Аймақтар • 04 Қазан, 2017

Жас отбасыларға жатақхана берілді

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аягөз қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға арнап салынған 50 пәтерлі жатақхана пайдалануға берілді. Олардың көптен күткен қуаныштарына облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі ортақтасып, баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті. 

 

Жас отбасыларға жатақхана берілді

Жастар үшін салынған бұл жатақхананың Аягөз қаласында 1993 жылдан бері алғаш рет бой көтерген тұрғын үй еке­нін айта кетейік. Баспаналы бол­ған жас жұбайлар бес жыл бойы осында тұрып, тек ком­му­налдық төлемдерді ғана өтей­ді. Осы аралықта «Тұрғын­үйқұрылысжинақбанкіне» салым жинап, ипотека ресімдеуі тиіс. 

«Бұл пәтерде қарындасым екеуіміз тұрамыз. Өзім балалар үйінен түлеп ұшқаныммен, жұ­мысты да сол жерден тап­қанмын. Ата-ананың қамқор­лығынан айырылған жандарға мемлекеттің осындай қолдау көрсетіп жатқанына ризамыз», дейді «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізген жастардың бірі Жандос Сейітқазин.

Аягөз ауданында жасаған жұмыс сапары барысында ай­мақ басшысы өңірдің білім саласы үшін маңызы зор жағым­ды жаңалықты жеткізді. Келесі жылдан бастап Шығыс Қазақ­станда «Туған мектеп» атты бағдарлама қолға алынып, облыстағы 297 білім орда­сының материалдық базасы Назарбаев зияткерлік мек­тебінің деңгейімен теңес­тірілмек. Соны­мен қатар осы бағдарлама аясында 190 робот тех­никасы сыныбы ашылатын болады.

 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан» 

Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы