Барша қазақстандық жастар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құндылығы зор бағдарламалық мақаласынан үлкен жігер, болашаққа деген сенім алды! Президентіміз «сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс» деп жастарды заман талабына сай жан-жақты болуға үндеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы Н.Ә.Назарбаев дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолында жастардың қосар үлесі орасан зор маңызға ие екендігін баса көрсетті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу әрқашан ана тілді қастерлеуден бастау алады. Әлемдегі инновациялық жаңашылдықтардың барлығы ең алдымен латын графикасында шығады. Яғни бұл ақпаратты технологияларды жетік меңгерген жастарға ыңғайлы тәсіл екені анық.
Латын әліпбиіне көшу – біздің тәуелсіз еліміздің ерікті таңдауы. Қазақ халқының иірімі мол, құнарлы тілі өзгеріске де өте икемді. Бүгінгідей қайта жаңғыру талабы қойылып отырғанда, ғылым мен техниканың көз ілеспес жылдамдықпен дамып бара жатқан кезеңінде пайда болып отырған жаңа терминдер мен атаулар дәл осы латын таңбасына қолайлы екенін аңдатып отыр. Қазіргі заманауи ғылымның тілі де латын қарпімен тікелей байланысты. Ағылшын тілінің үстемдігі дәуірлеп отырған заманда ақпарат пен әдебиеттің тілі де осы латын болып отыр, жер-жаһанның халқы техника мен руханияттың жаңалығын осы таңба арқылы түсінеді. Ендеше буырқанысқа толы бүгінгідей жаһандану үдерісінен қазақ қоғамы да сырт қала алмайды. 24 сағат өмірі компьютермен байланысты жастардың латын әрпін ауырсынбай қабылдап, қолдайтынына еш күмәнім жоқ. Жаңа биікке секіріс жасағалы тұрған бұл қадамның қазыналы тілімізді одан әрі байытып, қолданыс аясын кеңейте түсетіні сөзсіз.
Еркебұлан ДАЙЫРОВ,
актер, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты
Алматы