«Сағат Әшімбаев – XX ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ көркем сыни ойының – «Азаматтық формуласы» болды». Ол жасаған жаңа тұрпатты сын, ол қалыптастырған азаматтық ой бүтін бір ұлттың тамырына қан жүгіртетін қуатты құралға айналды. «Талантқа тағзым», «Сын мұраты», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік», «Азаматтыққа адалдық» сынды сын кітаптары қаламгердің азаматтық болмысын, парасат пайымын, жүрек лүпілін халқына қалтқысыз жеткізді.
Алғашқы шара қайраткердің кәсіби білімінің әліппесін қалаған Қазақ Ұлттық Университетінің қабырғасында басталып, «Ұлттық интеллигенция: Қарыз бен Парыз» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция өтті. Онда Сағат Әшімбаев мұрасын қазіргі заман тұрғысынан терең тану арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа дәуір ұлт зиялысының болмысын бағамдап, ұлттық интеллигенцияның ұлт алдындағы қарызы мен парызының мән маңызын ашу, Әшімбаевтың ұлт зиялысы ретіндегі қайраткерлік, шығармашылық қызметінің әдеби-мәдени даму үдерісіндегі тарихи орнын айқындау мәселелері кеңінен айтылды. Айтулы шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Әзірбайжан ғылым академиясының вице-президенті академик Габиббейли Иса, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Қалижан бастаған зиялы қауым өкілдерімен қатар алыс-жақын шет елдерден келген көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Шара барысында «С. Әшімбаевтың әдеби-публицистикалық мұрасы», «С. Әшімбаев және әдеби сынның көкейкесті мәселелері», «ЖОО әдебиетті оқыту мәселелері» тақырыптары қарастырылып, белгілі сыншының ғұмыры мен шығармашылығы хақында орамды ойлар ортаға тасталды.
Күн бесіннен ауған шақта зиялы қауым өкілдері мен қала жұртшылығы М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрына жиналды. Аталған шаңырақта Сағат Әшімбаевтың туғанына 70 жыл толуына және оның жары танымал жазушы Шәрбану Бейсенованың 70 жасқа келуіне арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Театрдың үлкен залы лық толып, жиналған қауым шығармашылық иелерінің ғибратты өмір жолынан сыр шертетін қызықты мәліметтерге қанықты. Кеш шымылдығы «Дос-Мұқасан» ансамблінің орындауындағы «Алматы түні» әнімен түріліп, белгілі опера әншісі Болат Бөкенов пен Мемлекеттік Хор капелласы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін әуелетті. Рамазан Стамғазиев Сағат ағаның көзі тірісінде сүйіп тыңдаған «Сары бидай» әнін шырқап, Жас әнші Әсет Балғазин Нұрғисаның «Сарыжайлауын» салып қалың көрерменнің ықыласына бөленді. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин замандас бауыры Сағат Әшімбаевпен жары Шәрбану Бейсенованың қазақ руханиятына сіңірген қажырлы еңбегі жайлы тебірене толғап ыстық ілтипатын білдірді. Халықтың ыстық сәлемін жеткізуге келген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Шәрбану Бейсенованың иығына шапан жауып, гүл шоқтары мен алғыс хаттарын ұсынды. Әдеби-сазды кеш барысында Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Әшірбек Сығай, Мырзатай Жолдасбеков сынды көрнекті тұлғалардың Сағат Әшімбаев жайлы айтқан естеліктері, сыншының алтын қорда сақталған байламды ойлары бейнетаспа арқылы халық назарына ұсынылды. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының шәкірттері сыншының ойға ой, ақылға ақыл қосатын қанатты сөздерін көрерменге тарту етіп, Академиялық театрдың жас әртістері ақын Бақыт Беделханның «Сағаттың монологы» атты өлеңін нақышына келтіріп оқыды. Нұрғали Нүсіпжан, Елена Әбдіқалықова, Жұбаныш Жексенұлы сияқты өнер майталмандары әсем кештің көрігін қыздырып, көрерменге қуаныш сыйлады.
Кеш барысында рухани жарасымы келіскен бұл отбасының өнегелі өмірі жайлы аз айтылған жоқ. «Қай мәселені де, ең алдымен елдік, ұлттық жаңғыру биігінен қоя білген Әшімбаевтың асқаралы арманы халқының ұлы мұратымен астасып жатыр. Әшімбаев мұрасының рухани айналымға түсу жолында көп тер төккен Шәрбану апамыз журналистік қызметінде талай тағдырға арашашы болса, салауатты прозасы ұлттық топырағы мықты шебердің қолтаңбасын танытады» деді шараны ұйымдастырушылар.
Кеш соңында Сағат Әшімбаевтың ұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев пен Сағат ағаның жары, белгілі жазушы, журналист Шәрбану Бейсенова Сағатына деген сағынышын суытпаған халқына риясыз алғысын білдірді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әні автордың орындауында шырқалып жиналған қауым әдеби кештен әдемі әсер алып тарқасты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ