Ерекең туралы этюдтер
Тоқсандағылар. Тоқсаннан асқандар. Аллаға шүкiр, асыл сүйектi, тiлдерi тиектi, жаратылыстары жүректi боп тұрыпты. Күнi кеше қарашаңырақ «Оңтүстiк Қазақстан» газетi «Жақсылар дастан айтайын...» атты батырлар жырына, көркем әдебиетке бетбұрыс жасауға арналған жарыс өткiзгенде, тоқсан төртке беттеген Әдiһәм Шiлтерханұлы сынды қасиеттi қаламгерiңiз сындарлы сөз сөйледi. Он бес минуттық беташарында бiр кiдiрмедi. Титтей мүдiрмедi. Терең ойлармен тебiрендi. Елiне емiрендi. «Қамбар батыр» жырын жаттаған жас өскiндердiң рухани жаңғыруына алтын арқау боларлықтай бiрегей тiлектер өрнектеп, бәтуа тұнған батасын бердi.
Әдекеңе һәм Әуезовтiң әсер-ықпалы зор болған. Қасиеттерi қонған. Сана сапасының сарқыттары сүйегiне сiңген. Тоқсандағы Тас Мекем көкем – Мекемтас Мырзахметұлы Астанадан Абайтану орталығын ашпақтың қамында. Оған да Омарханұлы Мұхтардың шарапаты тиiп, шапағаты дарыған. Бүгiндерi тоқсанға толған Тұрысовыңыздың туындыгерлiгiнде ғана емес, тұтастай тыныс-тiршiлiгiнде де Мұхтар Әуезовiңiз теңдессiз рөл атқарады. Бұл құбылыс хақында Ерекеңнiң өзi де, өзгелер де жазып та, айтып та жүр. Қайталамай-ақ қоялық.
Сонымен, Әуезовтiң шәкiртi әдебиетiңiзге не бердi? Осы мәселенiң мәнiсiн ашу үшiн бiр кiтабыңыздың өзi аздық етер. Бiздiкi мөлтек қана этюдтер болғандықтан, бес-алты сөйлемнен асырмауға тиiспiз. Аз-кем айтып, аттарын атаумен шектелейiк. «Келiншектау», «Ақбақай», «Қыран тауы», «Құралай жолы», «Түндер сазы» кiтаптарындағы әдiптi әңгiмелерi мен хрустальдай хикаяттарын еске алғанның өзiнде жазушыңызға iшiңiз уылжып сала беретiнi нелiктен екен? Дейсiз.
Ал ендi «Темiрлан» романы мен «Бәйдiбек» атты айтулы дүниесiнен бастап, олардан берiдегi «Қош, көгiлдiр керуен», «Кемеңгерлердiң керуенi», «Нұржаудың нұрлы түндерiне» ұласатын жинақтарындағы эсселiк ерекше туындылар Тұрысовыңызды тау-тау биiктерге шығарады-ай. «Ұлы көш» бастайтын драмалары тағы бар.
Қысқасы, Әуезов шәкiртiнiң әдебиетке қосқан олжасын олқы дей алмайсыз.
Милицияда қап қойса, кiм болар едi?
Еркiнбек Тұрысовтың жетпiс жылдығында ма, жетпiс бес жылдығында ма, мерейтойлық комиссиясының төрағасы болғанымыз бар. Бiраз-бiраз тiрлiктер атқарғандаймыз. Темiр көлiк мiнгiзбек модаға ендi-ендi ене бастаған кез едi ғой. Сол темiр көлiгiңiзге қаржы жетiңкiремей, қиналыңқырап барып, бiлдiрмей, бипаздап жiбергенiмiз де жадымызда жаңғырады.
Сол жетпiс жылдығында ма, жетпiс бес жылдығында ма, баяндама да жасағанбыз. Жазғанбыз. Ерекеңнiң ерекшелiктерi жөнiнде.
Мәселеңки, бүй дегенiмiз бар: «Ерекең ағам – ерекше сұлу адам. Бөлекше көркем жiгiт. Бұ кiсi жiптiктей жiгiт шағында қып-қызыл жағалы «мiлитсә» болған. Талдырмаш, тiп-тiк, ұп-ұзын. Белiндегi белдiгi, галифе шалбары мен жалт-жұлт еткен етiгiне дейiн ерекше жарасқан... Қаншама қыз-келiншектер көздерiн ала алмай, көңiлдерiн ажырата алмай, таң-тамаша қалатын болған...»
Бүгiнде былай да ойлаймыз-ай. Әгәрки, Тұрысовыңыз тоғыз жыл қызмет қылған милиция қатарында қап қойса, кiм болар едi?
Қандай «мiлитсә» болғанын менiң интернаттас замандасым генерал Сұлтанов жақсы бiледi, айтып та қояды.
Әрине, жаман болмас едi. Подполковник, полковник, тiптi генерал... Алайда, алашыңыздың арғымақтайын айшықты қаламгерi болғаны қандай ғажап. Десеңiзшi! Жылқы туралы жазбаған жазушы жоқ. Ал, Еркiнбек Тұрысовтың әңгiме, эссе, хикаят, романдарындағы Ақбақай бастаған жылқылар бiр үйiр, бәлкiм бiрнеше үйiр құрап, көркем әдебиетiңiзден ойып тұрып орын алған.
Дүркiрей шауып бара жатыпты. Болашаққа.
Тұрысовтың тұрысы мен жүрiсi, сөйлесi мен күлiсi қандай?
Тұрысовыңыздың тұрысы таңданарлықтай. Отырысының өзi кейбiреулердiң тұрысындай. Әуезовiңiздiң өзi сонау алпысыншы жылдардың алдында, алтын құрсақты аймағыңызға келгенде, отыздың ордасына iлiге қоймаған, қараторының көркемi, тасқайрақтай ылдым-жылдым, сынаптайын сырғып, жас құлжадайын ырғып тұрған Тұрысовыңызға тәнтi болған.
Сапалы жаратылған жақсы ағамыз сол тұрысынан, сол жүрiсiнен, сол сөйлесi мен сол күлкiсiнен танбастан, тоқсанның төбесiне шықты.
Сәлемдескенiнiң өзiнде әуелгiде жып-жылы жымиып, бiрте-бiрте Тұрысовыңызға ғана тән төгiлме күлкiсiн құйыл-төгiл төгiп, ыстық ықыласына көмiп кеп-кеп жiбергенде ше, есiңдi жия алмай, елжiрейсiң-ай. Одан әрi хал-ахуалыңызды сұрап, сауалдарын саулата жөнелгенде ше, өзiңнiң кiсiкиiктеу кейпiңе кейiңкiреп, табан астында Тұрысовқа айналып кеткiң келетiнiн қайтерсiң?! Дейсiң-ай, кейде. Бiрақ Ерекеңдей болмақ екiнiң бiрiне бұйырмас.
Осы орайда шiркiн Шырынкүл жеңгемiз жайында жазбау мүмкiн емес. Еркiнбек көкемiздiң зайыбы Шырынкүл «Шiркiн, Шұға десе, Шұға едi-ау...» деп, Бейiмбет Майлин мәнiстегендей, «Шiркiн, Шырынкүл десе, Шырынкүл едi ғой!» Нағыз бейнеттiң адамытұғын. Ерекеңдi пiр тұтатын. Еркелiгiн де, серкелiгiн де, серiлiгiн де, аңшылығын да, саятшылығын да, саяхатшылдығын да қыңқ етпей көтеретiн. Ерекең де Шырынкүлiн бағалай бiлдi. Әттең-ай, әттең, Шырын жеңгемiз бейнетiнiң зейнетiн көп көре алмай, бақиға ертерек кеттi.
...Жылдар жылжып өткенде, маралдар кешкен Машат бойындағы, Дархан Мыңбайдың үйiндегi бiр басқосуға бардық. Сонда ғой, ортамызда Қаратаудың құлжасындай боп отырған Ерекеңе бiр ағамыз: «Осы сен үйленбейсiң бе? Шырынкүл кеткелi талай жыл артта қалды ғой», дедi. Сәл паузадан соң бiр iнiмiз: «Ереке, бiздiң ауылда қырық бестегi әйел бар, көресiз бе?» дедi. Тағы бiр қаламдас құрдасымыз: «Бiздiң ауданнан қырық бес емес, қырыққа жетпеген, отырыңқырап қалған қыздардан қаншасы керек?» деп бөсiңкiредi. Бiз-дағы: «Ереке, Шымшаһарыңыздың өзiнен-ақ отыз бестегi қызды таба аламыз» деп, әзiл үстедiк.
Еркiнбек ағамыз Әуезовке елiктеңкiреп, ерекшелеңкiреп күлдi. Сәл-пәл үнсiздендi. Сонсоң: «Бауырларым, осы сендер ағаларыңның емес, өздерiңнiң қамдарыңды қарастырып отқан сияқтысыңдар ма, қалай өзi!» дедi.
Жұрт жаппай күлкiге кенелген. Қалжың айтқандар да iлескенбiз. Көпшiлiктiң күлкiсiне.
Тұрысовыңыздың ұшқындаған жанары кенет тұнжырлау тартқанын, мұнарлы мұң қабыздағанын бiреу байқаған, екеу байқамаған.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Оңтүстік Қазақстан облысы