкершілігі олай жазуға қарсы тұрды. Готорнға жазған хаттарында Мелвилл өзінің қалағанындай жазуға құқығы жоқтығына, соған қарамастан, мүлдем басқаша жазуға да шамасы келмейтіндігіне шағымданды. Осы жазушылық жан азабының арпалысы тым ұзаққа созылды. Суреткер Ақ Китпен емес, өз-өзімен шайқасып, ақыры өзін-өзі жеңіп шықты. Екі жылдық жанкешті еңбектің арқасында көпшілікке ұнамды шытырман оқиғалы роман емес, мүлдем басқа нәрсе – күрделі нышандар мен бейнелер жүйесінде Американың өткенін, бүгіні мен болашағын мүсіндеген ғажайып та ғаламат эпикалық туынды дүниеге келді.
Бойына көптеген сипаттарды жинақтаған осынау синтетикалық романда баяндаудың бұған дейінгі белгісіз, жаңа үрдісі алға шықты. Әрине, «Моби Дик», қалай болғанда да, шытырман оқиғалы шығарма, бірақ сонымен қатар, ол әрі «өндірістік», «теңіздік», «әлеуметтік», «пәлсафалық» және де, керек десеңіз, «тәрбиелік» роман. Бұл жайлардың бәрі кітапта көршілес, қатар өмір сүрмейді, олар бір-біріне кірігіп, астарлы нышандардың жүйесімен сабақтаса өріліп, ажырамас, терең мағыналы бір тұтастықта түзілген. Лықсып төгілген баяндау Шекспир ықпалы аңдалатын бірегей стилистикамен байланысып, сыншылар теңіз толқынына ұқсататын қайталанбас мелвиллдік тілмен сомдалған. Ресейлік мелвиллтанушы Ю.Ковалев та осы пікірді қуаттайды.
Сонымен, «Моби Дик» америкалық һәм әлемдік әдебиеттегі романтикалық символизм шыңдарының бірі екендігін жалпы жұрт жаппай мойындаған. Онда оқиғалар мен бейнелер, адамдық мінез-құлық пен мағлұмат-деректердің бәрі белгілі бір нышандарды меңзейтін астарлы мағынаға толы болып келеді. Сондай мысалдардың бірі – жұлдызды-жолақты ту көтерген кеме. Оны тарихтың тылсым суларында белгісіз айлаққа бет түзеген Америка деп ойлауға болар еді. Ол мақсатына жүзіп жете ала ма? Тағдыры қалай болар екен? Оқырман бұл нышанның құпиясын осылай шешеді, сол себептен де «Пекодтың» опат болуынан әлдебір қайғылы сәуегейлікті аңдайды. Романдағы бүкіл «китнама» философия, психология, социология һәм саясат суларында жүзіп жүрген Ақ Китке бастап алып барады. Сөйте тұра Мелвилл заманауи Американың экономикалық, саяси және әлеуметтік шындығынан еш ажырамайды. Негізгі нысана, басты нышан Құрама Штаттардың тағдыры боп қала береді.
Нышандық мәндердің бір тобы өзіне сеніп тапсырылған кеме мен күллі команданың (Измаилдан басқа) өмірін опат қылған капитан Ахавтың өлермен есуастығымен байланысты. Бір жағынан, бас кейіпкер деп те қарастыруға боларлықтай Ахав – аса күрделі, қайшылықты, астар-мәні көп тұлға. Оның бойында асқақ құпиялылық, қайтпас өрлік пен көзсіз ерлік, зұлымдыққа деген өршеленген өшпенділік біте қайнасқан. Сөйте тұра, сол зұлымдықты өзі жасауға да қабілеті шексіз. Әрі қойған мақсатына жету жолындағы жанкешті қайсарлығы, сол жолда кемені де, команданың һәм, тіпті, өзінің де өмірін құрбан етіп қиып жіберуге әзір қатыгездігі жан түршіктіреді. Романның көптеген беттерін толқымай, тебіренбей, толғанбай оқу қиын-ақ.
Әйткенмен де, замандастарының Мелвилл туындысын қабыл алмағаны таңдандырады. Романды шын жүрекпен түсініп, бағалағандар некен-саяқ болды. Ақыры Ақ Кит құрдымның түбіне кетіп, содан жарық дүниеге қайта қалқып шығып, барлық кереметін жарқыратып көрсеткенше үш ширек ғасыр өтіпті. Сол шақтан бері жұлдызы қайта жанған «Моби Дик» жүз жылға жуық уақыт бойы әлемдік әдебиет төріндегі өзінің құрметті орнынан төмендеп не әсте күңгірт тартып көрген емес. Ол Мелвилл өнернамасының шыңы боп қалып, оқырманды таңырқатып, тылсым ғажайыбына бөлеумен келеді. Сөз соңында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тәржімаланған «Моби Дик немесе Ақ Кит» қазақ оқырманына да жол тартқанын айтқан лазым.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»