Алашордалықтардың ұрпақтары, ғалымдар, тарихшылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен оқып жүрген жастар қатысқан конференция барысында ұлы Мұхтар Әуезовтың шәкірті, ақын, жазушы, драматург, ғалым, Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Қайымова қазіргі қоғамның рухани жаңғыруына қатысты мәселелер қозғалғанда Алаш қайраткерлерінің мұрасына да тереңірек үңілу керектігіне тоқталды.
«Халқымыздың рухани жаңғыруы – жан-дүниеміздің жаңғыруы, тарих бетіндегі көмескі тартқан шындықтарды бүгінгі ұрпақ санасына қайта тоқылуы. Осы тұста Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Хәлел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов, Отыншы Әлжанов, Мұхамедхан Сейітқұлов, Әлімхан Ермеков сынды Алаш қоғалысының көшбасшылары мен қайраткерлерінің халқына сіңірген еңбегін қастер тұтып, оларды жадыдан шығармауымыздың өзі рухани жаңғыру жолындағы басты міндетіміз. Кеңестік билік Алаш қайраткерлерінің аты-жөнін де, олардан қалған барлық естелік-мұраларды да жойып, мүлдем ұмыттырып жіберуге қанша талпынғанмен, олардың Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов сияқты ізбасарларының арқасында халқымыз Алаш мұрасымен қайта қауышты. Алаш қайраткерлерінің туған жері мен еліне деген махаббатының көрнекті үлгісіндей, бүгінде Елбасымыз бастаған тәуелсіз еліміз өз мемлекетінің аумақтық тұтастығын, мәдениеті мен тілін сақтай отырып, әскері мен әділ соты сап түзеген демократиялық мемлекетке айналды», деп атап өтті Дина Қайымқызы.
Қайым Мұхамедхановтың шәкірті, белгілі ғалым Ербол Іргебай жүргізген аталмыш басқосуда Ахмет Байтұрсыновтың, Асылбек Сейітовтің, Қошке Кемеңгеровтың, Отыншы Әлжановтың, Төребек Османовтың асылдың сынығындай, тұлпардың тұяғындай бүгінгі ұрпақтары Айман Байсалова, Клара Сейітова, Гүлнар Кемеңгерова, Гүлфариза Отыншиева, Дариға Османова жиналған қауым ортасында өз естеліктерімен бөлісті. Ал алашордалықтардың халыққа сіңірген еңбектері жайлы баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова: «Алаш қайраткерлерінің ізбасары болған Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ұлы тұлғалар Кеңес Үкіметі тұсында өз ұстаздары туралы шындықты ашық айта алмады. Бірақ Мұхтар Омарханұлы өзінің соңынан ерген жас шәкірті Қайым Мұхамедханұлын Абайтануға баулып, Абай арқылы Алаш идеясын көтерген Әлихан, Ахмет бабаларымыздың мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуді аманттады», – деді.
Жиын барысында Алаш қозғалысы қайраткерлері мен көшбасшыларының халқымыздың тарихы мен мәдениеті, саяси өмірі мен шаруашылығы, ел тәуелсіздігі туралы өткен ғасырдың 20-шы жылдары баспасөз беттерінде, әдеби-публицистикалық шығармаларында жазып қалдырған, бүгінгі өмірімізде де өз мәні мен мағынасын жоймаған тұжырымды ой-пікірлері, таңдамалы дәйексөздері топтастырылған «Алаш ұлағаты» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жалпы көпшілікке, тәрбиешілер мен оқытушыларға арналған бұл шағын әрі құнды кітапты «Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығының» бастамасымен тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Исин құрастырған екен.
Сондай-ақ, Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай өткізіліп отырған аталмыш ғылыми-тәжірибелік конференцияда абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен, Шығыс Қазақстан облысының мұрағаттық қорынан, Семей қаласы Тарихи-өлкетану мұражайынан және ҚР Орталық мемлекеттік мұражайынан алынған Алаш Орда қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы кеңейтілген фотоматериалдар мен құжаттар қойылған көрме ұйымдастырылды, танымал ақын Серік Қалиевтің «Алаш арыстары» сынды патриоттық рухтағы әндер орындалды.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ