Аймақтар • 09 Қазан, 2017

Алакөл «Үздік туристік нысан-2017» аталымын иеленді

774 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының өзі «еліміздің інжу-маржаны» деп бағалаған Шығыс Қазақстанда туризм саласын дамытуға мүмкіндік мол. Сұлтанмахмұт Торайғыровша өрнектесек, «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп шет елдіктерге де, өзіміздің азаматтарға да ұялмай көрсетуге тұрарлық көркем жерлер жетерлік. 

Алакөл «Үздік туристік нысан-2017» аталымын иеленді

Жақында облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы халықаралық туризм күніне орай өңірдің туризм саласын өрге сүйреп жүрген ұйымдар мен аудандарға құрмет көрсетіп, бірнеше аталым бойынша марапаттады. «Үздік туристік оператор», «Үздік туристік нысан», «Үздік туристік база», «Үздік туристік бағыт», «Үздік қонақүй», «Үздік мейрамхана», «Үздік қолөнерші», «Үздік туристік шара», «Жыл жаңалығы», «Жыл жобасы», «Жыл серіктесі» секілді аталымдармен дараланғандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтады. «Соңғы екі жылда облыс аумағындағы туристік бағыттардағы автомобиль жолдарын  жөндеуге 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұлар – Алакөл мен Сібе көлдеріне және Нұртау, Алтай Альпісі демалыс базаларына, Катонқарағай ауданына апаратын жолдар. 2015-2016 жылдары өңірде туристік нысандарды салу бойынша 682 миллион теңгеге 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 2023 жылға дейін аймақта құны 18 миллиард теңгені құрайын 26 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инфрақұрылымды жасақтауға аз көңіл бөлініп жатқан жоқ, сіздер де туристерді тарту бағытында аянбай жұмыс істеуге тиіссіздер», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Биыл «Үздік туристік нысан-2017» аталымын Үржар ауданы иеленді. Ағымдағы жылы аталған аудан аумағындағы Алакөлге туристердің ағылып келіп, саны екі есеге дейін арта түскені белгілі. «Биыл біздің аудан үшін ерекше жыл болды. Алакөл жағасын абаттандыруға облыстық бюджеттен 500 миллион теңге қаржы бөлініп, демалыс орны адам танымастай өзгерді. Келесі жылы да абаттандыру, көріктендіру жұмыстары жалғасады. Ең үлкен жаңалық, 2018 жылы көл басына дейін пойыз жүргізу жоспарланып отыр», - дейді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Жарқынбек Байсабыров.

Сонымен қатар Нұрымбет Сақтағанов «Шығыс-Батыс» мейрамхана сарайының директоры Мұхтар Тойбазаровқа, «Баян» пантымен емдеу филиалының директоры Баян Башеваға, «Климовка» демалыс базасының директоры Владимир Климовқа, Катонқарағай ұлттық паркінің директоры Ерлан Мұстафинге және «Меридиан» туристік фирмасының директоры Айман Жакуповаға «Шығыс Қазақстанның туризм саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» Алғыс хатын тапсырды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

 

Соңғы жаңалықтар