Әлем • 03 Қазан, 2017

Қайшылыққа толы Каталония

369 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жексенбі күні өткен референдумда Каталония халқының 90 пайызы тәуелсіз ел болуды қолдап шықты. Испания билігі референдум өткізудің заңға қайшы екенін мәлімдеп, дауыс беруге келгендерді күшпен таратуға талпынды.

 

Қайшылыққа толы Каталония

The Guardian басылымның мә­лі­метінше, референдумға электо­рат­тың 42,3 пайызы қатысқан. Соның 90 пайызы, яғни 2,26 миллион каталониялық азаттық алуды жақтап дауыс беріпті. Жалпы, аймақта 5,3 миллион электорат бар. Каталония билігі құқық қорғау қыз­меткерлерінің референдумға арала­суы кесірінен 770 мың дауыстың жо­ғалып кеткенін айтып отыр.

Оқиғаның ізін ала Испания пре­мьер-министрі Мариано Рахой елде еш­қандай референдум өтпегенін мәлімдеп, Каталония билігінің әрекетін бас көтеруге балады. «Бүгін Ката­ло­ния­да тәуелсіздік жөнінде ешқандай референдум өткен жоқ. Заң өз күшінде қала береді», – деді ол. Өз кезегінде Каталония автономиялық аймағының прези­денті Карлес Пучдемон телеарна арқылы халыққа үндеу тастап, Каталония егемен ел болу құқығын жеңіп алғанын және референдум нәтижесі аймақтың парламентіне берілетінін хабарлады.

Каталония басшысы К. Пуч­де­мон­­ның айтуынша, осы қадам арқылы халық егемен ел атануға үлкен қадам жасады. Испания үкі­меті аймақтың мұндай әрекетімен келіспейтінін сөз жүзінде де, іс жү­зінде де дәлелдеді. Референдум өт­кізу жөнінде сыбыс шық­қалы ел­дегі конституциялық сот оның заңсыз екенін хабарлаған-ды. Құқық қорғау органдары Бар­селонада дауыс беруге арналған қа­­ғаз­­дарды тәркіледі. Испания ішкі іс­тер мини­стрлігі таратқан ақ­па­ратқа сүйен­сек, аймақтағы 336 дау­ыс беру учас­кесі жабылыпты.

Жексенбіде полиция қыз­мет­­кер­­лері референдумға жинал­ған­дар­­ды күшпен тара­туға талпынды. Каталония ден­саулық сақтау де­­пар­таментінің ақ­паратына сай, по­ли­ция мен бейбіт шерушілердің қақ­тығысы нәтижесінде 761 азамат және 2 құқық қорғау қызметкері түрлі деңгейде жарақат алған.

Референдумға орай Испания ЛаЛигасындағы «Барселона» мен «Лас-Пальмас» футбол командалары кезекті турдағы ойыны көрер­мен­сіз өтті. Каталониялық клубтың президенті Жозеп Бартомеу мұны елдегі жағдайға қатысты Испания билігінің әрекетіне қарсылық ретінде түсіндіреді. Екі команда арасындағы ойынның уақыты маусым басталмай тұрып-ақ белгіленіп қойылған-тұғын. Межелі мерзім жақындағанда «блауграна» тарапы матчты кейінге шегере тұруға Испания футбол федерациясына өтініш жасаған. Алайда «Барселонаның» өтініші аяқсыз қалып, кездесу белгіленген уақытта өтетіні мәлім болған. Бұған наразы «Барселона» клубының бас­шылығы матчты көрерменсіз өт­кізуге шешім қабылдапты. Фут­бол­ға қатысты қы­зық мұнымен бітпеді. «Лас-Паль­мас» ойыншылары жасыл алаң­ға Испания туы бейнеленген жей­демен шықты. Өз кезегінде «Барселона» Каталония байрағымен түс­тес жейдені киюді жөн көріпті.

Клубтың қорғаушысы Жерар Пике твиттердегі парақшасында Испания құқық қорғаушыларының әрекетіне наразылығын ашық біл­дірді. Пікірін әлеуметтік желі­ге бұрқырата жазатын Пике Каталония азаттығын басты қол­дау­­шылардың бірі. Жерардан бө­лек аймақтан шыққан белді фут­болшылар да туған жеріндегі жағ­дайға байланысты өз пікір­лерін білдірді. «Манчестер Сити» клу­бының бапкері Хосеп Гвар­ди­ола референдумды заңға сай деп есептейтінін жеткізді.

Human Rights Watch ұйымы Испания би­лігін өз азаматтарын құр­меттеп, күш қолданбауға ша­қыр­ды. The Guardian басылымы Ұлыбритания Лейбористер пар­тия­сының өкілі Эмили Торнберри құ­­қық қорғау қызметкерлерінің әре­кетін айыптады. Ал партияның басшысы Джереми Корбин Ұлыбритания пре­мьер-министрі Тереза Мэйді дағ­дарыстан шығудың саяси жолын та­буға шақырды.

Бельгияның премьер-министрі Шарль Мишель де Каталониядағы күш қолдануға өз наразылығын мәлімдеді. «Қатыгездік ешқашан ақталмайды», деп жазды Ш.Мишель твиттердегі парақшасына. Словения премьер-министрі Мирослав Церар Испаниядағы жағдайға алаң­дай­ты­нын мәлімдеп, мәселені саяси кел­іс­сөздер ғана шешетінін хабарлады.

Шотландия ұлттық партия­сы­ның көшбасшысы Никола Стерджен халықтың бей­біт түрде дауыс беруге құқығы бар деп есептейтінін жеткізді. «Тәуелсіздікке қатысты көз­қарас­тың әртүрлі болуына қара­мас­тан, бүгін куә болған оқи­ға­ны айып­тауымыз қажет. Сондай-ақ бі­реу жапа шекпей тұрып Ис­пания­ны мәселені бейбіт шешуге ша­қы­рамыз», деді ол. The Guardian га­зетінің пайымдауынша, Стерджен ха­нымның мұндай пікірінің өз се­бебі бар. Естеріңізде болса, 2014 жы­лы Шотландия тәуелсіздік алу жө­нінде референдум өткізген еді. Еуропалық одақ парламентінің мүшесі Ги Верхофстадт Испанияның ішкі мә­селесіне араласуды жөн көр­мегенімен, Каталониядағы күш қол­дануды айыптайтыны мәлім­деді.

Еуропадағы кейбір мемлекет­тер­дің ресми билігі әзірге Ис­па­ния­дағы жағдайға қатысты пі­кір білдіруге асығар емес. BBC арна­сы­ның пайымдауынша, мұның үш себебі бар. Әуелі, Еуроодақ ел­дері Каталонияның тәуелсіздігін қол­даса, өз еліндегі сеператистік қоз­ғалысқа дем береді. Екіншіден, тұрақ­тылық мәселесі бар. «Күр­дтер мен Қырымның бөлініп шы­ғу­ын қолдамаған мемлекеттер Ката­лонияны қалай қолдайды?», – деп жазады BBC. Арна үшінші себеп ретінде Еуроодақтың сепера­тис­тік қозғалысты әу бастан қол­да­май­тынын атап айтқан.

Ендігі жағдай қалай өрбиді? Каталония билігі алдағы 48 сағат ішінде тәуелсіздік жариялайтынын айтады. Мадрид референдумды заңсыз деп есептегендіктен, оның нәтижесімен келіспейтіні анық. Әйтсе де премьер-мини­стр Мариано Рахой келіссөздер жө­ніндегі әңгімеге емеурін білдірді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»