Аймақтар • 09 Қазан, 2017

Өскеменде виртуалды кітап көрмесі ашылды

1915 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әрине, «мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деп бәріміз де тарихи орындарды тамашалап, тамылжыған табиғат аясында серуендегіміз келеді. 

Өскеменде виртуалды кітап көрмесі ашылды

Бірақ оған уақыт шіркін ырық бере ме? Біреудің жұмысы, біреудің сабағы дегендей. Дегенмен де қаладан шықпай-ақ, алысқа ұзамай-ақ өңірдегі тарихи ескерткіштермен, құнды жәдігерлермен, облыстың көркем табиғатымен танысуға, тамашалауға бола ма? Болады екен. Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Менің өлкем – ғажап әрі көркем» атты виртуалды кітап көрмесі арқылы шаһар тұрғындарына осындай тамаша мүмкіндік ұсынып отыр. Өңірдегі ғажап жерлер мен ғажайып тарихты ғаламтор алдыңызға жайып салады. Тек кітапханаға келсеңіз, ықылас-пейіл бөлсеңіз болғаны. «Виртуалды көрме «Көне әрі жас», «Құпиялы әрі құдіретті», «Шырайлы әрі шуақты», «Киелі әрі қасиетті», «Игілікті әрі дархан» және «Ғибратты әрі парасатты» деген бірнеше бөлімнен тұрады. Әр бөлім Елбасының «Шығыс Қазақстан – еліміздің інжу-маржаны» деген тамаша сөзінен бастау алады. Көрме арқылы аймағымыздағы таулар мен далаларды, облыс тарихына қатысты аңыз-әпсаналарды, салт-дәстүрлерімізді және қазақ жеріндегі табиғи байлықтар мен әлем назарын аударған тарихи ескерткіштерді тамашалап, олар туралы мол мағлұматтар алуға болады. Облыстан шыққан танымал ақын-жазушылар туралы деректер де мол. Виртуалды көрме әлі де жалғасады. Сондықтан қала тұрғындарын көрмені тамашалауға, өңіріміздің тарихымен, табиғатымен танысуға шақырамыз»,  дейді кітапхана қызметкері Жансая Әшкенова. 

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН