Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Асық: тәрбие һәм технология

6032 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің заманауи білім кеңіс­ті­гіне бет бұруы ұлттық педагогикада, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда уақыт та­ла­бына сай өзгерістер енгізуді қажет етеді.

Асық: тәрбие һәм технология

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық ба­с­уын, болашаққа сеніммен бет ал­уын қалаймын», деп жазған болатын. Яғни, мектепке дейінгі кезеңнен бастап ұлттық тәрбиені қалыптастыру, баланың физикалық және ой-өрісінің дамуын қамтама­сыз ететін жаңа технологияларды іздес­тіру өте өзекті. Осы орайда Ал­­маты қаласындағы №51 ба­ла­­бақша ұжымы ұлттық кодты қалыптастырудың педагогикалық құра­лы ретінде қарапайым асықтың мүм­кіндіктерін тиімді пайдаланып отыр. Жуырда республикалық тамыз мәслихаты аясындағы көрмеде атал­ған асық технологиясына қы­зы­ғушылық танытушылар да көп болды.

Педагогика және психология­ ғы­лымында мектеп жасына дейінгі балалардың жетекші әрекеті ойын екендігі мойындалып, білім берудің нәтижелілігі ойынның алуан түрлі­лігіне, оқу-тәрбие мақсатында үйле­сімді қолдануға тікелей бай­ланыс­та екендігі дәлелденді. Соған сәй­кес бүлдіршіндерді дамыту­ мақсатында қолданылатын тех­­но­логиялар да жеткілікті. Десе де, ұлттық кодты білдіретін педаго­гикалық әдістемелер мен ойындарды көре бермейміз. Бұл ретте №51 балабақшаның асық технологиясы бүгінгі бүлдіршінді дамытуға қажетті бірегей методикалық құрал екенін айтуға болады. Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес, заманауи тұрғыдан жаңғыртылған асық методикасына биыл 16 маусымда Әділет министрлігі автор­лық құқық туралы куәлік те берген екен. Асықты бар ынта-жігерімен ойнаған балалар жан-жақты дамитындығын дәлелдеген балабақша басшылығы бүгінде республикалық, қалалық және аудандық деңгейде семинарлар мен конференциялар өткізіп, төл тәжі­рибелерін бөлісуде.

Әлбетте, арғы заманда асық қазақ балаларының күнделікті ойыны болатын. Халқымыз қыз бала туса еліктің асығын, ұл бала туса арқардың асығын сыйға тартуды жақсылыққа балағаны белгілі. Қазір балалар балпаң ба­са бастағаннан-ақ ата-анасы жүйкесі тыныш болуы үшін қо­лына планшет беріп қоятынын кө­ріп жүрміз. Педагогтардың пайымына сүйенсек, бұдан ба­ланың зейіні тұйықталады, кө­зінің көру қабілеті төмендейді, жүйкесі жұқарады, төмен қарап отырғандықтан омыртқалары қи­саяды және кәдуілгі адами қа­рым-қатынасты ұмытады. Вир­туалды әлемге бой ұрған бала қор­шаған ортамен сөйлеспейді. Ал бұл балабақшадағы асық ойнай бастаған баланың бойындағы өзгерістерді ата-аналар күн са-йын байқай бастағанын айту керек. Яғни, бала еңкейеді, тұрады, үздіксіз қозғалыс дене сымбатына көмектеседі. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қабілеті дамиды, ұтып алған асығы көбейген сайын қуа­нады. Жанындағы өзі қатарлы балалармен бірге ұйымшылдығы мен тіл байлығын дамытады.

Осылайша, асықтың пайдасын іс жүзінде дәлелдеген балабақша ұжымы ата-аналармен бірге асық жинау акциясын жүргізген екен. Бүгінге дейін олар 3500 асық жинап үлгерген. Балабақша мең­герушісі Фарида Омарбекова асық­тың барлығы химиялық жолмен залалсыздандырылып, бала ден­саулығына зардабы жоқ бояу­мен боялған соң зертханада арнайы сараптамадан өткенін айтады.

– Біз асықты ойыннан бөлек оқу үдерісіне қостық. Бала боял­ған асықтың түрін бояу арқылы түстерді ажырата білуді үйренеді. Яғни, бүлдіршін ақ парақтағы шең­бер ішіне асықты бояуға малу арқылы нүктелер түсіреді. Сөй­тіп әр баланың қағазға түсірген бояуы түрлі кескінге айналып, бүл­діршіндерді қуанышқа бөлейді. Ал асықты ұяшықтарға салу баланың саусақ буындарына өте пайдалы. Балалар боялып, тесілген  асықты бір түстен кейін екінші түсті жіпке өткізіп, тізбектейді. Тізу арқылы бала түстерді бір-бірінен ажырата алады, қолының ұсақ моторикасы дамиды. Саусақтарымен жұмыс жасау арқылы, саусақтары иіл­гіш болып жаттығады. Мұның бә­рі баланың қиялы мен ойын, ұш­қырлығын, зейінін жан-жақты дамытады. Асық терапиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеу­ге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөз­дік-логикалық ойлау­ды сатылай қалып­тастыруға, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауға, сабырға, бір­лесе әрекет етуге тәр­­­­биелейді. Сон­дықтан жаңа маз­­­мұнды ойындар, жаттығулар құ­рас­тырып, оқыту барысында қолданамыз, дейді балабақша меңгерушісі Фарида Омарбекова.

Мәселен, балабақша тәрбие­шілері асық арқылы санау, құ­рас­тыру, асық үстінен жүру, мате­матикалық логикалық тапсырмаларды шешу, түрлі оқиғаларды ой­лап тауып, бала танымына қор­шаған әлем заңдылықтары мен оқиғаларын қызықты түрде жет­кізуге тырысады. Олардың айтуын­ша, асық ату ойыны арқылы мергендігін дамытуға, асықтан құрастырылған инновациялық дәс­түрлі тақтайшалар мен массажды  қолғаптар арқылы бала денсаулығын шыңдауға болады. Яғни, асық терапиясы көп нұсқалы болуымен де ерекшеленеді.

Сондай-ақ балалар құмның үстіне асықпен түрлі мазмұнды сурет­тер сала отырып, нені бей­нелегендерін айтып береді. Ай­талық, жеке-жеке отырғызылған бүл­діршіндерге белгілі бір пішін беріледі. Пішінді дәл сондай қа­лыпта боялған асықтармен құрас­тырып шығулары тиіс. Бұл тапсырма балалардан ұқыптылық пен­ мұқияттылықты талап етеді. Тапсырманы орындау барысында балалар пішіннің көлемімен қатар оның ішінде берілген түстерден жаңылмауы тиіс. Ересек топтар үшін тапсырма қызықты әрі пайдалы. Баланың логикалық ойлауы, көзбен көру арқылы есте сақтау қабі­леті артады, эстетикалық тал­ғамы дамиды және бір-бірімен бәсекелесіп орындау барысын­да шапшаңдыққа үйренеді. Асық­тан құралған тақтайшалармен жү­ру арқылы балалардың аяқ, қол еті қатаяды, қабілеті артады.­ Табандағы жүйке нүктелері арқы­лы ойлау қабілетінің дамуына, жалпақтабанның алдын алуға болады.

– Бұл – асық терапиясының бас­тапқы нұсқасы. Біз алдымызға мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқы­ту стандарты мен үлгілік бағ­дарламасына сай барлық білім сала­сында қолдану мүмкіндігін ашу, түрлендірудің теориясы­ мен әдістемесін дайындау, тұжы­рымдамасын негіздеу мақсатын қойып отырмыз, – дейді Фарида Омарбекова.

Тақырыпқа орай

Асық – төрт түлік пен аңдардың тілерсегіндегі қызметі күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес келеді. Ал жылқы асы­ғы басқа пішінде болады. Халқымызда «Ханталапай», «Үш табан», «Шеңбер» сияқты түрлі асық ойындары бар. Ойын кезінде асықтың сыртқы пішіндері үлкен рөл атқарады. Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі. Тәйке (тауа) – асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Бұл екінші дәрежелі мәнге ие. Бүге (бүк) – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Бұл үшінші дәрежелі мәнге ие. Шіге (шік) – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Бұл төртінші дәрежелі мәнге ие. Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі. Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі. Сомпы – асық тұмсығының көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі. Табан – асықтың тәйке жа­ғы. Оңқай – асықтың бүгесі ала­қанға қарап, тәйкесі оң қол бас бар­мағына басылып ыңғайлы ұс­талуы. Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады. Солақай – асықтың шігесі сыр­тқа қарап, алшысы оң қолдың бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады. Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, межемдісінен, салмақтысынан, оңқайынан бел­гіленеді. Солақайлар сақаны сола­қай асықтан ұстайды. Асық­пен ойын балаларды ертеректе шеберлікке, мергендікке, батыл­дыққа, шешім қабылдауға, ырымға, ырысқа тәрбиелеу құралы болды. 

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»