– Елжан Амантайұлы, Денсаулық сақтау министрі болып қызмет атқарып келе жатқаныңызға біршама уақыт болды. Осы кезең ішінде түйген ой, жасаған байламыңыз қандай?
– Денсаулық сақтау саласы адами капиталды дамытуда, адамның әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Әрбір азаматтың денсаулығын сақтау және нығайту Отанымыздың әлемдегі 30 бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына кіру жөніндегі мақсатын іске асыру болып саналады. Осы мақсатты және Елбасының биылғы халыққа Жолдауында денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттерді орындау үшін біз бес негізгі бағытты анықтаған болатынбыз. Бірінші – денсаулық сақтау жүйесін емделушінің мүддесіне қарай интеграциялау. Бұл алғашқы профилактикалық кезеңнен бастап, барлық медициналық көмек көрсетудің біріктірілген жүйесін енгізуді қарастырады. Саланы цифрлау және ақпараттандыру жөніндегі шаралар өз жалғасын тауып, емханаларға тіркеу ережелері оңтайландырылады. Екіншіден, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстарына сай стандарттарды сәйкестендіру. Бұл шаралар аясында жеке медицинаны дамытудағы кедергілерді жою, мемлекеттік функцияларды тәуелсіз кәсіби ортаға беру, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың бағасын реттеу қажет. Үшіншіден, денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық және кадрлық саясатты қайта қарау. Жеке және шетелдік инвестицияларды тарту, мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту, ғылым мен медициналық білімді жетілдіру. Төртіншіден, нәтижеге негізделген қаржыландырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру. Бесіншіден, емделушіге есеп беретін және ашықтықты қарастыратын жүйені құру. Осыған байланысты медициналық мекемелерге шаруашылық жүргізу құқын бере отырып, корпоративтік басқару жүйесі енгізілуі тиіс.
Аталған бастамаларды көтерудегі негізгі мақсат медициналық қызметтің халыққа қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша ел ішінде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыс жүргізілуде. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау, бірыңғай деректер базасына кіру нүктесін құру бойынша Дүниежүзілік банк жобасының шеңберінде Интероперабельдік платформа енгізілуде. Министрліктің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен платформаны интеграциялау, «Электронды үкімет» порталының жеке кабинетімен және жергілікті медициналық ақпараттық жүйелерімен интеграциялау бойынша жұмыстар шешімін табуда. Сондай-ақ министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесін құру бойынша да іс-шараларға ұйытқы болуда.
Дәрілік заттардың бағаларын реттеу үшін Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске және Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілуде. Тиімді заң жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Жол картасы бекітілді, сондай-ақ заң жобасына тұжырымдама дайындалды.
2020 жылға дейін Қазақстан дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін саланы дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жұмыс жасауда. Онда ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту басты бағыт болып саналады. Сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын кезең-кезеңмен енгізу, денсаулық сақтау жүйесін басқару мен қаржыландырудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану қажет. Мұның бәрі Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген шараларды мүлтіксіз жүзеге асыруға бағытталған.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің өзекті мәселелері, азаматтардың МӘМС жүйесі бойынша емделетін мекемені таңдау құқығы жайлы да айта кетсеңіз. Бұған Елбасы үлкен мән беріп отыр емес пе?
– Иә, Мемлекет басшысы 2017 жылғы 4 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту үшін медициналық сақтандыру жүйесінің үдемелілігін айта келе, Үкіметке МӘМС жүйесіне барлық санаттағы азаматтардың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бірінші кезекте Елбасы медициналық көмекке қолжетімділік және «өзін-өзі қамтамасыз ету» санатына жататын 2,7 миллионнан астам қазақстандықтың МӘМС жүйесіне қатысу шарттары туралы мәселелерге ерекше мән берді. Сол тапсырманы дер кезінде орындау мақсатында Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сая-
си партиялардың, сарапшылардың, жекеменшік медициналық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткіздік. Пікір алмасу алаңында сақтандыру медицинасын енгізу аспектілері туралы, тұрғындардың өзін-өзі қамтамасыз ететін бөлігінің медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу тетіктерін қайта қарап, аталған санаттағы тұлғаларды ел экономикасы дамуына қатыстыру, бизнес жүктемесін жеңілдету, барлық мемлекеттік органдардың деректер қорын біріктіру және өзекті қылу, оның ішінде өнімсіз өзін-өзі қамтамасыз етушілерді толық қатыстыру мәселелері талқыланды.
Бүгінгі күні сол бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп жатырмыз.
Министрлік жүргізіп жатқан дайындық жұмыстары шеңберінде бірқатар нормативтік-құқықтық актілер, соның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау субъектілерінен қызметтерді сатып алу қағидасы дайындалуда.
Ол әлеуетті медициналық қызметтер ұсынушылардың бірыңғай тіркелімінің (ӘМҚҰБТ) қағидаларына сәйкес, келесі жылдың тамыз айында іске қосу ниетінің барын айта кетсем деймін. ӘМҚҰБТ тіркелген медициналық ұйымдарға халықты бекітуді (МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді тұтынушылар) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, денсаулық сақтау басқармалары ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында таныстыратын болады.
Амбулаторлық-емханалық деңгейде жоспарлы медициналық көмек емделуші тіркелген (тұрғылықты жері, жұмыс, оқу орны бойынша) емханада көрсетіледі. Бұл ретте медициналық-санитарлық алғашқы көмек беретін ұйымдар қызметінің аумақтық қағидаты азаматтарға тұрғылықты жері немесе тіркелген орны бойынша медициналық жәрдемнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында оның тіркелген орны сақталатын болады.
Егер емделуші басқа елді мекенге кеткен жағдайда (іссапарға, қонаққа және т.б.), болмаса ауырып қалғанда келген жеріндегі медициналық ұйымға жүгінуіне немесе жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырта алады.
Стационарлық көмекке қатысты айтарым: жоспарлы ем алуға жатқызу медициналық мекеме ем алуға тілек білдірген азаматтың құқығы ескеріле отырып жоспарланады. Жатып ем алатын күнді анықтап порталға жолдаманы тіркеу арқылы медициналық-санитарлық алғашқы көмек немесе емхананың клиникалық-диагностикалық бөлімшесінің бейінді мамандарының белгілеп берген жолдамасы бойынша іске асырылады. Шұғыл жағдайларда емделуші стационарға жедел медициналық жәрдем стансасының бригадасы, өте қажет болған жағдайда санитарлық авиацияның дәрігерлері жұмылдырылады.
– Өткен жылы шешімін тапқан педиатрия мамандығының жайы қалай болып жатыр?
– Жыл сайын елімізде интернатурадан кейінгі шамамен 280 педиатр және резидентурадан кейін арнайы педиатриялық бейіндегі 530 маман (неонатолог, балалар хирургі, балалар эндокринологы, гастроэнтеролог және т.б.) оқуды тәмамдап шығады. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде педиатрдың қажеттілігін толықтыру үшін ағымдағы жылдан бастап педиатрия бойынша интернатураны бітірген түлектерді жұмысқа орналастыруға рұқсат берілді.
Осы жылдың қыркүйегінен бастап С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жаңа үлгідегі оқу жоспары бойынша педиатрия мамандығын оқыту жүргізіле бастайды. Болашақ педиатрлар 5 жыл бакалавриатта, 2 жыл интернатурада оқиды. Педиатриялық бағыттағы кафедралар қайта қалпына келтіріледі. Педагогтар жеткілікті, себебі профессор-оқытушылар құрамы сақталған, олар кезінде жалпы медицина мамандарын даярлауға ауыстырылған болатын.
– Ағза алмастыруда жетістіктер аз емес. Түсіндіру жұмыстары арқылы адам өмірін сақтап қалуды жұрт болып ойластырсақ деген ниетке қалай қарайсыз?
– Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Адам өмірі, оның ішінде жас ұрпақтың дені сау болудан артық не бар. Жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетуде сұранысқа ие түрлерінің бірі – трансплантология (ағза алмастыру) болып табылады. Қазақстанда трансплантация 1979 жылы бас-
талды. 2012 жылы ағзаларды және тіндерді транспланттауды жетілдіру мақсатында бұл салада еліміз бойынша үйлестіру жүйесі енгізілді. 2012-2015 жылдар аралығында 9 трансплантация орталығы құрылды. Қазіргі таңда Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі, тіндердің трансплантациясы жасалып келеді. Мысалы, 2012 жылы – 65, 2013 жылы – 164, 2014 жылы – 224, 2015 жылы – 298, 2016 жылы – 306, 2017 жылғы 1-ші жартыжылдығында 98 трансплантация жасалған.
Министрлік Отанымызда трансплантология қызметін регламенттейтін заңға қажет актілерді жетілдіру ісін қолға алып, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын ілгері жылжытуда. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарын, еріктілер қозғалысын, қоғам және мемлекет қайраткерлерін тарта отырып, ағзалық донорлықтың рөлі, ерікті өтеусіз донор болудың қажеттілігі туралы да халыққа түсіндіру жұмыстары кең түрде жүргізуде.
– Дәл қазір Қазақстанда сырқатқа шалдығу жөнінен қандай аурулар алда тұр? Әлеуметтік сипаты бар аурулар азайып келе ме?
– Сұраққа жауапты нақты дәлелдермен берейін. 2017 жылдың басындағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, алғаш тіркелген аурулардың ішінде тыныс жолдарының, зәр шығару, асқазан-ішек аурулары мен жарақат пен улану алдыңғы қатарда тұр. Соңғы 10 жылда ресми статистика бойынша туберкулез сырқатына қатысты көрсеткіш – 2,4 есеге, өлім мәселесі 5,3 есеге төмендеді. Елімізде 6 айдың қорытындысы бойынша 15-49 жас арасында АИТВ-инфекциясының таралуының көрсеткіші 0,204 пайызды құрады, яғни денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының 0,2-0,6 пайыз белгіленген индикаторларының шегін сақтап тұр деуге болады.
Қатерлі ісік аурулары көрсеткіші ағымдағы жылғы 6 айында республика бойынша 100 мың халыққа шаққанда 191,0 пайызды (17 151 науқас) құрады (2016 жылы – 205,2 пайызды, яғни 18 171 науқас болған еді). 2017 жылғы 6 айда өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 79,6 пайызға төмендеді.
Ал бұл 2016 жылы 84,6 пайыз еді.
– Сіз бір сұхбатыңызда дәрігер алдына келген адамдармен мәдениетті сөйлесуі керектігін, бірақ олар көбіне аппаратпен тексеруге жіберіп, көп уақытын карточка толтырумен өткізетінін айтып қалған едіңіз. Жалпы, дәрігердің жауапкершілігін арттырудың басты қағидасы қандай?
– Медицина қызметкерлерінің жүктемесін төмендету және уақытын үнемдеу мақсатында біз есептік құжаттамаларды 22 пайызға, денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық құжаттамасын 30 пайызға қысқарттық. Құжаттар электронды жүйеге ауыстырылуда. Медицина қызметкері әлемдегі ең күрделі мамандық иесі екені белгілі. Сондықтан адамдарға деген қамқорлық, мейірбандық, мықты білім, жауапкершілік және шеберлік – медицина қызметкерінің бойында осы қасиеттің барлығы болу керек. Осы мамандыққа жүрек қалауымен келу керек. Мен осы жайларға баса назар аударып, ем алуға келген адамның ең алдымен жан дүниесіне үңілу керек дегенді әр кез айтып жүремін. Дидарыңдағы мейірім, жылы сөз емнің үлкені емес пе?
– Елбасының сананы жаңғырту жөніндегі идеясын денсаулық сақтау саласында да насихаттай отырып, саламатты өмір салтын қалыптастыруды халықтық іске айналдырсақ деген тұжырымға айтар пікіріңіз қандай?
– Елбасы өзінің мақаласында кемелдікті қозғады. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі дегеніңіз де осы. Саламатты өмір салтын қалыптастыру – қазіргі қоғамда өмір тіршілігі қызметінің басты бағыты екені анық. Бүгін әрбір қазақстандық саламатты өмір салтын ұстануы, ол өз денсаулығын сақтау, еңбекке қабілеттілік пен кәсіби өміршеңдікке жету жолы болып табылады.
Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»