Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев іс-шараға 25 республикалық және аймақтық телеарна, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен 100-ден аса продакшн-компаниялар қатысқанын атап өтті.
«Қазақстандық БАҚ, кино және продакшн-студиялардан басқа «Контент-маркетке» құрметті қонақтары ретінде 7 шетелдік делегация келді. «ASTANA DIGITAL FORUM»-на 23 спикер және әр саланың 300-дей өкілі жиналды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен «Бас редакторлар клубы» ҚҚ, «Ел-шежіре» ҚҚ аймақтық БАҚ өкілдері үшін 8 семинар және тренинг ұйымдастырды. Ал 6 қазанда «Аймақтық БАҚ форумы» өтті. Онда медиа саласының беделді сарапшылары медиа-контент сапасын көтеру мәселелерін, сонымен қатар, БАҚ саласындағы заңнаманы талқылады. «Аймақтық БАҚ форумының» жұмысына барлығы 20-дан астам белгілі спикер мен еліміздің түкпір-түкпірінен 400 журналист қатысты», деді Алан Әжібаев.
Айта кететін тағы бір жайт, 6 қазанда ең үздік баспасөз қызметін марапаттау рәсімі өтті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»