Комитеттің көшпелі отырысын ашқан Д.Назарбаева Елбасы еліміздің қорғаныс қабілеттілігі мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әскерлердің дайындық деңгейін арттыруға, әскери техниканың жаңғыртылуына ерекше назар аударатынын атап өтті.
Жиында еліміздің Әскери-Теңіз күштерінің қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов, ҰҚК Төрағасының орынбасары-Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті А.Түрікпенбаев сөз сөйледі.
Өз кезегінде Д.Назарбаева Батыс аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық маңызын атап өтті. Сенатор еліміздің шекара қызметі мен әуе қорғанысын нығайтудың үш жылдық бағдарламасын әзірлеу қажеттігін еске салды.
Д.Назарбаеваның пікірінше, браконьерлікпен күрес, отандық кеме жасау, әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, шекара қызметіне әскери бөлімше орналасқан жерлерден жер телімдерін беру мәселелері тезірек шешуді талап етеді. Сондай-ақ Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Д.Назарбаева Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының қатысуымен Сенатта дөңгелек үстел өткізуді тапсырды.
Ақтауда болған кезінде сенаторлар әскери-теңіз базасында, теңіз жаяу әскері бригадасында, әуе қорғанысы нысандарында, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты мен теңіздегі солтүстік терминалда, Түрікменстанмен шекарадағы техникалық байқау бекетінде және «Құрық» портында болды. Депутаттарға Шекара қызметінің және Әскери-Теңіз күштерінің «Сарбаз», «Қарағанды», «Алатау», «Орал» кемелері, сондай-ақ теңіз бөлігіндегі мемлекеттік шекараны қорғау және күзетуде шекарашы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл тәртібі көрсетілді.
Сенаторлар Ақтауда «Дарын» бейімдеу мектебінің жұмысымен және материалдық-техникалық базасымен де танысты.
«Самұрық-Қазына» қоры іске асырған «Менің елім» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысындағы зағип балаларға арналған 4 бейімдеу мектебі арнайы жабдықтармен және әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілді. Айта кетейік, ай соңына дейін Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 25 мектепті тиісті құралдармен жабдықтау жоспарланып отыр.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы