Саяхат барысында журналистердің жолай білгені, Өңірлік үйлестіру кеңесі биылғы жылдың басынан бері Алматыда 154 бизнес-жоспарды мақұлдаған. Жыл аяғына дейін кәсіпкерлерге барлығы 4,4 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаражат грант, субсидиялау және қарызды кепілдендіру түрінде беріледі.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Алма Тұрлыбаева жолай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көрсетілетін қолдау түрлерін түсіндіріп өтті.
«Екінші деңгейлі банктер коммерциялық несиені 19-24% жоғары мөлшерлемемен береді. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы аясында қарыздың сыйақы мөлшерлемесі – 7-10%. Қалған соманың барлығы да мемлекет есебінен төленеді. Өңірлік үйлестіру кеңесінің 60%-ы бизнес-қоғамдастық өкілдерінен тұрады, сонымен қатар жергілікті атқарушы органның өкілдері де бар. Бизнес-жобалар апта сайын қаралады. Мұндай жобалар талқыланған кезде қанша адамға жұмыс тауып берілетіндігі мен қала бюджетін қаншалықты толықтыра алады деген өлшемдерге баса назар аударылады. Ал Алматы қаласында бұл бағдарлама бойынша қаражат 100% игеріліп келеді», дейді Алма Тұрлыбаева.
Өңірлік палата өкілінің айтуынша, Алматы қаласында бизнесті қолдауға арналған бірнеше бағдарлама қатар қолданылады. Олардың ішінде республикалық және өңірлік бағдарламалар да бар. Мысалы, «Алматы-туризм» бағдарламасымен биылғы жылы 5 жобаға 398 млн теңге қаражат бөлінді. Ал «Алматы-инновация» бағдарламасымен жалпы 90 млн теңгені 2 жоба алды. Сондай-ақ «Жібек жолы» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылып келеді. Сауданы дамыту үшін 66 жобаға жалпы 4 млрд теңге қаражат берілді. «Алматы өнім» арқылы 8 жоба жалпы 429 млн теңге алды.
Мемлекеттік қолдау көрсетілген компаниялардың бірі – Алматы қаласында орналасқан «Цин-Каз» ЖШС. Елімізде 19 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания томат жасау пен көкөніс консервілеуден үздік кәсіпорын ретінде танылып үлгерді. Ендігі жерде бұл кәсіпорын өндірістік желілерін жаңартуды қолға алған.
Ал«Цин-Каз» ЖШС-нің сапа жөніндегі менеджері Жанар Рахымбекованың айтуынша, өндірісті автоматтандыру, жаңғырту және кеңейтуге арналған бизнес-жоспар аясында 618,5 млн теңге инвестиция тартылған. Бүгінде бұл соманың 418 млн теңгесі игерілген. Оның ішінде 71 млн теңге субсидия ретінде мемлекеттен берілген. Осы қолдаудың арқасында жаңадан екі цех ашылды.
Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, өндірісті автоматтандыру мен жетілдіруге арналған жоба аясында көкөніс салаты мен соя тұздығын дайындайтын жаңа 2 цех ашылған. Қазақстанда соя тұздығы шығарылмайды. Ел нарығында импорттық тұздық бар. Қазір отандық компания айына шамамен 30 мың соя тұздығын өндіруде және 3 түрлі тұздық шығарады.
Олар соя тұздығын дайындау үшін шикізатты Қытайдан алып отырғанын айтады. Ал салат жабу үшін жергілікті шаруалардың өнімдері пайдаланылады. Былтырғы жылы 500-600 тонна салат жабу жоспарланса, биыл бұл жоспар екі есеге ұлғайған.
Расында бүгінгі таңда компания өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне тарайды. Базар, дүкендерде тұрған өз тауарларымыз тұтынушыларға таңсық емес. Негізгі экспортқа шығатын ел Ресей, сондай-ақ Қырғызстан, Ауғанстан елдерімен серіктестік қатынаста. Жалпы, шығарылған өнімнің 20%-ы Алматы қаласы мен облысына тарайды.
Компания жыл соңына дейін Ресей мен Қырғызстанға жеткізілетін өнім көлемін 500 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.
«Өз өнімдерімізді ЕАЭО аумағында өтетін көптеген көрмеге шығаруға тырысамыз. Және бұл көрмелердің барлығына дерлік қатысуға мүмкіндік алдық. Ресейде өнімнің белгіленген бағасын төмендетуге тырысамыз. Себебі бәсекелестік жоғары. Бірақ біздің өніміміздің дәмін татқаннан кейін ұнататындары қаншама. Жалпы, көршілес елде қазақстандық өнімді сапасы жоғары деп қабылдайды. Бүгінде Ресейдің бірқатар қалаларына, оның ішінде Мәскеуге де жеткіземіз. Сондай-ақ біз тұздықтар мен салаттарды Мәскеудегі «Foodcity» базарына шығаруға келісім жасап отырмыз. Алдағы уақытта Тәжікстанға да экспорттауға ниеттіміз», дейді «Цин-Каз» ЖШС өткізу бөлімінің басшысы Таир Тутадзе.
Компания жетекшілері электр қуаты мен суға белгіленген тариф өте жоғары екенін айтады. Электр қуаты мен суды үздіксіз пайдаланатын өндіріс орны үшін тарифтің реттелгені маңызды. Бұл қызметтердегі бағаны реттеу бизнес үшін айтарлықтай көмек боларын жасырмады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ