Осы бір италиялық команданың шабандозы Михаэл Шумахер 1969 жылы 3 қаңтар күні Германияда дүниеге келген. Әкесі Рольф қатардағы құрылысшы бола тұра, машина жүргізетін шағын карт алаңның иесі еді. Шумахер төрт жасынан бастап осы алаңда машина жүргізіп үйренеді. Оның автожарысқа деген құмарлығы ерте оянған. «Тіпті 11-12 жасында жеңіл көлік басқару шеберлігі тәжірибелі жүргізушілерден бір мысқал кем емес еді», деп жазады неміс журналисі Хельмут Карел өзінің күнделігінде. 10-12 жасар Шумахерді доп ойнап жүрген жерінен кездестіріп, «болашақта бұл баладан тұлпар тұяқты текті шабандоз шығады» деп 1980-жылдары күллі неміс баспасөзін шулатқан да осы Хельмут Карел болатын.
Германия заңында 14 жасқа толмаған ел азаматына жүргізуші куәлігі берілмейтіндіктен Шумахер 12 жасында Люксембургке барып, сол елдің заңы бойынша емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігіне ие болды. 22 жасында «Джордан» командасының құрамына алынады. Алғаш рет «Бельгия Гран-приіне» қатысып, жарыс үстінде болиді істен шығып, іріктеу кезеңін 7-ші болып аяқтайды. Оттай лаулаған жас жігіттің бойындағы алапат құштарлықты байқаған танымал менеджер Флавио Бриаторе өз командасына шақырады. Сөйтіп 1992 жылы «Бенеттоне» командасы сапында өнер көрсетіп, алғаш рет жеңіске жетеді. Бұл жоғарыдағы Бельгия гран-приі болатын.
Шабандоз Шумахер 1996 жылы «Феррари» командасына ауысады. Осы команда сапында 2006 жылға дейін 7 дүркін әлем чемпионы атанып, ғаламдық рекордтар кітабына енді. Шабандоздың лақап аты – «Қызыл барон». Бұлай атануына себеп – Екінші дүниежүзілік соғыста неміс ұшқышы Манфреда фон Рихтгофенді ел «Қызыл барон» деп атаған. Оның ұшағы қызыл түсті болған. Журналистер қып-қызыл «Феррари» болиді тізгіндеп, үстіне қып-қызыл спорттық киім кигендіктен Шумахерді де осылай атаған.
1999 жылы шабандоз жігіт жарыс кезінде апатқа тап болды. Жарақатының ауырлығына байланысты мамандар оның спортқа қайта оралуы екіталай деген еді, бірақ ол қиындықты жеңіп, үлкен спортқа қайта оралды. 2006 жылы үлкен спортпен қоштасқанымен, араға төрт жыл салып 2010 жылы қайта оралды да, «Мерседес» командасы сапында келісімшартқа отырды. Бұл оралу онша сәтті болмады. 2012 жылға дейін бір дүркін ғана үшінші орыннан көрінді.
Шабандоздың мінез-құлқы жайлы журналист Хельмут Карел мырза: «Шумахердің бойында ешқандай қорқыныш, үрей, алаңдаушылық сезімі жоқ, оның үлкен жетістікке жетуіне бірден-бір себеп осы. Мысалы, Макаода өткен әлем чемпионаты басталар алдында ол еш қаперсіз доп қуып жүрді. Тіпті чемпион болғанда ешқандай қуанбайды, жай күнделікті қатардағы болып жатқан оқиға сияқты қабылдайды. Мұндай салқынқандылық өте сирек кездесетін құбылыс, оның жетістігінің құпиясы осында», деп жазыпты.
Атақты пилот футболды қатты ұнатады. Бос уақытында доп тебумен айналысады. 2008 жылы Швейцария футбол федерациясы оны аяқдопшы Стефан Шапюиза, теннисші Рожер Федерер, шаңғышы Бернхард Руссилармен бірге Еуропа футбол федерациясына өкіл ретінде таңдауы тегін емес. Футболдан басқа теннис ойнауды және велосипедпен жүргенді, таңмен тұрып жаяу жүгіргенді күнделікті әдетіне айналдырған.
Шумахер 2013 жылы 29 желтоқсан күні Францияның Альпі аңғары бойында орналасқан Мерибельд тау шаңғысы базасында шаңғымен сырғанап келе жатып, оқыстан құлап, басымен тасқа соғылды. Міне, содан бері ес-түссіз комада жатыр. Осылай 43 жасында спорттық ғұмырын аяқтауға мәжбүр болды. Спортшы қазір Швейцариядағы өз үйінде. Оның денсаулығы жайлы нақты хабар мардымсыз. Испаниялық «Ole» журналының мәлімдеуіне қарағанда, Шумахер өзінің бар байлығын әйеліне және жалғыз ұлы Мик пен қызы Жина-Мария үшеуіне қылдай етіп тең бөліп беруге өсиетнама жасаған көрінеді.
АҚШ-тың «Columbia Pictures» кино компаниясы Шумахердің қазіргі шалажансар күйін көрсететін деректі фильм түсірді. Кино түсірушілер бұл істі қолға алу оңай болмағанын айтады. Ұзақ уақыт Коринна ханыммен келіссөз жүргізген. Нәтижесінде аптасына 58 сағат таспа жазып алуға мүмкіндік алған.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»