Бір жағынан «Qazaq-Oner» орталығы – үйренушілерді қол өнеріне баулып қоймай, кәсіпкерлік, сауда-саттық пен мәдени шараларды қоса атқаратын орын болады.
Көлемі 800 шаршы метрді алып жатқан нысан Универсиаданы атқарып салған Атлетикалық ауылдағы Пирамида залына, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы мен ұлттық мейрамханаға жақын орналасқан.
«Қазір орталықта 20 қолөнер шеберінің жұмыстары қойылды. Олардың көбі ЭКСПО көрмесінен келді. Жаңа бұйымдар жасап үлгермеді. Бірақ алдағы уақытта бұйымдар қатары көп болары анық. Бұрын қолөнершілерге БҰҰ, ЮСАИД, ЮНЕСКО секілді халықаралық қоғамдық қорлар қолдау көрсететін. Биыл алғаш рет Алматы әкімдігі қолдау көрсетіп, жаңа жылға дейінгі жалдау қаржысын көтерді. Біз аяғымыздан нық тұрып кеткенге дейін, әрине. Бұл да ісіміз алға басқанша айтарлықтай көмек. Және орталықтың барлық жабдығы – жиһаз, сөре, орындықтар қала әкімдігінің қаражатына сатып алынды. Бұрын қолөнершілер демеушілерге арқа сүйеп, қорлардан көмек сұрап жүретін. Қандай да бір шеберлік сыныптарының ресми жұмыс істегені сирек еді. «Жалғыздың үні шықпас» деген. Сондықтан орталықтың мақсаты – бірге жұмыс істеу. Бізде кассалық қана емес, төлем картасын қабылдайтын аппарат та болады. Бұл арқылы қолөнерді шағын бизнес деңгейіне дейін көтеріп, бюджет түсімін арттыруды ғана емес, клиентке заманауи қызмет көрсетуді көздейміз. Корпоративтік клиенттер хабарласады, олармен құжат жүзінде жұмыс істеу керек. Серіктестер қатарында көптеген туристік компаниялар бар. Олар өз туристерін тартады. Қазірге Швециядан келген туристерді қарсы алдық. Олар өз қолдарымен киіз басып көрді», – дейді Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, жоба авторы, кәсіпкер Айгүл Жансерікова.
«Qazaq-Oner» орталығы Алматыға туристерді тартуға әлеуеті бар нысан болады деп күтілуде. Оған қоса жергілікті өндірісті жолға қойып, жаңа ісмерлердің қатарын көбейтетін мекен болмақ.
«Жоба Алматы кәсіпкерлер палатасы дайындаған Туризмнің жол картасына енгізілген. Біз бұл жобаларды сүйемелдеп, қаржылай емес қолдау көрсетеміз. Сондықтан осындай орталықтардың қатары көбейгені жақсы», деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.
Бір жақсысы, бұл жерде ықылас танытқандар жаңа қолөнер түріне машықтанып, отбасылық демалыс ұйымдастыра алады. Мұнда киіз басу, қыш құю, зергерлік өнер, құрақ құрау, кесте тігу, тоқыма сынды өнердің талай түрі табылады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ