Қаржыландыру лизинг формасында төмендетілген пайызбен (8 пайызбен) 84 айға, ал жеңілдетілген төлем мерзімі 24 айға дейін беріледі. Сонымен қоса, кооперативтерге лизинг ұсыну бойынша бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтатын болсақ, кооперативтерге арнайы жеңілдетілген, яғни коперативтерден кепілдеме және аванстық төлем талап етілмейтін қаржыландыру механизмі жасалды. Коперативтер инвест-субсидия алу арқылы бизнесті жарты құнына құру мүмкіндігіне ие болады. Осы жеңілдіктің бәрін «ОҢТҮСТІК» АИО мен «Ырыс» микро қаржы ұйымы облыстағы кәсібін дөңгелеткісі келген әрбір кәсіпкерге ұсынып отыр.
Алдыңғы айда облыс әікімі Ж.Түймебаев кооператив төрағаларына 10 модульді сүт қабылдау бекетінің кілттерін салтанатты түрде табыс еткен болатын. Соның ішінде 7 модульді сүт қабылдау бекеті «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» МҚҰ тарапынан қаржыландырылған болатын. Айта кету керек, сүт қабылдау бекеттерін құрастырушы Шымкент механикалық зауытына да осы қаржы ұйымы қолдау көрсеткен.
Сонымен қатар, «ОҢТҮСТІК» Аймақтық инвестициялық орталықтың ықпалымен осы жылы өңірде 11 кооператив құрылды. Ал жыл басынан бері 567 млн теңгеге түрлі бағыттағы 28 кооператив қаржыландырылды. Мәселен, сомасы 63 млн теңге болатын құс шаруашылығындағы екі жоба, ет пен сүтті қайта өңдеу бойынша 133 млн теңгеге он жоба, ауыл шаруашылық техникасын алу үшін 180 млн теңгеге бес жоба, 181 млн теңгеге мал шаруашылығындағы он жоба және 10 млн теңгеге өсімдік шаруашылығындағы бір жоба қаржыландырылған.