Депутаттар Заң жобасын талқылау барысында Ұлттық экономика министрлігіне бірқатар мәселелерді қойды. Жалпы отырыста қаражаттың игерілмеуі, тиімсіз орындау және квазимемлекеттік сектордың қаржыларын бақылау туралы айтылды.
- Бюджет қаржыларының тиімсіз игерілуіне қатысты нақты өлшем болу керек. Әйтпесе, сіздер Бюджет Кодексінде түсінік ретінде ұсынып отырған «нәтижелілік», «жауапкершілік», «перспективті» сияқты жалпылама сөздер ауқымды мемлекет қаржысын бөлу кезінде нақты дәлел бола алмайды. Өйткені, олардың ешқайсының тәжірибелік, қолданбалық сипаты жоқ. Ал, субьективті бағалаудың соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Егер қаржы бір мемлекеттік органнан басқа органға қайта бөлінетін болса, не үшін олай болғанына, не себептен тиімсіз орындалғанына және соңғы нәтижесінің қалай болғандығына жауап беруіміз керек. Осыдан кейін ғана жеке жауапкершілікке қадам жасай аламыз,-деді Мәжіліс Спикері Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке.
Одан әрі Н. Нығматулин екінші оқылымға дейін «тиімсіз орындау» түсінігінің қаржыгерлерге де, қарапайым азаматқа да түсінікті нақты анықтамасын тұжырымдау қажеттігіне тоқталды.
Талқылау кезінде квазимемлекеттік сектор қаражаттар көлемінің Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде ғана келісілетіндігі сынға алынды. Спикердің айтуынша Президент бірнеше мәрте Үкіметке бақылауға алуға тапсырған мемлекеттік займ мәселелері тағы да министрлік деңгейіне түсіп отыр. Министрлік ұсынып отырған редакция Елбасының бюджетті бақылау жөніндегі нұсқауларымен сәйкес келмейді. Сондықтан, бұл норманы Президент тапсырмасын есепке ала отырып, қайтадан тиянақтау қажет.
Талқылауды қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы заң жобасының бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыруға және бюджеттік рәсімдерді оңайлатуға бағытталуының маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты Н.Нығматулин бюджет қаражатын игерудің тиімділігін қатаң бақылауға алу керектіне баса назар аударды.
-Бізге нақты нәтиже керек. Ол тұрғын үйлер, мектептер, бала-бақшалар, ауруханалар салу. Сонда ғана Елбасының бөлінген қаржылар экономиканы дамытуға, азаматтарды жұмыспен қамтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеу керектігі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырамыз,-деді Палата Спикері.
Тұтастай алғанда «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бюджеттік заңнамаларды түзетуді қарастырады, оның ішінде салалар бойынша атап айтсақ, квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаражаттардың тиімділігін арттыру; мемлекеттік және мемлекеттік кепілдікті қарызды реттеуді және т.б. сияқты салалар.
Сонымен қатар бүгін өткен жалпы отырыста Ұстап беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы Заң жобасы халық қалаулылары тарапынан қолдауға ие болды.
Отырыс аясында Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа алып, олар бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі. Ол заңнамалық түзетулер сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері туралы.
Сондай-ақ, жаңа заң жобалары мен ратификацияланатын актілер қатарында - ТМД қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз ету туралы Заң жобалары бар.
Жалпы отырыс соңында бірқатар халық қалаулылары орталық мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар Б.Смағұл, В.Косарев, И.Смирнова, М.Бопазов, Р.Ким, К.Қаракен, Н.Жұмаділдаева, М.Қазбекова, А.Қоңыров, Е.Барлыбаев, А.Платонов, Б.Ізмұхамбетов, Б.Мәкен, А.Перуашев, Қ.Ержан.