Қазақстан • 05 Қазан, 2017

Астанада тарихи бастамаға арналған көрме өтті

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесін шақыру туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастамасының 25 жылдығына арналған көрме өтті. 

Астанада тарихи бастамаға арналған көрме өтті

Жиынға Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Кеңес Хатшылығының атқарушы директоры Гун Цзяньвэя және бірқатар құрметті қонақтар қатысты.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қ.Әбдірахманов мұндай шаралардың ел игілігі үшін тиімді екеніне тоқталды. Оның пікірінше, кітапханадағы көрме Кеңестің жұмысын кең көлемде көрсетіп, оның қалыптасу тарихы мен даму кезеңінен мол ақпарат береді.

Сонымен қатар, Министр Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қызметі туралы тарқатып айтып берді. Қ.Әбдірахмановтың сөзіне сүйенсек, аталған Кеңес қазіргі заман талабына сай.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы бастамасы өз мақсатына жетті. Бүгінгі таңда Кеңес құрлықтағы ұжымдық қауіпсіздікті жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді. Бұл оқиға қазақ халқының жаһандық қауымдастыққа терезесі тең ел ретінде қосылғанын айғақтап, бабаларымыз бірнеше ғасыр аңсаған тәуелсіздіктің айқын көрсетеді», – деді Қ.Әбдірахманов.

Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, мұндай көрмелер Елбасының маңызды саяси бастамаларын толық түсінуге мүмкіндік береді. Ол кітапхана оқырмандары мен қонақтары Кеңес қызметі және Елбасының ерен еңбегі жайында мол мағлұматқа қанық болатынын атап өтті.

Сыртқы істер министрі Азияда әлі күнге шешімін таппаған бірқатар күрделі мәселелер бар екенін сөз етті. Оның пайымдауынша, мұндай шиеленістерді шешіп, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жалғыз айқын тетігі – мемлекеттер арасындағы сенімді арттыру қағидаты. Осы орайда, Іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес күрмеуге келмейтін күрделі келіспеушіліктің ұтымды шешімін табуға мүмкіндік береді.

Кеңес Хатшылығының атқарушы директоры Гун Цзяньвэя қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, ұйымды құру жөніндегі Елбасының бастамасын жоғары бағалайтынын жеткізді. Оның пікірінше, көрме тарихи шешімдер мен атқарылған жұмыстардан жан-жақты хабар береді.

Көрмеде мұрағат құжаттары, тарихи фотосуреттері ұсынылған. Сонымен қатар, халықаралық қауіпсіздік жөніндегі және Елбасының сыртқы саяси бастамалары  тақырыбына арналған кітапхана жинақтары қойылды.

Ұжымдық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі Азия құрлығындағы ең ірі форумның мерейтойына келген меймандар тарихи бастамадан хабар беретін шараларды жиі өткізудің пайдасы мол екенін мәлімдеді. Сонымен бірге, олар Кеңестің жұмысын одан әрі нығайтудың маңыздылығын сөз етті.

Елбасы Н.Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру бастамасын тұңғыш рет 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ-ның 47-ші Бас Ассамблеясында жариялаған болатын. Аталған Кеңестің мақсаты – Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді және қолайлы құрылым алаңын орнату. Қазіргі таңда әлемнің 26 мемлекеті Кеңес құрамына енген. Сонымен қатар, 9 мемлекет пен 5 халықаралық ұйым бақылаушы ретінде қатысады. Таяуда БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясы аясында Қазақстан Президенті бастамасының 25 жылдығына арналған, Кеңеске мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтті. Онда қатысушылар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, форумның ширек ғасырдағы жетістігін атап өтіп, ұйымның алдағы мақсаттарын айқындады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»