Бірақ Тәуелсіздік болмаса қазақ халқының болашағы күмәнді екенін айтып, бодандық құрсауынан шығуды, еркіндік үшін күресті білімділікпен ұйымдастыра білген үркердей топ – Алаш ардақтылары өткен ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан еді. Биыл Алаш автономиясының және «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толды. Осыған орай Қостанайда зиялы қауым, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен мәдениет, білім беру салсы қызметкерлерінің басын қосқан «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Алаш қайраткерлері өткен ғасырдың 30-шы жылдары өздері саяси қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін халқы мен елінің білім, әдебиет, мәдениет, экономика, ғылым салаларындағы жауапкершіліктің барлығын арқалады, бодандықтан шығып, жеке мемлекет болуын армандады, сол үшін саяси талап қоя білді. Алаш қозғалысынсыз Тәуелсіздіктің тарихы болмас та еді. Конференцияны ашқан Қостанай педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл өткенін білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болатынын айтты.
– Алаш қайраткерлерінің әрекет-қызметі, идеясы, бағдарламасы ұлттық мемлекеттілігіміздің негізгі іргетасын қалады. Сондықтан Алаш ардақтыларын ұмытуға хақымыз жоқ,– деді Еркін Аманжолұлы.
Осы конференцияның өтуіне мұрындық болған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Бәйменова өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының ұлт үшін, халқымыз бостандығы үшін бәйгеге бас тігуі өткеніміздің ең жарқын беттерінің бірі екенін айтты. Конференцияда ғалымдар Алаш қозғалысының, «Алаш» партиясының, оның қайраткерлерінің Тәуелсіздік үшін күресі мен халқымыздың руханиятын биіктетудегі еңбегіне жан-жақты тоқтады.
– Алаш қозғалысы қайраткерлерінің төгілген қаны мен еңбегі текке кеткен жоқ. Олардың арманы орындалды. Біз қазір Тәуелсіз, гүлденген, бейбіт Қазақстанда өмір сүріп отырмыз. Сондықтан жас ұрпақ оларды және Алаштың дана қайраткерлерінің ұлы көмбесін ұмытпау керек, – деді Қарағанды мемлекеттік университеті этно-мәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының директоры, профессор Зәуреш Сақтағанова. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы Алаш қайраткерлерінің ұлт, тіл, дін, тарих туралы айтқандарының, ойларының барлығы да халқымыз болашағымен байланысты болғанын тілге тиек етті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, Қазақстан халқына одан бұрынғы Жолдауларында, сұхбаттарында тарихтан сабақ алатынымызды, сондықтан жас ұрпақ халқымыздың, Тәуелсіздіктің тарихын білуі керектігін еске салып отырады. Ой-арманы да, күресі де, қайғысы да халқының бостандығы туралы болған Алаш қайраткерлерінің де тарих туралы көзқарасы осыған саяды. «Тарих елдің айнасы, тарихтан ел өткен уақыттағы мінін көреді. Айна жоқ болса адам бет, аузын көре алмайды. Тарих жоқ болса, ел өткен күнін һәм мінін көре алмайды. Мінін көре алмаған соң өмірін оңдай алмайды. Оңдай алмаған соң мәжнүн болып құдыққа кұлайды» деп жазады Әлихан Бөкейханов. Демек, ұлттық кодты сақтау өткенімізді, тарихымызды білуге тәуелді,–дейді Аманжол Күзембайұлы. Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Алмас Әбсадық «Алаш» сөзінің этимологиясына, Алаш қозғалысының зерттелуіне тоқталды. Басқа да сөз алғандар Тәуелсіздік жолындағы күрес тарихының тағылымы мен оны жас ұрпаққа насихаттау үшін жасалатын жұмыстар жөнінде әңгіме өрбітті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ