Мұнай-газ саласындағы «Атқылама-2017» арнайы тактикалық аумақтық жаттығуына Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан келген құтқарушылар қатысты. Мамандардың түрлі апаттық жағдайдағы әрекет ету шеберліктері сарапқа салынған шараны Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та арнайы келіп көрді. «Апаттық жағдай мұнай-газ, химия өнеркәсібі салаларында да кездеседі.
Сол апатты ауыздықтап, адамдардың өмірлерін сақтау, жағдайды қалпына келтіру – құтқарушыларға жүктелетін үлкен міндет. Шартты түрде орындалатын жаттығулар осымен шектеліп, нақты өмірде апатты жағдай болмасын», деді аймақ басшысы.
Арнайы қызмет құрылымдары қандай жағдайда да атқыламаларға қарсы тұруға дайын. Бұл ретте «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» мекемесінің жұмысын айрықша атауға болады. Кәсіпорынның 13 бөлімшесі Қазақстанның барлық өнеркәсіптік аймақтарында орналасқан.
Мекемеде 2800-ден астам жоғары білікті кәсіби құтқарушы, 600 бірлік апаттық-құтқару техникасы, 6700 бірлік арнайы тағайындалған жабдық бар.
Құрылым басшысы генерал-майор Диханбек Сатылғанов мұнай-газ саласындағы қараусыз қалған нысандардағы апаттарды жоюға да қатысатындарын айтады.
Мысалы, Ақтөбе облысы «Қаратөбе» кен орнындағы, Атырау облысы «Күмісбек» кен орнындағы қараусыз қалған ұңғымаларда болған апаттарды жою жұмыстарын жүргізген. «Өткен мамыр айында Атырау облысының жер қойнауын пайдаланушылар ерікті апаттық-құтқару қызметінің күштері мен құралдарының қызмет көрсету нысаны болмауынан апатқа ұшырады, облыстағы бөлімшенің көмегіне жүгініп, біздің құтқарушыларымыз қысқа мерзімде апатты жойды», дейді Д.Сатылғанов.
Мекемедегі оқу орталықтарында жыл сайын 1800-ден астам адам оқиды. Жыл басынан бері апаттық-құтқару жұмыстарын орындау кезінде 185 адам құтқарылып, апатты жою орындарында 319 адамға медициналық көмек көрсетілген.
Бес облыстың құтқарушылары бас қосқан жаттығу шарасында апаттан зардап шеккен адамды құтқару, магистралды мұнай құбырында болған ақауды жою, үйінді астында қалып қойған адамды алып шығу, мұнай құйылатын ыдысқа түсіп кеткен жұмысшыны аман алып қалу, мұнай атқылаған ұңғыманы ауыздықтау секілді жауапты да қиын тапсырмалар орындалды. Құтқарушылардың бәрі де мамандықтарының нағыз майталмандары екендерін көрсетті. Ал оқу-жаттығу шарасының екінші күні кіші аяқ доптан өткен жарыспен жалғасты.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ