Басқосу барысында салалық қауымдастықтар мен компанияларға жалған лотереялар және ақша ұтысы бар интернет-ойындарының зиянды әсері туралы, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесімен айналысатын тұлғалардың, жалпы аумақта ойын автоматтарын орналастыру үшін орынжайды жалға берушілер мен олардың иелерінің қылмыстық жауаптылығы жөнінде кезекті рет хабарланғаны мәлім болды. Мұндай жұмыстарды кешенді түрде ұйымдастырып тұру көптеген заңға қайшы әрекеттердің жолына тосқауыл болатын көрінеді. Мамандар тексеріс қорытындысының нәтижесіз болмағанын алға тартады.
– Экономикалық тергеу қызметінің мәліметі бойынша 2017 жылдың 8 айы ішінде 50 ойын мекемесінің заңсыз жұмысы тоқтатылды. Оның ішінде 43 мекеме электронды казиномен айналысса, жетеуі – ойын аппараты залы. 617 компьютерлік техника, 246 теледидар, 117 электронды терминал, 21 ойын автоматы мен шамамен 6 млн теңге ақшалай қаржы алынды, – деп мәлімдеді Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Асқар Тынысбеков.
«Консультативтік-кеңес беруші органның алдыңғы отырысының қорытындысы бойынша бизнестің сауалына қатысты «Қазақтелеком» АҚ электронды шот-фактура ақпараттық жүйесі каналы операторының өткізу қабілетін арттыру туралы ұсыныс жолдады. Нәтижесінде каналдың жүгі тұрақталды және 500 мбит/с дейін реттелді. Заңнамаға кедендік тазалау кезінде шетелдік валютада операцияны қайта есептеуде пайда болатын тиын айырмашылығын есептеуге қатысты өзгерту енгізу ұсынысы бойынша жоғарыда аталған жағдайларды заңнаманың бұзылғаны деп қарамау және камералдық бақылау жүргізгенде әкімшілік жауапкершілікке тартпау шешімі қабылданды», деп атап өтті А.Тынысбеков.
Жиында электронды шот-фактураны беру кезінде қайталанатын қателіктер, «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесін енгізу мәселелері де назардан тыс қалмады.
Консультативтік кеңес отырысының мақсаты кәсіпкерлік субъектілері мен салық және кеден істері саласында қызмет атқаратын тұлғаларға көмек беру, салық және кедендік реттеуді жетілдіру, әкімшілендірудің тиімді тәсілдерін енгізу, елімізде бизнес жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасау.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы