Қазақстан • 03 Қазан, 2017

Лас-Вегастағы қанды жексенбі

942 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы жексенбі күнгі атыс Американың заманауи тарихындағы ең қанқұйлы оқиға ретінде тіркелді.

Лас-Вегастағы қанды жексенбі

Жергілікті шерифтің айтуынша, оқиға нәтижесінде 59 адам қаза тауып, 527 адам түрлі деңгейде жарақат алды.

Оқ атушы Стефен Паддок 28 қыркүйектен бастап Mandalay Bay қонақ үйінде 62 жасар Мэрилу Дэнлимен бірге тұрған. Оқиғадан соң санаулы сағатта полиция ол әйелді тауып, оның бұл жағдайға қатысы жоқтығын анықтады.

Оқиға күні Стефен Паддок қонақ үйдің 32 қабатындағы терезені жарып, концертке жиналған 20 мың адамға тоқтаусыз оқ атты. Куәгерлердің айтуынша, үздіксіз атыс 10 минутқа созылған. CNN хабарлағандай, Шериф Тодд Фасуло атқыштың қонақүйдегі бөлмесінен 23 қару, 1 жарылғыш және бірнеше мың оқ табылған.

Сонымен қатар, Шериф Джозеф Ламбардоның айтуынша, қылмыскердің Невада штатындағы үйінде 19 қару және түсініксіз электронды құрылғылар табылып, зерттеуге жіберілген.

Оқиға ізінен «Ислам мемлекеті» экстремисттік ұйымы оқиғаның жауапкершілігін өз мойнына алып, атқыш бірнеше ай бұрын ислам дінін қабылдады деп хабар таратты. BBC хабарлағандай, Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) атқыштың экстремисттік ұйымдарға қатысын әзірге растамады.

Шабуыл жасаған адам кім?

Стефен Паддок бұған дейін құқық қорғау органдарының назарына түспеген. CBS телеарнасының мәлімдеуінше, ол америкалық армияның құрамында ешқашан болмаған және әскери операцияларға қатыспаған. Қылмыскердің ағасы Эрик Паддок CNN арнасына берген сұхбатында болған жағдайға сене алмай отырғанын жеткізді.

«Ол ешқашан оқ пен қаруға қызыққан емес. Бұндай көлемде автоматтарды қайдан алғанын түсінбеймін, » - деді Эрик.

Сондай-ақ, ағайынды Стефен мен Эрик Паддоктардың әкесі кезінде ФТБ-ның ең қауіпті қылмыскерлер тізімінде болғаны белгілі болды. 1969 жылғы құжатта оның банк тонауды жоспарлағаны жазылған және суицидке бейімділігі атап өтілген. 

Себептер әлі белгісіз

Стефен Паддок не себептен адамдарға от ашқаны әзірге белгісіз. Паддоктың қандай да бір ұйыммен байланысы туралы ақпарат әзірге жоқ.

BBC-дің хабарлауынша, Лас-Вегас қаласы орналасқан Невада штатында қару қолдану туралы заң осал. Штат территориясында қару сату рұқсат етілген және оны алып жүру үшін арнайы лицензия керек емес. 

Биліктің көмекке келуі

Атыс біткеннен кейін Кларк округінің билігі жарақаттанғандарға көп мөлшерде қан керектігін жариялады. Ұзақ уақыт өтпей, әлеуметтік желілерде донорлық орталықтар алдында жиналған адамдардың суреттері пайда болды. Көмекке келген адамдардың көп болғаны сонша, еріктілер донорларға тамақ пен су әкеле бастады. Мемлекеттік мекемелердегі тулар түсірілді.

Куәгерлердің сөздері

«Жауған оқ ешқашан бітпейді деп ойладым. Айналаның барлығы қанға толды. Жолдасым екеуміз аман шыққанымызға сене алмаймын,» - дейді Кимберли Чилкот есімді азамат.

Ал Брайан Хопкинс есімді әйел болса Mandalay Bay қонақүйіндегі мұздатқыштың ішіне тығылу арқылы тірі қалғанын айтты: «Мұздатқыштың ішіне 30 шақты адам болып тығылдық. Бір бірімізді тыныштық сақтауға шақырдық.»

Атыстың тағы бір куәгері Корин Ломас концертте болған адамдардың батылдығы туралы айтты: «Барлығымыз оқтан тығылып тұрған сәтімізде, кейбіреулер ашық алаңда оқ тиіп жарақаттанғандарға көмектесуге тырысып, өз өмірлерін тәуекелге буды. Бұндай жақсы адамдар көп болды.»

Стефен Паддок туралы мәліметтер

Шериф Ламбардо Washington Post басылымына хабарлағандай, қонақ үйдің қызметкерлері Паддоктың бөлмесінде ешқандай күдікті заттар көрмеген; бөлмеде тек 10-нан астам чемодан болғанын айтқан.

Қару сатып алу құжаттары бойынша, Стефен Паддок бірнеше жыл ішінде Невада штатындағы Guns & Guitars дүкенінен 20-дан астам қару сатып алған. Дүкен қызметкерлері Паддок қаруларды заңға сәйкес алып, психологиялық сау адам ретінде көрінгенін айтты.

Паддоктың туыстары оның екі ұшағы және ұшу лицензиясы болғанын айтады.  Ол Лас-Вегасқа концерт көріп, құмар ойындар ойнауға жиі барып тұрған екен.

Қылмыскердің көршісі Дон Джуди оның үйінің өзгелерден еш айырмашылығы болмағанын айтты. «Қабырғаларында ештеңе жоқ, жиһазы да аз еді. Оның үйі студенттердің жатақханасына ұқсайтын. Бір күні Стефен үйінің алдына «сатылады» деген тақтайша шығарып, Лас-Вегасқа кетіп бара жатқанын айтты,» - деді Джуди.

Ислам мен терроризмді бөліп қарай бастады

Америкалық Vox.com сайты Дональд Трамп президентікке келгелі елде орын алған шабуылдарға шолу жасады.

Интернет-басылымның мәлімдеуінше, бұл уақыт аралығында америкалықтар көбінесе Ислам дініне және ислам террористеріне қатысы жоқ америкалықтардың қолдарынан қаза тапқан.

Мысалы, 20 жасар Огайо тұрғыны Шарлотсвилл қаласында (Виргиниа) өткен анти-расистік қозғалысқа шыққандарды машинасымен таптап өтіп, нәтижесінде 1 әйел қаза тауып, 19 адам жарақаттанды. Сонымен қатар, 28 жасар ақ нәсілді жігіт Балтимордан Нью-Йоркқа қара нәсілді адамдарды өлтіру үшін арнайы барған. Ол 66 жасар Тимоти Когманды атып, терроризм үшін айыпталды. Интернет-басылым осы секілді тағы да бірнеше қанды оқиғалардың тізгінін келтіреді.

Америкадағы шабуылдарға қатысты Вашингтондағы сараптамалық орталық үлкен зерттеу жүргізіп, 2001-2015 жылдары аралығында америкалық азаматтар көбінесе өз елдерінен шыққан экстремистердің қолдарынан көз жұмғанын көрсетті.

Ал 2017 жылдың маусым айында Reveal and the Center for Investigative Reporting орталығы «Радикал ислам террористері көбінесе АҚШ азаматтары» деген мәлімдеме жасап, сарапатамалық орталықтың жаңалығын дәлелдей түседі.

«Соңғы 15 жылда орын алған шабуылдардың біреуін де АҚШ-қа кіруге тыйым салған елдердің азаматтары жасаған емес. Зұлымдыққа толы экстремистік әрекеттерді істейтін тек мұсылмандар, иммигранттар немесе арабтар емес, бұның барлығын адам баласы өз қолымен істеп отыр,» деп хабарлады Vox.com.


Әзірлеген

Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»