Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Теңіз мұнайы – елдің игілігі

683 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда «KIOGE -2017» қазақстандық халықаралық «Мұнай және газ» көрмесі мен конференциясы өз жұмысын бастайды. Осымен жиырма бесінші рет өткелі отырған көрме-конференция мұнай-газ нарығындағы небір жағдайды талдап, талқылайтын келісті пікірсайыс алаңы ғана емес, жаңа жабдықтар мен озық технологиялар жетістіктерін көрсететін интерактивті алаң ретінде халықаралық мұнай бизнесінде өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Айтулы басқосуға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін кәсіби мамандар тек өндірісті дамытудың жолдарын ғана емес, экономиканың күретамырына айналған мұнайдың әлеуметтік салаға ықпалын, оны жақсартудың жолдарын, сондай-ақ осы бағыттағы оңды тәжірибелерді ортаға салады. Ұзақ жылдардан бері «KIOGE»-ге сенімді серіктес болып келе жатқан «Теңізшевройл» (ТШО) кәсіпорны да өзі орналасқан Атырау облысы мен республиканың әлеуметтік саласын жақсартуға небір жобаларды жүзеге асыру арқылы үлес қосып келеді. 

 

Теңіз мұнайы – елдің игілігі

Келер жылдың сәуір айында құрылғанына жиырма бес жыл толатын біздің кәсіпорын үшін корпоративтік жауапкершілік Атырау облысы мен Жылыой ауданында өз қызметін жүргізудің негізі болып табылады. Біз үшін корпоративтік жауапкершілік тек қоғам мен қызметкерлерге қосқан үлес қана мен емес, ол – этика, қоршаған ортаны қор­ғау бойынша міндеттеме, біз­дің қызметкерлермен, мемле­кеттік органдармен, жергілікті жұрт­шылықпен қарым-қаты­нас жасау ережелері. Біз өз қызметіміздің нәтижесі адамдар өмірінің жақсаруынан көрінуі үшін күш саламыз. Осы ретте ТШО бизнестің корпоративтік жауапкершілік принциптерін негізге ала отырып, бірқатар мақ­сатты бағдарламаларды жү­зеге асыру арқылы қаржыны Аты­­рау облысындағы әлеумет­тік саланы дамытуға бағыттап келеді.

Кәсіпорын өз қызметінің алғашқы кезеңінде 50 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны құрайтын бесжылдық «Атырау Бонус Қоры» бағдар­ламасын жүзеге асырды. Келісім бойынша, қор қаржысын қандай нысандар салуға жұмсау қажет­тігі Атырау облыстық әкім­дігімен ақылдаса отырып ше­шіл­ді. Осы тәртіп әлі де жалға­сын табуда. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін кәсіпорын жер­гілікті әкімдікпен бірлесе отырып, облыс тұрғындары үшін бірін­ші кезекте не керектігін анық­тау негізінде нақты шешім қабыл­дады. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында аталмыш бағдарлама халық қажетін өтеуге көп септігін тигізді. Облыста нау­байхана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, су тазарту қондырғысы, аурухана, емхана сияқты бірінші кезектегі нысандар салынып, тұрғындар игілігіне берілді.

Облыс жұртшылығына ойда­ғыдай қызмет еткен бағдар­лама аяқталысымен, орнына «Игілік» атты ерікті бағдарлама келді. Бұл – 1999 жыл болатын. Алғашқыда жылдық қоры 4 миллион АҚШ долларын құраған бағдарлама ТШО-ның негізгі өндірісі тарапынан қаржыландырылатын әлеуметтік инфрақұрылымдық бағдарлама болды. Содан бергі арада өткен он сегіз жылда кәсіп­орын осы бағдарлама арқылы өзі орналасқан Жылыой ауданының, жалпы Атырау облысының әлеу­меттік инфрақұрылымына оңды өзгеріс әкелді. Шетел инвесторын тартудың тиімділігін дәле­деуге септігін тигізді. «Игі­ліктің» бастапқы бюджеті 2003 жылға дейін 4 млн АҚШ доллары көлемінде болса, келесі үшжылдықта 8 млн, одан кейінгі үш жылдықта 12 млн АҚШ долларына жетті. Ал, 2009-2012 жылдар аралығында жылдық бюджет 20 млн АҚШ долларын, 2013 жылдан бастап осы күнге дейін бұл көрсеткіш 25 млн АҚШ долларына өсті.

Иә ТШО «Игілік» бағдар­ламасы арқылы бүкіл Атырау облысы халқына пайда беретін және ол жобалар тапсырысқа берілгеннен кейін кәсіпорынның үздіксіз техникалық және қа­ра­жаттық қолдауын қажет етпейтін ең маңызды жобаларды қаржыландыруымен ерек­шеленеді. Өткен жылдар ішінде бағ­дарлама Қазақстанның мұ­найлы өңірі – Атырау облы­сындағы әлеуметтік инфра­құрылымның дамуына қуатты серпіліс берді. Атына заты сай бағдарлама деп танылды. Облыс орталығының көркін кіргізетін бірқатар заманауи ғимараттар, көп функциялы медициналық клиникалар мен орталықтар, соңғы үлгімен жабдықталған мектептер мен басқа да білім беру мекемелері және мәдениет үйлері бой көтерді. «Игілік» бағдар­ламасы су жеткізу және қуат тасымалдау жүйелерін жаң­ғыртуға, қала шағын аудандары мен ауылдардың көптен күткен газбен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді. Бүгінде аталмыш бағдарламаның игілігін атыраулықтар көптеп көрді десек, жаңылыспаймыз. Ең бас­тысы, Атырау облысы тұрғын­дарының қажеттіліктері мен әлеуметтік мәселелерін ше­шуге қажет жобалар кең ауқым­ды таңдау мен бағалаудан өтеді. Таңдалған жобаларды баға­лауға сырттан сарапшылар тартылады. Мұндай зерттеу әр үш жыл сайын жүргізіледі. Осын­дай бірлескен жұмыс қорытын­дысымен ТШО «Игілік» арқылы қаржыландырылуы ықтимал жобалар тізімін жасайды. Кейін кәсіпорын демеушілік ететін, халық үшін ең пайдалы деп табылған жобалар ТШО бас директоры мен Атырау облысы әкімі тарапынан расталып, бекі­тіледі.

Бағдарлама арқылы қаржы­ландырылып, ел игіліне беріл­ген жобалардың қай-қайсы­сы да маңыздылығымен құн­ды. Мәселен, Теңіз кен ала­ңы­на жақын орналасқан әрі кә­сіпорынның көптеген қыз­мет­кері тұратын Құлсары қала­сында денсаулыққа және қор­ша­ған ортаға келетін әсерді баға­лау мақсатында арнайы зерттеу жүргізіліп, мұндағы су са­пасының төмендігі әрі су же­лісінің жұмысы сын көтер­мейтіндігі анықталды. Жан- жақты жүргізілген зерттеу негі­зінде жиналған ақпарат нәти­жесінде қаланың су жүйесін ауыс­тыру ұйғарылды. Түп негізі тұрғындар денсаулығын сақ­тауды жақсартуды көздеген жоба 4 жылға созылып, бүгінде ел игілігіне айналды.

Әріге бармай-ақ, 2016-2017 жылдар дерегіне сүйенсек, «Игі­ліктің» қаржысына облыс­та 7 балабақша, 3 мектеп, 3 мәдениет үйі, 3 спорт және дене шынықтыру кешені пайдалануға берілді. Ал биылғы оқу жылында Атырау қаласында жаңадан бой көтерген Нұрсая шағын ауда­нынан 624 орындық ағыл­шын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия алғашқы қоңырауын соқты. Гимназия заманауи талаптарға сай келе­тін спорт алаңдарымен, кітап­хана, асханасымен, тиісті жаб­дықтарымен бірге тапсырылды. Алда атыраулықтардың демалыс орнына айналатын, Жайықтың бойынан орын тепкен Ретро-саябақтың құрылысын аяқтау міндеті тұр.

Иә нақты дерекке сүйенсек, «Игілік» бағдарламасы қолға алынған 1999 жылдан бері шамамен 250 млн АҚШ долларына ел қажетіне жарайтын 130 жоба іске қосылды, мыңнан аса жа­ңа жұмыс орны ашылды. Ал кәсіпорын құрылған 1993 жыл­дан бері Атырау облы­сының әлеуметтік және инфра­құрылымдық дамуына, тұрғын­дардың өмір сапасының артуына қосқан үлес 1,3 млрд АҚШ долларынан асты.

Ел игілігіне айналған «Игілік­тің» қатарын 2010 жылы жылдық қоры 1 млн АҚШ долларын құрай­тын әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы толықтырды. ТШО бұл жобаларды үкіметтік емес ұйым­дармен бірлесе отырып немесе мердігерлерді тарта отырып жүзеге асырады. Ең бастысы, кәсіпорын аталған жобаларды тек қаржыландырып қана қоймай, оларды орындау барысында басынан аяғына дейін тікелей өз бақылауында ұстайды. Бағдарлама шеңберіндегі жоба­лардың қай-қайсысы да Атырау облысының денсаулық сақтау және білім беру салаларына қолдау көрсетуді көздейді. ТШО серіктестерімен бірге аталмыш бағдарламаны жетілдірді жә­не бүгінде ол жұртшылық пен өндірістің қажеттіліктері мен мақсаттарына сай келе­ді. Мәселен ТШО 6 жыл қата­рынан Қазақстан отбасылық дәрі­герлері ассоциациясымен бірігіп, Атырау облысының жұрт­шылығы мен медициналық қызметкерлерінің артериялық гипер­тензия мен жүрек-қан тамырлары ауруларын бастап­қы кезеңде анықтау туралы хабар­дарлығын арттыруға бағыт­талған жобаны іске асырып келеді. 2016 жылдан бері Ор­талық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) «Жарқыра» атты әлеу­меттік кәсіпкерлікті дамыту жобасын жүзеге асыруда. Бағдарлама әлеуметтік кә­сіп­керлікті қолдаудың то­лық циклін қамтиды. Ал, ха­лықаралық «PYXERA GLOBAL» үкіметтік емес ұйы­мы 2012 жылдың нау­рыз айынан бері «Ынтымақ» атты қауымдастықты дамыту бағ­дар­ламасын жүзеге асы­ру­да бізбен серіктес болып келеді. Жоба аясында жастар, орал­ман-әйелдер мен ерек­ше қажеттіліктері бар адам­дардың кәсіпкерлік дағды­ларын күшейтуге баса назар аударылады. Ұйым ағылшын тілі клубының кеңеюіне, аз қам­­тылған отбасылар мен кө­мекке зәру адамдарды қол­дау­ға ерекше мән береді. Одан бөлек «Ынтымақ» жобасы ТШО қызметкерлері мен олар­­дың отбасы мүшелерін тарта отырып, ерікті іс-шара­лар мен қаражат жинау шарала­рын ұйымдастыруда. Ақпа­раттық технологиялар дәуірінің қоғамы (АТДҚ) жобасы Атырау қаласы мен Жылыой ауданы хал­қының ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы білім сапа­сын көтеруді көздеді. Жобаға 2016 жылдан бастап 39 ұйым­нан 843 адам қатысты. Оларға ақпараттық технология жөнінен 345 рет тақырыптық оқулар ұйымдастырылды. Мұн­дай жұртшылықтың қызы­ғушылығын туғызып, пайдасын тигізген жобалар алда да жал­ғасын табары сөзсіз.

Кәсіпорын ұлттық құнды­лықтарды насихаттап, төл мәде­ниетіміздің айшықты тұстарын дамытуға да ден қойып келеді. Тоғыз жыл қатарынан облыс­та ақындар айтысын өткізіп, небір таланттардың қанат қа­ғуына ықпал еттік. Кәсіпорын демеушілігімен өткен жыраулар сайысы да көп көңіліне жол тапты. Жергілікті журналистердің шығармашылық деңгейін арттыруды көздейтін журналис­тер конкурсы да жұртшылық қолдауына ие болуда.

Осындай көп қажетін өтейтін әлеуметтік бағдарламаларды жү­зеге асырудағы жетістіктері үшін ТШО республикалық «Парыз» сайлығының күміс, алтын және бас жүлделерімен марапатталды. Бұл Теңіздей алып кеніштің байлығын ел игілігіне жұмсауды көздеген кәсіпорын қызметіне деген құрмет!

Атырау облысының әлеумет­тік тұрғыда жаңғыруына атса­лысу – «Теңізшевройлдың» бас­ты мақсаты. Біз бұл мақсаттың осындай нақты, ел қажетін өтейтін маңызды жобаларды жүзеге асыру арқылы орындалып келе жатқандығын мақтан тұтамыз. Қазақстанның ертеңін бүгінгіден де кемел етуді көз­дейтін кәсіпорын 1993 жылдан бастап, 2017 жылдың 1-ші жар­тысына дейінгі аралықта Қазақстан қазынасына тікелей төлемдер түрінде 121 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы құйды. Тек осы жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 4,3 миллиард АҚШ долларынан асты.

Өткен жиырма төрт жылда өз қызметкерлері мен жергілікті тұр­ғындардың игілігіне арналған түрлі əлеуметтік жобаларға 1,3 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Мұндай жетістік өндірістік деңгейдің артуы­мен тікелей байланысты екендігі сөзсіз. Мәселен, үсті­міздегі жылдың бірінші жарты­сында мұнай өндіру көлемі 14,59 миллион тоннаға (116 миллион баррель) жетті. Ал мау­сым айында кәсіпорын үлкен жетістікке, яғни өзі құрылған 1993 жылдан бері 3 миллиард баррель мұнайға қол жеткізді. Алда да кәсіпорын өзінің өнді­рістік әлеуетін арттыру арқылы ел экономикасына, оның әлеу­мет­тік инфрақұрылымына тиісті үле­сін қоса беретініне сенім мол.

 

Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ,

«Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкімет және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері