Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Коммуникация мәселелері талқыланды

1190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиын мемлекеттік қызмет көрсету, ақпарат жинауды және ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту мәселесіне арналды. 

 

Коммуникация мәселелері талқыланды

Кеңес отырысында әлеу­мет­тік жарнамаларды орналас­тыру, бұқаралық ақпарат құрал­дарындағы қазақ тілінің жағ­дайы, «Ашық үкімет» порталын дамыту сияқты бірқатар мә­селелер талқыланды. 

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлінің ақпаратына сүйенсек, отандық телеарналар эфир уақытының 1 пайызын әлеуметтік роликтерге бөлуді жоспарлап отыр. Яғни, күніне 2 мезгіл 45 секундтық бейне­көрсетілім кешкі уақытта кө­рер­мен назарына ұсынылмақ. Е.Нә­шірәлінің пікірінше, мұндай әлеуметтік роликтер отбасы құн­дылықтарын, адамгершілікті және патриотизмді насихаттайды. 

«Qazaqstan» РТРК» басшысы Ерлан Қарин теледидар көру рейтингін анықтаудың кем­шіліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі жүйе нақты жағдайды көрсетпейді. 

«БАҚ саласындағы мем­ле­кеттік тілдің дамуына ық­пал ететін фактор – зерттеу компанияларының нәтижесінің сапасы. Алайда олар келтірген рей­тинг шындықтан алшақ жа­тыр. Мысалы, «TNS Central Asia» компаниясы зерттеуді ірі қа­лаларда тұратын 2200 тір­кел­ген абоненттер арасында жүр­гізген. Респонденттердің 58 пайызы қазақтілді. Қазақтілді аудиторияның басым бөлігі қалаларда емес, шет жақта, 
ауылдарда тұрады. Сондықтан, олардың талғамдары ескерілмей қалады», – деді Е.Қарин. 

«Qazaqstan» телеарнасы бас­шысының пайымдауынша, нақты рейтингке қол жеткізу үшін зерттеуді түрлендіру қа­жет. Ол сауалнама, блиц-интер­вью, әлеуметтік зерттеулер жүр­гізіп, фокус топтармен жұмыс істеу керектігін айтты.

Отырыс барысында ұлттық доменді ауыстыру мәселесі де сөз болды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Исин «kz» доменін «qz»-ге өзгер­ту­ді ұсынды. Ол ертерек қимыл­да­ма­са, «qz» доменін басқалар ием­деніп кетуі ықтимал екенін ай­тады. 
«Ұлттық доменді жаңа әліп­биге сәйкес латынша «qz»-ге ауыс­тыру қажет. Бұл мәселені тез шешкеніміз жөн. Сондықтан, осы­ған жауапты мекеме ICANN-ға сұраныс жіберілуі тиіс», – деді Н.Исин. 

Жиында «Ашық үкімет» порталының жұмысы да тал­қыланды. Бұл жөнінде Ақ­парат және коммуникациялар министрлігінің БАҚ сала­сын­дағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары Бекзат Рахимов баяндама жасады. Оның айтуынша, портал қазіргі таңда екі тілде қажетті ақпараттарды таратып отыр.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»