Бұл күні саябаққа келген қарттарды облыстың таңдаулы дәрігерлері диагностикалық тексерулерден өткізіп, емделу жолдарын айтты. Оларға стоматологтар, кардиологтар, терапевтер, эндокринологтар мен окулистер қызмет көрсетті. Зейнеткерлер қан қысымдарын өлшетіп, көздерін көрсетіп, УДЗ аппаратының көмегімен ағзасын тексертіп, экспресс-анализдер тапсырды.
Саябаққа жиналған жұрт концерттік бағдарламамен қатар ардагерлер арасында өткен шахмат турнирінің куәсі болды. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға ұмтылған мың бұралған кәсіби бишілер, әншілермен жарыса облыстағы ынтымағы жарасқан барлық этнос өкілдері ән шырқады.
– Қарттар – біздің баға жетпес қазынамыз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев. – Олар осындай жақсы өмірге жету үшін бар күш-жігерін жұмсады, қажырлы еңбек етті. Енді оның өтеуі қайтуы керек. Біз қарттар үшін облыс көлеміндегі аурухана, емханаларда «Ашық есік» күндерін ұйымдастырған болатынбыз. Ал 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің үйіне өздері барып, дәрігерлік көмек көрсетеді.
Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы