Яғни Ертіс ауданына 3 отбасы (16 адам), Ақтоғай ауданына 1 отбасы (3 адам), Успен ауданына 1 отбасы (3 адам) орналасқан. Біз жұмыс сапарымен Ертіс ауданына барғанымызда онда 8 отбасы (34 адам) көшіп келгенін білдік. Осындағы Голубовка ауылына Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Ынтымақ ауылынан қоныс аударған Азат Демесіновтің өз мамандығы инженер болса, әйелі мұғалім екен, отбасында 3 баласы бар. Бірден үйлі болған Азат «Абай» ЖШС-іне инженер-бақылаушы, ал Людмила мектепке жұмысқа орналасып, 35 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі жәрдемақыға ие болды. Олардың 1 жылға дейін коммуналдық төлемдер мен жалға алу шығындары өтеліп, басқа да көмектер берілмек. Осы ауданның Бұланбай ауылына жергілікті кәсіпкер Амантай Мусиннің ұйытқы болуымен Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысынан және Өзбекстаннан 5 отбасы көшіп келді. Олар 3 мыңдай жылқысы бар «Алтай», «Қарпық», «Сайдалы», «Сартоқа» шаруа қожалықтарында еңбек етуде. Көшіп келгендерге үй берілген. Алдарында малы да бар.
Амантай ағамыз жыл соңына дейін тағы 3 отбасын қабылдап алуға әзір. Қазір аудан орталығы Ертіс пен Ағашорын ауылында 24 пәтерлі, Северный мен Голубовка ауылдарында 2 пәтерлі 4 үй салынуда. Голубовка мен Бұланбайдан басқа Ертіс, Амангелді ауылдарына да оңтүстіктегі Мақтаарал, Түлкібас, Сарыағаш аудандарынан келген бірді-екілі отбасылар орналасыпты. Аудан әкімдігі келесі жылы 200 отбасын орналастыруға әзірленуде.
Сонымен бірге Павлодар ауданына да Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 1200-ге жуық адам келіп қоныстанады деп жоспарлануда. Аудан басшысы Александар Бабенко бастаған әкімдік қызметкерлері оңтүстік өңірлерге барып қайтты. Нәтижесінде Чернорецк ауылына Сарыағаштан 5 отбасы келді. Олар қазір жұмысқа орналасып, уақытша берілген үйлерге орналасқан. Оңтүстіктегі сияқты Павлодар ауданы да көкөніс өсіреді. Бір Черноярка ауылында 150 шаруа қожалығы бар. Біз Чернорецк ауылына келген Ербол Молдабаев, Ұлан Молдиев есімді азаматтармен кездестік. Екеуі де жергілікті «Мақаш» шаруа қожалығына жұмысқа орналасыпты. Аудан әкімдігі оларға үй салу үшін жер берілетінін жеткізіп, бір жылға арналған жалдық пәтер құнын төлеуге уәде беріпті.
Бастысы, шеттен келген ағайындар мен оңтүстік облыстардан қоныс аударушылардың отбасыларын орналастыруда қазақ тіліндегі мектептер мен сыныптардың болуы, балабақшалармен қамтылуы, жаңа ортаға тезірек бейімделіп кетулеріне жан-жақты көмек қажет. Жергілікті әкімдіктердің ақпарларына қарасақ, өндірісті өңірге жұмысшылар, бақташылар, тракторшылар жетіспейді. Сондықтан оңтүстік өңірлерден көшірілетін тұрғындар алдымен осы орындарды толтыруы тиіс. Екібастұз, Ақсу сияқты өндірісті қалалардың діттегені де осы. Ал Железин, Баянауыл аудандарының кәсіпкерлері ауылшаруашылық мамандары үшін жұмыспен бірге тұрғын үй беруге дайын. Басқарманың көші-қон бөлімі «Оңтүстіктен солтүстік өңірлерге көшіп келіп, еңбек еткісі келетіндердің қатары көп. Мәселен, Шымкенттен 200 және Қызылордадан 300-дей отбасы Павлодар өңіріне қоныс аударуға ниет білдіруде. Бірақ баспана мәселесі қиындау. Келгендерінде үй жоқ, олар жұмыс берушілер тарапынан берілетін қызметтік пәтерлерде және пәтер жалдап тұрып жатыр» дейді.
Қазір облыс аумағындағы ауыл халқының саны – 223 742 адам (29,5 пайыз). Сондықтан Павлодар облысына көшірудің негізгі маңызы демографиялық демеу болуы тиіс екенін ескерген абзал. Бұл үшін көшіп келген тұрғынға әуелі баспана керек. Қоныс аударған отбасыларға тегін үй берілмейді. Балалы-шағалы отбасы бар адамның бір жерден екінші жерге көшіп келіп, үй жалдауға күйі келмесі анық. Бір жылдан кейін күйі кетеді, еріксіз қайта жолға жиналады. Еліміздегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы 2013 жылы қабылданды. Бағдарламада жұмыс күшіне тапшы өңірлерден жұмыс күші артық облыстарға шақыру айтылғанымен, бұл мәселеде алдымен өңірлік жоспардың керегі анық. Мысалы, облыстық әкімдіктің көші-қон бағдарламасы қандай, нақты жоба-жоспар жасалған ба деген сұрақтар баршаны мазалайды. Ал қазіргі ахуалға қарасаңыз, облыстық әкімдіктің отырыстарында бұл жайында талқылау, талдау жасалғаны байқалмайды. Сондықтан бірді-екілі адамның көшуімен қоныстандыруды жүзеге асырудамыз деген сөз әлі шикілеу. Оңтүстіктен, шеттен келген қазақтар болсын, жергілікті әкімдіктермен тығыз байланыс орнатуы қажет. Оларға керегі ауылына ел қонып, жұрт көшіп келіп жатқанда құшақ жая қарсы алып, оларды жаңа қонысқа бейімдеу ғой.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов «Көшем деген азаматты ынталандыру керек. Ол сол аймаққа қызығушылықпен баруы қажет. Біз оларға үй алып береміз, жағдайыңды жасап береміз деп үміттендірмеуіміз керек. Мемлекет ешкімге бара салып үй әпермейді. Ал көшіп жатқандарға біз тұрғын үйлік несие алудың жеңілдетілген түрлерін қарастыруға немесе жалға алған үйдің шығындарын өтеу сияқты құралдарды қарастырамыз», деген-ді.
Вице-министрдің айтуынша, алдағы 5 жылдың ішінде 59 мың отбасыны көшіру, көші-қон жұмыстарын 2018 жылдан бастау жоспарланған. Оларды әлеуметтік қолдау үшін бір жыл бойы баспана жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеуге әртараптандырылған көмек қаржысы бөлінбек. Көшу шығындары да мемлекет есебінен қарастырылады. Өңір басшылығы осы көшке осы бастан әзірлік жасауы тиіс. Кезінде бұрынғы Мәжіліс депутаты Светлана Жалмағамбетова «Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында халық саны аз. Ол жаққа оңтүстіктен тұрғындарды көшіру керек. Ауылдар бос жатыр», деп дабыл қаққан еді. Мәселе әлі күн тәртібінде тұр. Мысалы, ауыл тұрғындары қажетті жер теліміне қол жеткізе алмайды. Біреулер иеленіп алса да бұл жерлер бос жатады. Ауылды сақтау, ауылға ел қондыру мәселесі облыстық прокуратураны да ойлантып отыр.
– Сондықтан өңірдегі аудан прокурорларына жердің айқын, заңды және әділ бөлінуін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Жыл сайын аграрлық секторды дамытуға ауқымды қаражат бөлінеді. Бұл туралы ауыл тұрғындары біле бермейтіндері рас. Субсидия мен несиелер жыл сайын белгілі бір адамдарға ғана берілмеуі тиіс. Ауылдықтарды жұмыспен қамту тұрғындардың қалаға қоныс аударуын азайтады. Облыс халқының 20 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Халықтың орналасу тығыздығы төмен. Тұрғындары аз әрі шалғайда орналасқан әр ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Аудан прокурорлары жергілікті атқару органдарымен бірлесіп әр ауыл бойынша бұл мәселені зерделеп, шешуге міндетті. Сумен жабдықтаудың өзге де көздерін қарастыратын жобаларды іске асыруды ұсыну қажет, – дейді бұл ретте облыс прокуроры Серік Қараманов.
Ал ауылдарда, аудан орталықтарында қазір бос үйлер де жоқ. Егер мемлекет тарапынан үй берілсе немесе үй сатып алуға жететіндей қаражат бөлінетін болса ғана солтүстікке ел көшіруге болады. Мысалы, көшіп келген отбасы Ертіс ауданындағы Голубовка ауылына барады. Өйткені онда ауылды өркениетті дәрежеге жеткізген Николай Миллер есімді кәсіпкердің шаруашылығы бар. Ол шағын қалашық салып, баспана беріп отыр. Яғни көшіп келушілер ауылдарға қызығушылықпен баруы керек. Біз қалай қызықтыра аламыз? Көп ауылдарымыз шалғайда. Жолсыз, сусыз. Сондықтан келушілер облыс орталығының іргесіндегі көкөніс өсіруге әлеуеті жеткілікті Павлодар ауданы, Екібастұз, Ақсу сияқты өндірісті қалаларға, Железинка, Успенка, Қашыр аудандары сынды халықаралық жолдардың бойында тұрған, шаруашылықтары дамыған жерлерге ірге тепкісі келеді. Мысалы, Өзбекстан жағынан келген қазақтардың дені Екібастұздың Солнечный кентіне қарай жол тартады. Бұл жерде ГРЭС-2 стансасы мен оның бос тұрған, жөндеу жүргізіліп жатқан пәтерлері бар.
Айта кетерлігі, көшіп келушілерге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жол шығынын өтеуге субсидия беріледі. Яғни үйдің отағасы 50 айлық есептік көрсеткіш және басқа мүшелері 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы алады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірдің технология, химия-механика, бизнес, аграрлық-техникалық колледждері «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарынан 200 жасты қабылдамақшы. Қуаныштыақ хабар. Елге ел қосылса – құт. Алайда өңірлік жоба-жоспар қабылданбай, көш қабылдау ісінің тұрақты жолға түспейтінін түсінсек екен.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы