Қазақстан • 10 Қазан, 2017

Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасынов туралы не білеміз?

3749 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!». 

Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасынов туралы не білеміз?

Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың ағынан жарылып айтқан сөзі. Нұртас Дәндібайұлының өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде өтті. 

Сталиндік репрессия мен Хрущевтің билігі жүрген алпысыншы жылдардың басына дейінгі аралықта уақыттың құлы болып қалу оңай еді де, халықтың ұлы болып қалу тым қиын еді.

Ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1937 жылдың соңына қарай бар-жоғы 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін арқалады. Оның есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланыс­ты екені даусыз. Абай атындағы Опера және балет театрының, Қыздар пе­дагогикалық институтының құрылуына атсалысып, шаңы­рағын көтеріп, уығын өз қолымен қада­ды. Бұдан басқа Қарағанды металлургия­сын, Мойынты – Шу темір жолын, теріскейге темір ­жол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. Қазақ Ғылым академия­сын құрып, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты сайлауы адам танитындығын аңғартады. Ол Үкімет басында отырған он үш жыл ішінде жоғарыдан – Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындайтын орындаушы қызметкер емес, халық мүддесі үшін небір ірі-ірі мәселелер мен бастамалар көтеріп, оны шеше алған қайраткер дәрежесіне көтерілді. Бірақ, оның осынау қайраткерлігі Хрущевке ұнамай, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке ба­рыпты. Себебі Оңдасынов тың игеру нау­қанындағы асыра сілтеуге ашық қарсы шыққан.

Нұртас Оңдасыновтың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәскеуге отбасылық жағдайына байланысты көшті деп жүр. Бұл жайттың түбіне тереңірек үңілсек, сол тұстағы биліктің Оңдасыновты зейнет жасына жетпей тұрып қызметтен аластап қана қоймай, өз ортасынан, өз пікір­лестерінен де алыстатуға барынша күш салғанын байқауға болады.

Көзі тірісінде көрнекті қайраткер «Орын­далмаған үш арманым бар, – депті. – Бірінші арманым – зейнеткерлікке шыққан соң Алматыда тұрсам деп едім, Мәскеуге өтіп кеттік. Маған Алматыда тұру бұйырмады. Екінші арманым – оңтүстік облыстарда керемет, талантты жігіттер бар еді, соларды қызмет бабында өсіре алмадым. «Жершіл, рушыл», деп айта ма деп қорықтым. Үшінші – жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, ол артымдағы ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ тағдырдың, уақыттың әмірімен үкіметті, облысты басқаруға тура келді. Сөй­тіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым».

Нұртас Оңдасынов – арнайы ғылым док­торы, кандидат деген атақ-дәрежесі болмағанымен, зейнеткерлікке шыққаннан кейін тапжылмай жиырма бес жыл арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазып, бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып тастаған азамат. Үш жасынан жетімдіктің тауқыметін тартып, ауыл молдасынан хат таныған ол тынбай оқу іздеп, білімділігімен биікті бағындырды. Жетелеусіз жемісті еңбек етіп, жетістікке жетті. Қайсыбір жылғы қоңыр күзде, яғни 15-16 қазанда көрнекті қоғам қайраткерінің кіндік қаны тамған киелі Түркістан шаһарында 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл той барша мұсылман баласы қадір тұтатын қасиетті рамазан айының басталуымен тұспа-тұс келді.

Қаланың орталығынан Нұртас Оңдасы­новтың аллеясы, тарих тереңінен сыр шертетін мұражай мен «Дарын» мектеп интернаты ашылды. Азаматтың туған ауылы бұрынғы Аманкелді кеңшарында, қазіргі Нұртас ауылында аруағына Құран бағышталды. ХҚТУ-дың мәдениет сарайында ғылыми-теориялық конференция өтті. Бірақ бұдан Оңдасыновтың бар болмысы, атқарған ісі, тарихтағы орны, қайраткерлігі, азаматтығы – бәрі-бәрі айтылып, толық ашылды деуге болмайды.

Оңдасынов өмірі мен қызметінің зерттелмеген, ашылмаған жақтары өте көп. Ең өкініштісі – Н.Оңдасыновты кейінгі ұрпақ жақсы тани бермейді. Газет беттерінде де аз жазылып, экраннан мүлдем көрсетпейді десе де болғандай. Бұл биыл туғанына 113 жыл толған Нұртас Оңдасыновтың даналығын, дара­лығын дәріптеуге лайық тірлік пе?

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»