Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев облыс активі барысында жаңа тағайындаулармен таныстырды.
Қаржы басқармасын енді 26 жастағы Нұрсұлтан Бисембиев басқарады. Ол бұған дейін осы басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Нұрсұлтан Бисембиев бухгалтер-аудитор, экономист мамандықтарын үздік бітірген. 2013-2017 жылдары Атырау облыстық тексеру комиссиясында оператордан бастап бас инспектор-ревизорға дейін түрлі лауазымдар атқарған. 2017 жылы мамыр айында Атырау облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып 58 жастағы Мақсот Мұқанов тағайындалды.
Мақсот Сайполұлы Мұқановтың мамандығы - экономист- ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы. Еңбек жолын 1982 жылы Қызылқоға ауданы Абай кеңшарында экономист болып бастаған. "Комсомол" совхозында бас экономист, аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігі басшысының орынбасары, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы, аудан əкімшілігі экономика комитетінің төрағасы,аудандық қаржы бөлімінің басшысы, аудандық қаржы бақылау бөлімінің басшысы, Қызылқоға ауданы əкімінің орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.
2012 жылдың қазан айынан бастап Қызылқоға ауданы əкімінің орынбасары, 2013 жылдың шілдесінен күні бүгінге дейін Қызылқоға ауданының əкімі болды.
Мақсот Мұқанов Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен, бірінші дəрежелі "Еңбек даңқы" белгісімен, "ҚР тəуелсіздігіне 20 жыл", "ҚР Конституциясына 20 жыл", "ҚР тəуелсіздігіне 25 жыл" мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Актив барысында облыс əкімі Нұрлан Ноғаев жаңа тағайындалған басқарма басшыларына табысты, тиімді жұмыс тілеп, екі басшының да қазіргі заманғы мемлекеттік аппарат құру қағидасы бойынша таңдалғандарын жəне жоғары лауазымды қызмет атқаруға лайық екендерін айтты.