Енді міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы адамзаттық алып көш-керуеннің алдынан көрінуге ден қойдық.
Алла қаласа, ана тілімізді латын қарпіне көшіреміз. Қорқақтайтын ешнәрсе жоқ, өткен ғасырдың сонау отызыншы жылдары латын қарпімен сауатын ашқан менің апам кеңестік әскер қатарында жүргенімде латын қарпімен хат жазатын. Мектепте неміс тілін оқығандықтан мазмұнын көп қиналмай-ақ түсінетінмін. Бара-бара өзім де апама латын қарпімен сәлем хат жолдауға көштім.
Апам айтып отырушы еді, жаз маусымында ауылға Үштөбеден Қызыл отаудың екі мұғалімі келіп, бүкіл тұрғындарға киіз үйдің ішінде тіл сындыртып кетті деп. Анам осылайша ғұмыр бойы латын қарпімен жазып, сызып жүрді. Қазіргі кезең мен ол заманның арасы жер мен көктей емес пе? Интернет арқылы жер-жаһанмен жарасып отырған біздер өткен ғасырдағы ата-аналарымыздан қалыс қала қоймаспыз. Шығармаларымыз оқылмай қалады деген бекер сөз. Ағылшын, я орыс тіліндегі мұрты бұзылмай жатқан кітаптар қаншама?! Құнды дүние қай тілде жазылмасын еленбей қалмайды.
Біз үшін және бір тиімділігі, мемлекеттік тілімізді үйрене алмай жүрген қайсыбір отандастарымыз көзтаныс латын тіліне негізделген қазақ тілін жеңіл меңгереді. Ең бастысы, латын қарпіне көшу арқылы тек түркітілдестерге ғана емес, әлемнің сексен пайызға жуық елдеріне интернет желісі арқылы жақындай түсеміз. Сондықтан да Жетісу өлкесінің жұртшылығы бұл дәуірлік бастаманы куана толайым кұптап отыр. Біз келешегі кемел халықпыз!
Әміре ӘРІН,
Алматы облыстық «Жетісу»
газетінің бас редакторы