Кино • 10 Қазан, 2017

«Балуан Шолақ» фильмі 2018 жылы көктемде прокатқа шығады

1221 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша өндіріске жіберілген «Балуан Шолақ» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары аяқталды.

«Балуан Шолақ» фильмі 2018 жылы көктемде прокатқа шығады

Фото: «Қазақфильм» киностудиясы

Фильмде жұртшылықты өзінің қара күшімен ғана емес, композиторлығымен де тәнті еткен Балуан Шолақ туралы баяндалады. Бұл – режиссер Нұргелді Садығұловтың көркем фильмдегі тырнақалды туындысы. Киносценарий жазушы, драматург Дулат Исабековтың М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жазылған. Режиссер бізге фильмнің өндірісте жүріп жатқан монтаждау кезеңі мен түсірілім жұмыстары аясында атқарылған шаруа жайын баяндап берді. Режиссер фильмнің түсірілім жұмыстарына тыңғылықты дайындықпен келгенін айтады.

Балуан Шолақ

– Бұл – Балуан Шолақ жайлы алғаш рет түсіріліп отырған толықметражды фильм. Балуанның ұрпақтарымен сөйлесе отырып, зерттеу жұмыстарын жүргіздік, – деген режиссер фильмнің әсіресе жастар үшін тәрбиелік, тағылымдық мәні зор екенін айтады.

2016 жылы желтоқсан айында басталған түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Павлодар қаласы және Бурабайда өткен. Алматы облысы Кеген және Жалаңаш ауылдарында фильмнің негізгі бөлігі түсірілген. Көпшілік сахналарға 500-ге жуық адам қатысқан. Режиссердің айтуы бойынша фильмде компьютерлік графика көп жасалады.

«Осы күзде түсіретін бір сахна қалды, түсірілім жұмыстарына толық 7 ай уақыт кетті. Қызылжар жәрмеңкесін сахналау үшін көптеген тарихи деректерді жинастырдық. Павлодардағы өлкетану музейінен тың мәліметтер табылды. Мысалы, тауарлар керуенмен ғана емес, су жолдарымен де тасымалданған екен», дейді режиссер.

Режиссер Балуан Шолақ тақырыбына бала кезден ынтық болып өскен. Өйткені Нұргелдінің өзі де кезінде күреске белсене қатысқан.

«Шу ауданы, Төлеби ауылындағы шағын мұражайдың алдында Балуан Шолақ көтерген деген ауыр тас жататын. Әр жарысқа кетер кезде атамыздыкіндей күш болсын деп жарысқа ырымдап аттанатынбыз. Кейін «Жаужүрек» спектаклін көргеннен кейін, Дулат ағамызға ұсыныс тастадым. Ол кісінің қолдауымен 2012 жылдан бері кино түсіруге қамдана бастадық», дейді.

Фильмнің қоюшы-суретшісі Ержан Сүлейменовтың айтуы бойынша декорацияларды екі айдың ішінде тұрғызған. Кейіпкер бейнесін үстемелей отырып қоғам сипатын көрсетуге, шығармаға ұлттық сипат беруге бас назар аударылған. Суретшілер департаменті жәрмеңкені архив материалдары мен суреттер негізінде жасап шыққан. Бас кейіпкерлер – Балуан Шолақ, Ғалия, Балқадиша және Татьянаның киімдері костюм жөніндегі суретші Меруерт Торыбаеваның эскиздері бойынша тігілген. Мысалы, балуанның анасының образы үшін 30-дан астам костюм эскизі жасалғанын айтуға болады.

Режиссердің сөзінше, фильмнің бас кейіпкері – Балуан Шолақтың рөліне актерді көп іздеген. Кастингке кәсіби актерлермен қатар спортшылар да қатысқан. Бірінің дене тұрқы сәйкес келмесе, енді бірінің образ жасауда шеберлігі жетпеген. Қатаң іріктеуден соң Балуан Шолақтың рөліне актер Еркебұлан Дайыров бекітілген. Балуанның образына сәйкес келуі үшін актер күрестен дәріс алып, 15 килограмм салмақ қосқан. Фильмге Еркебұлан Дайыровпен бірге еліміздің танымал актері Болат Әбділманов пен жас актриса Жанел Мақажан түседі.

Фильм 2018 жылдың көктемінде жалпы прокатқа шығады деп жоспарланып отыр.  

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»