Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Көршімен жақсы болғанның көңілі жай

4381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Түсі игіден түңілме» деген сөзді да­на бабаларымыз тегін айтпаған. Ақ­жар­қын, мейірбан жүзді адамның ішкі дүниесі де жарқын, жасампаздыққа құш­тар бо­латынын психолог ғалым­дар да дә­лелдеген. Керісінше, қабағы қа­­ту, түк­сиген адамдар тұйық, соған сәй­­­кес мі­незі де ауыр келеді. Мұндай адам­­­нан мейірімнен гөрі қатігездік көп шы­ғатынын да ғылым баяғыда-ақ­ айт­қан. 

Көршімен жақсы болғанның көңілі жай

Әрине, атамыз қазақ «мал аласы сыр­­­тында, адам аласы ішінде» дегенді де ­айтқан, бұл – ішкі дүниесінің қандай еке­ніне көз жеткізбей адамның сыртқы түріне алданба дегенге саятын нақыл.

Туысқан өзбек халқының жаңа пре­зи­денті Шавхат Мирзиёевтің түсіндегі ада­ми жылылық, жақындық ісінде де көрініс беріп, екі елдің арасындағы қа­рым-қатынасты жандандыруға бе­йілділік бар екені көрініп тұр. Қа­зақ­қа өзбектен жақын туыс жоқ, алай­да аймақтық қауіпсіздік, терро­ризм мен есірткі трафигіне қарсы күрес сияқ­ты істерде стратегиялық әріп­тес­тік жалғасып жатқанымен бұрын Қа­зақстанның экономикалық интеграция туралы идеяларына Өзбекстан жа­ғынан қызу қолдау бола қоймады. Сон­дықтан да екі елдің арасындағы белсенді қарым-қатынас біршама тосаңсып, тіпті Қазақстанда болған түрлі мәдени шараларға да Өзбекстан жағының қатысуы саябырсып қалған еді. Енді қазақ-өзбек қарым-қатынасы жаңа сападағы озық белеске шығатын сыңай танытып тұр.

Жуырда Өзбекстанға барған са­­­па­­­­рында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткізілген келіссөздер екі ел­ ­ара­сындағы дәстүрлі тату көршілік пен дос­тықты одан әрі тереңдетіп, ны­ғайта түсетініне сенім білдірді. Сау­­да-эко­номикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтардың дамуын қамтыған 10 екіжақты құ­жат­тар­ға қол қойылды. Екі елдің ара­сындағы ынтымақтастық бел­сенділігінің осылай тығыз болуы «Өз­бек – өз ағам» дейтін қазақ үшін таби­ғи жағдай. Ал Шавхат Мирзиёевтің «Мен­ Сізді мақтан тұтамын» дегені де­ ағайынды екі халықтың арасында ай­тылуға тиісті лайықты баға.  

Алтын, күміс, вольфрам, фосфорит, уран, молибден, табиғи газ және т.б қаз­ба байлықтарының қоры жөнінен әлемде алдыңғы орындардың бірін ала­тын Өзбекстанның экономикалық даму әлеуеті жоғары. Қазақстанмен ын­тымақтастықты тығыз орната отырып, әлеуетін озық әдіспен пайдалана біліп, халқының әл-қуатын арттыра түссе, оған қазақстандықтар риза болғаннан басқа не айтсын. 

Бұл ғаламда өзгермейтін дүние жоқ,­­­ бүгінгі таңда Өзбекстан елінің пе­йіл қақпасы ашылып, күпті көңілдер жа­дырап, жарқын істерге жол түсіп, туысқан екі халық бір-біріне қайтадан құшағын жая бастағандай болып отыр. Жаңа президент орынтаққа отырған бір жыл­ға жетпейтін уақытта Қазақстан бас­шысымен алты рет кездесті. Бұл бұ­рын болып көрмеген, аса үлкен на­зар аударарлық жайт. Сауда-эко­номикалық қатынастар 35 пайызға арт­қан. Бұрын жылдап көріспейтін мем­лекеттер басшылары енді жиі ұшы­расып, екі ел халқының өмір сүру сапасын арттыруға лайықты шешімдер қабылданып жатыр. Соның бір мысалы деп жуырда ғана, 2009 жылы қол қойылған халық­аралық автомобиль қатынасы бойынша келісімге енгізілген хаттаманың ра­ти­фикациялануын айтуға болады. Осының арқасында бұрынғы алты өткізу бекетіне тағы да екі бекет қосылып, екі елдің ірі қалалары арасында автобус­ маршруттары ашылып, халықтың барыс-келісі артатын болды. «Бармасаң, кел­месең жат боларсың» деп дана қазақ айт­пақшы ұзақ жылдар бойы шекараның ар жағындағы туыстарына, достарына бару қиын­шылық туғызып жүргендерге енді жеңілдік болды.

Ташкентке барған сапарында Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Ел-жұрт құрметі» орденімен марапатталғандығы да жақсы нышан. Әрине біздің Президент 1998 жылы Өзбекстанның «Айрықша еңбегі үшін» орденін алған. Бірақ ол кезде Қазақстан да өзінің «Ал­тын қыран» орденін И.Каримовтің кеу­десіне қадаған еді. Одан бері жиырма жылға жуық уақыт өтіп, көп нәрсе өзгеріп, көп сулар ақты...

Соңғы орден Қазақстан Прези­ден­тінің ортаазиялық ынтымақтастықты жандандыруға сіңіріп келе жатқан ерек­ше еңбегін бағалағандық екені көрініп тұр. Орден берілген жарлықта «Бауырлас екі ел арасындағы дәс­түр­лі достық пен стратегиялық серік­тес­­тік­ті тереңдету, кеңейту, сонымен­ қа­тар бейбітшілік үшін әлемдік қо­ғамдастықты нығайтудағы ұлы еңбегі үшін» делінгені де тегін емес. Әзірге бұл орденмен 26 адам марапатталса, соның ішінде шет мемлекеттер басшылары арасынан алған жалғыз Н.Назарбаев қана. Мәселе орденде емес, жылы ілтипат пен ыстық ықыласта. Туысқан халықтар бір-бірімен жақын болып, тату көрші бол­ғанға не жетсін? Қазақстан сыртқы саясатының жылдар бойы аңсағаны да сол ғой.