Бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылып, кітап оқу мәдениетін дамытуды көздеп отыр. Демек әрбір адам өз кітабымен бөлісіп, сөреден өзіне ұнаған кітабын ала алады.
«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сай жастарды кітап оқуға баулитын жобаны ұйымдастырып отырмыз. Кітап арқылы дәстүрімізді, тарихымызды, дүниені тануға болады. Сондықтан бұл әлеуметтік маңызы жоғары жоба деп білеміз. Кітап сөрелерін орналастыруды Астана қаласынан бастадық. Өзім осы кітап сөресіне Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын алып келдім. Қазақ тілін тез меңгергісі келген адам «Абай жолы» кітабын оқыған жөн деген ойдамын», деді «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы міндетін атқарушы, Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен.
«Болашақ» қауымдастығының мүшесі Ермек Мақашевтың айтуынша, үш апта ішінде Алматы, Петропавл және Орал қалаларынан 800-ден астам кітап жиналған.
«Мен қоғамға маңызы зор жобаға өзімнің сүйікті кітаптарымның бірін табыстағым келіп отыр. Ол Александр Дюманың «Үш ноян» кітабы. Өміріңде жақсы кітапқа тап болған кезде, онымен бөліскің келіп тұрады екен. Әдетте достарыма оқысын, білсін деген ниетпен беретінмін. Ал енді бір ғана кітап данасының қалың жұртшылыққа тарап, пайда тигізе алатындай мүмкіндік туды. Сондықтан баршамызды атсалысуға шақырамын», деді Олимпиада чемпионы, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев.
Сонымен қатар шараға «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры, «Болашақ» қауымдастығының мүшесі Саясат Нұрбек қатысып, кітап оқу қажеттілігінің 5 себебін бөліп айтып берді.
«Кітапта адамның өткен өмірінде жинаған тәжірибесі, жасаған қателері баяндалады. Яғни кітаптан тәжірибе алуыңызға болады. Екіншіден, кітап абстрактілі түрде ойлай білу қабілетіңізді дамытады. Үшіншіден, ол сіздің сөздік қорыңызды байытады. Біздің ойлай білу қабілетіміз сөз байлығымызға байланысты, ал сөздік қорды дамытудың жақсы жолы ‒ кітап оқу. Төртінші себеп, кітап ‒ адамды рухани дамытады. Кітаптан біз әлеуметтік модельдерді, әлеуметтік рөлдерді көреміз. Бесінші себеп – кітапты оқи отырып, әлем кеңістігінің қаншалықты кең екенін түсінесіз».
Ал бизнесмен, меценат Қайрат Құдайберген Алматыда өз компаниясының қаржысына 10 бірдей кітап сөресін орнатуға уәде берді.
«Маған қазақ әдебиеті классиктерінің туындылары өте ұнайды. Сонымен қатар бизнес туралы жазылған кітаптарды оқуға тырысамын. Адамның білімі неғұрлым терең болса, ол соғұрлым табысқа жете алады деп ойлаймын», деді Қайрат Құдайберген.
Жоба идеясының авторы – «Болашақ» бағдарламасының түлегі Лаура Демесінова есімді бойжеткен. Ол кітап сөрелерін ашу туралы идея Германияның Ганновер қаласында жүрген кезінде келгенін айтты.
Шара соңында қонақтар қанатқақты жобада оқыған кітаптарымен бөлісіп, жастарды белсенді болуға шақырды.
Айгүл ШЕРНИЯЗ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»