Аймақтар • 09 Қазан, 2017

Атырауда бұқаралық велошеру өтті

366 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл сайын 14 қазанда атыраулықтар қала күні мерекесін атап өтеді.

Атырауда бұқаралық велошеру өтті

Биыл да мұнайлы мекеннің мейрамы ерекше шараларға толы. Өткен сенбіде 500-ден астам атыраулық велошеруге қатысты. Тоғыз шақырым жолды жүріп өткен велосипедшілер арасында алтыдағы баладан алпыстағы қарияға дейін бар. Саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан бастап аймақ тұрғындары белсенді қатысты. «Бұл өте жақсы үрдіс, - деді аймақ басшысы. –Қала күніне орай мәдени-көпшілік, спорттық шаралар жоспарланды. Осындай акцияларға облыс тұрғындарының немқұрайлы қарамайтыны қуантады».

Жарыс алаңы Атырау қаласының орталық көшесінен басталып, тоғыз шақырымға созылды. Велошеруде үздік нәтижелерімен көрінген қатысушыларға арнайы аталымдар бойынша сыйлықтар табысталды.

Қала күні аясында «Сұлулық әлемді құтқарады» атты халықаралық суретшілер симпозиумымен басталатын шаралар легі «Жас дарын» байқауы, шахматтан ашық турнир, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қалалық фестиваль, азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі, жастар театрының қойылымы, қазіргі заманғы көше билері байқауы, Музей түні, марафон, дзюдодан, байдарка мен каноэ есуден турнир болып жалғасады. Ал 14 қазанда облыс орталығында «Ретро» саябақ және «Дос-Мұқасан» кіші сәулет нысаны ашылады. Оған аты аңызға айналған топ арнайы келіп қатысады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ. 

Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев.