Комитет мүшелері лауреат есімін жариялау рәсімінде қазіргі таңда ядролық қаруды қолдану қаупінің өте жоғары екенін айтты. "Солтүстік Корея секілді кейбір мемлекеттер өздерінің ядролық арсеналдарын жаңғыртып жатыр. Ал кез келген ядролық қаруды қолданудың гуманитарлық салдарына әлем назарын аударғаны үшін, бұл қаруды қолдануға тыйым салу туралы келісімге қол жеткізу үшін бар күш-жігерін жұмсаған аталған ұйымға Нобель сыйлығын табыстау туралы шешім қабылданды", деді Нобель комитетінің төрайымы Берит Рейс-Андерсен.
Ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық қозғалыс (ICAN) – ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімді жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін коалиция. Ұйымның қазіргі таңда 101 мемлекетте 468 серіктесі бар. Бас кеңсесі Женева (Швейцария) қаласында орналасқан.
Бір айта кетерлігі, ICAN 122 мемлекеттің БҰҰ-ның ядролық қаруды жою туралы келісімін қабылдауына әсер еткен. Бірақ оған әлемдегі ең ірі 9 мемлекет, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбритания тіркелмепті. Әрине, ядролық қаруды таратпау туралы келісімге сәйкес аталған қарудан бас тартқан мемлекеттер де бар. Бірақ келісімге келгісі келмейтіндер де бар болғандықтан, ICAN бұл мәселеге әлем назарын аударып, осы жылдың басында ядролық қаруды жою үшін жаңа келісімге келу туралы бастама көтерген болатын. Осылайша 2017 жылдың 7 шілдесінде Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісім қабылданды. 20 қыркүйекте қол қоюға жіберілген құжат заңды күшіне енуі үшін 50 мемлекеттің қолдауы қажет.
ICAN өзінің фейсбуктегі парақшасында сыйлықты Хиросима, Нагасаки мен басқа да ядролық қарудан зардап шеккендерге көрсетілген құрмет ретінде бағалады. "Кейбір мемлекеттер ядролық қару қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деп ойлайды. Бұл қате пікір! Бұл қауіпті пікір! Себебі қарудың кең таралуына итермелеп, әлемді ядролық қарудан азат ету процесін бұзуы мүмкін", деп жазды ұйым.
ICAN қозғалысын құруға 1985 жылы Нобель сыйлығын алған «Ядролық соғыстың алдын алуды әлем дәрігерлері қолдайды» атты қозғалыс бастамашы болған. Басында Хельсинкиде өткен халықаралық құқық бойынша Нобель сыйлығының бүкіләлемдік конгресінде басым бағыт ретінде қабылданған ядролық қарудан бас тартуға арналған халықаралық кампания 2006 жылдың 7 қыркүйегінде тіркелген. Бірақ ресми түрде ашылуы 2007 жылдың 23 сәуірінде Мельбурнде (Австралия) өтті. 30 қыркүйекте Венада таныстырылды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әдебиет бойынша Нобель сыйлығы Кадзуо Исигуроға берілгені туралы хабарлаған болатынбыз. Ал Райнер Вайсс, Барри Бариш және Кип Торн есімді ғалымдар LIGO детекторы арқылы гравитациялық толқындарды анықтағаны үшін физика бойынша Нобель сыйлығын иеленген еді. Сондай-ақ ерітінділердегі биомолекула құрылымын анықтауға арналған жоғары сапалы криоэлектронды микроскопты дамытушыларға химия саласы бойынша Нобель сыйлығы бұйырды. Бір айта кетерлігі, биыл лауреаттарға берілетін қаржылай сыйлық 12,5 %-ға өсіп, 1,12 млн долларды құрады. Ал осы күнге дейін, яғни, 1901-2017 жылдар аралығында 98 Нобель сыйлығы табысталған. Оның ішінде екі рет сыйлықты үш адам өзара бөліскен. Жалпы лауреаттардың орташа жасы 62 жасты құрайды. Сонымен қатар лауреаттар қатарында 16 әйел бар. Нобель сыйлығынан тек 1 адам - Ле Дюк Тхо бас тартқан. Бір қызығы, Нобель сыйлығы тарихында салтанатты рәсім барысында үш лауреат қамауға алыныпты.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"