Аймақтар • 10 Қазан, 2017

Қостанайдың көмірі алғаш рет тұтынушыларға жол тартты

850 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шоқан ойнап өскен Құсмұрын енді еліміздегі көмір бассейнінің біріне айналғалы тұр. Өткен жылы ақпан айында «Қазақ көмір энергетикалық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Құсмұрын» кенішінің №1 разрезінде көмір аршу жұмыстарын бастаған болатын.  

Қостанайдың көмірі алғаш рет тұтынушыларға жол тартты

Жұмыс көлеміне қарап бір жылға жетпейтін уақытта кө­мір тұты­ну­шы­ларға жетеді деп ешкім де ойламаған. Аршу жұ­мыс­тарымен қатар жер асты суын тартып шығару белгіленген уақыт­та атқарылып отырды. Со­ның арқасында қазан айының ба­сын­да, тарихи сәтті анығырақ айт­сақ, 2 қазан күні «Құсмұрын» кені­шінен бірінші көлікке көмір ар­тыл­ды. Құсмұрын, Әулиекөл төңі­регін­дегілер бірінші рет үйін қоңыр көмірмен жылытты. Тоннасы 6000 теңге тұрады. Элек­трон­ды таразы орнаты­лып, көлік келе­тін жол төселген.

Көмір ашық алу тәсілімен өндіріліп жатыр. Барған сайын карьердің тереңдей беретіні белгілі. Мамандардың айтуын­ша, тереңнен аршылған са­йын көмірдің сапасы да жақ­сара түседі екен. Әу бастағы жоба бо­­йын­ша алдағы уақытта қоңыр көмір өңделетін болады.

– Осы істі қолға алғанымыз­ға бар­­лығы бір жарым жыл­дай уа­қыт болды. Атқарған жұмыстар нәти­­жесін беріп отыр. Көмірді ал­ды­­мен өзіміз жағып көргенбіз, қа­зір өндірістік ғимараттарымыз бен кеңсені жылытып жатырмыз. Кү­лі аз, қызуы жақсы. Мұнан ар­т­ық не керек?! Жалпы, қоңыр кө­­мір коммуналдық қажетті­лік­тер­ге, яғни тұрғындардың үйін жы­лы­туына, қазандықтарға жағу­­ға жарамды. Әуелі тұрғын­дар аз-аздан алған, енді күн са­йын кө­мір алушылар қарасы мо­лайып келе­ді. Көмірдің сапасы ұна­маса тұтыну­шылар келмес еді, әрине. Қазір Аманқарағайда Қара­ған­ды­дан, Екібастұздан әке­лінген көмір­дің тоннасы 18 мың теңге, Құс­мұрын станса­сында 16-17 мың теңге тұрады. Ал біз жер­гілік­ті жерден шығып жатқан соң, оның бағасын 3 еседей арзан ұсынып отырмыз, – Қазақ көмір энер­гетикалық компаниясының бас ди­ректоры дейді Нұржан Жанпейісов.

Қазір лабораториялық ғы­лы­ми жұмыстар жүріп жатыр. Негізі болашақта көмір­ді өңдеу жоспарда бар. Ауызбен айта салғанға бәрі де оңай. Ол үшін алдымен ғылыми түйін және құрал-жабдықтар, қар­жы керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын мазут өте қымбатқа түсетіндіктен қыс­тан шығуы ұзын-сонар әңгіме бола­тын Арқалық қаласына жы­лу беруді мазуттан көмір­ге ауыс­тыру, ол үшін Құсмұ­рын кө­мірін пайдалану туралы об­лыс­­та мәселе көтеріл­ген бо­ла­­тын. Өндіріс жетек­шісі бұл мәсе­ле қуат­ты­лықты арт­т­ы­ру мен көмір­ді өңдеу тех­ноло­­гиясына қол жеткізген соң қарал­са игі екенін айтты. Ком­па­ния алдағы он екі жыл ішінде жы­лына 5 миллион тонна көмір шы­­ға­ру қуаттылығын игеретін бола­­ды. Оған жету үшін қара ал­тын­­ға экскаватор шөміші енді тиген ке­ніш­­терде жобада қарас­тырыл­ған жұмыстар кезегі­мен атқарылады.

Бүгінде кеніште жүздей адам жұмыс істейді. Оның жар­тысы­нан көбі Құсмұрын кентінің тұрғындары, қалғандары Әулие­көл ауданындағы жақын елді мекендерден келіп еңбек етеді. Көмірдің сатыла бастауы­на бай­ла­нысты жұмысшылар жала­қы­сы да көтерілді.

Темір кенімен, астығымен, соңғы жылдары машина жа­сау өндірісімен даңқы асқан Қос­танайдың атын енді қоңыр көмір тағы көтерер. Құсмұрын өңірінен тек бұл емес, әлі бірнеше кеніш аршылады деген жобалар бар. Көрші Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан облыс­тарында көмір өндірісі жоқ. Сондықтан Қазақстанның сол­­түстік аймағындағылар, өзі­міз­дің облыс, оның сыр­тында Ресей­­дің іргелес елді мекен­дері­нің бар­лығы қоңыр көмір үшін Құс­мұрынға келе­тін уақыт та алыс емес. Н.Жан­пейісов­­тің айтуын­ша, бұл еліміз­­дің көмір өндірі­сін­дегі ірі жоба. Сон­­дық­тан Қостанай­дың қоңыр көмі­рінің аты ұзаққа барады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауданы

 

Соңғы жаңалықтар