Футбол • 09 Қазан, 2017

Артур Петросян: Тең ойынға қос команда да қанағат тұтуы керек

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Армения кездесуінен кейін Армения құрамасының бас жаттықтырушысы Артур Петросян журналистер сұрағына жауап берді.

Артур Петросян: Тең ойынға қос команда да қанағат тұтуы керек

– Бүгін матчта екі команда тарапынан көптеген қателік кетті. Екінші кезеңде менің командам шаршаңқырап қалды. Сол себепті де ойыншыларды ауыстыруға тура келді. Оның үстіне жанкүйерлеріңіздің қолдауы футболшыларыңызға қосымша күш-қуат беріп, бізге көбірек проблема туғызды. Егер де соңғы секундта гол соққанымызда, біз жеңіске жетер едік. Әйткенмен, қазақстандықтар жеңіліске лайық емес еді. Тең ойынға қос команда да қанағат тұтуы керек.

– «Е» тобында Армения мен Қазақстан тиісінше бесінші-алтыншы орындарды бөлісті. Қос құрама осындай орынға лайық па?

– Статистика дұрыс айтады. Әзірге біз осы орынға лайықпыз.

– Бұл матчта Армения құрамасы бар күш-жігерлерін көрсете алды ма?

– Егер де алдағы уақытта осылай өнер көрсете беретін болсақ, онда келесі іріктеу турниріне қатыспай-ақ қойсақ та болады. Себебі, 80 пайыз ойыншымыз құрамада бұрыннан бері өнер көрсетіп келеді. Бізге жаңа толқын керек. Әйтпесе барлығы бекер.

– Ереванда өнер көрсеткен Қазақстан мен бүгінгі құраманың деңгейін салыстыруға келе ме?

– Маған бүгінгі командаларыңыз ұнады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Арменияны құрамасын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті.

Алмас МАНАП,
"Егемен Қазақстан"