Ұлт жоспарының 83-қадамына орай әзірленген жаңа Еңбек кодексі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген. Бүгінде аталған құжат аясында реттелетін еңбек қатынастарына ел тұрғындарының 70 пайызы тартылған.
Жиынды ашқан Г.Исимбаева жаңа Кодексті қолданып отырған қазіргі кезеңге дейінгі аралықта еңбек саласындағы көптеген базалық көрсеткіштер бойынша оң серпіліс байқалғанын тілге тиек етті.
«Атап айтқанда, Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі Жаһандық индексінде «Еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша 140 мемлекеттің ішінен 35-орынға ие болды. Десек те, біз негізгі мәселенің бірі – дағдарысқа қарсы шаралардан еңбек нарығын реттеудің ұзақ мерзімді, жүйелі іс-қимылына көшу жөнінде, төртінші өнеркәсіптік революция, жедел жүзеге асып жатқан цифрландыру және роботтандыру процестері туралы және еңбек ресурстарының босауы жөнінде ойлануымыз керек.
Бұл мәселенің бәрі Үкімет сағаты тақырыбының маңыздылығын айқындайды», деді ол.Содан кейін сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова тарапынан бүгінде қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жасалған ұжымдық шарттардың саны 9 пайызға өсіп, еңбек дауларын шешудің сотқа дейінгі институттарының қызметі (татуластыру және келісім комиссиялары, медиация) дамып жатқандығы айтылды.
«Еңбек тәуекелі карталарындағы ақпаратты ескере отырып, биылғы жылы еңбек инспекторлары Еңбек кодексінің жаңа нормаларына сәйкес, зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайындағы 149 кәсіпорында болды. Осы орайда айыппұл санкцияларынсыз еңбек қауіпсіздігі стандарттарын орындау тұрғысында жұмыс берушілерге 300-ге тарта ұсыныс берді. Оның ішінде бүгінде 240-қа жуығы орындалды.
Үшжақты комиссияның отырыстарында еңбекақы бойынша қарыздары бар 294 кәсіпорын қаралды. Осы жылдың 8 айында 17 жұмысшының алдындағы 2,2 миллиард теңге еңбекақы қарызы өтелді. Сонымен қатар жұмысшыларды босатуды жоспарлаған 396 кәсіпорынның 5 мың қызметкерін жұмыстан шығару қадамына жол берілген жоқ. 100-ден астам жұмысшысы бар 250 кәсіпорын еңбек және әлеуметтік заңнаманы жиі бұзатын тәуекел тобына жатқызылды», деді министр.
Т.Дүйсенованың сөзіне қарағанда, биыл мемлекеттік инспекторлар 539 жоспарлы тексеру жүргізген. Яғни, тексерулер саны 2014 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам деңгейге азайған болса, ал тексерулер тәуекел тобына енген кәсіпорындарда ғана іске асырылыпты. Сондай-ақ азаматтардың шағымы бойынша 5 136 жоспардан тыс тексеру жасалған.
«Оның басым бөлігі жұмысқа алу мен босату мәселелерін қамтыса, 4 мың кәсіпорында 6 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша 326 миллион теңге көлеміндегі айыппұл санкциялары салынып, 761 іс құқық қорғау органдарына жіберілді. Бұл тұрғыда 161 лауазым иелері қызметінен босатылды», деді Т.Дүйсенова.
Отырыс аясындағы талқылау барысында депутаттар тарапынан жастар мен жас мамандар мәселесіне қатысты пікірлер де айтылды. Айталық, Еңбек кодексінің бірнеше баптарына жаңаша өзгерістер енгізілгендігін атап өткен депутат Жанат Омарбекова еңбек қатынастарының жаңа түрін қалыптастыру мен еңбек заңнамасын ырықтандыру бағытында оңтайлы шешімдер қабылданғанына тоқталды.
«Жаңа Еңбек кодексі бойынша жұмыс барысында, көптеген жұмыс берушілер мен қызметкерлер басшыларға арналған 3 айлық сынақ мерзімінің жеткіліксіздігі туралы наразылық білдірді. Өйткені оларға басқарушылық дағдыларын көрсетіп, дәлелдеуге және жұмыстың бәрін қабылдап, іс-қимыл жоспарына ену үшін бұл уақыт жеткіліксіз. Кейбір жағдайларда, тәжірибе бойынша жетекші қызметкерлер үшін өтпелі кезең 12 айға дейін болуы мүмкін. Жаңа Еңбек кодексі жартылай шешім ұсынады. 2016 жылдан бастап жұмыс берушi басшылар мен олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ филиал басшылары мен өкілдері үшін сынақ мерзімін 6 айға дейін белгілеуге құқық беріледі», деді ол.
Сондай-ақ еңбек нарығындағы жастардың нақты жасы мен олардың практикалық тұрғыда жиі кездесетін қиындықтары тұрғысында депутат Бақтияр Мәкен мәлімдеме жасады.
«Мысалы, Статистика комитеті 15 пен 28 жас аралығын жастарға жатқызса, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда бұл 14-29 жас аралығы деп көрсетілген.
Жастардың жасын осы заңға сәйкес атауды дұрыс деп санаймын. Сол сияқты елімізде оқудың соңғы жылындағы ЖОО студенттері үшін практикалық іс-тәжірибеден өту көп жағдайда, тек, ресми сипатта ғана жүргізіледі. Бұл бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» шеңберінде «Жастар практикасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, айтылған жобаларға бақылау жасайтын бірыңғай мемлекеттік орган қажеттігі туындауда», деді Б.Мәкен.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»