Бұл реткі мәдени шараның өзегіне қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармасындағы елшілдік идеясы тақырып болды. Өйткені биылғы жылдың «Бір ел – бір кітап» акциясына аталмыш ақын шығармалары таңдалған болатын. Бар-жоғы 27 жыл ғұмыр сүрген ақынның шығармашылығы жайлы кезінде қазақ әдебиетінің қабырғалы өкілдері М.Базарбаев, Б.Кенжебаев, С.Қирабаевтар оны «Абайдан кейін қазақ елі ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті жете көріп, оны өз шығармаларының арқауы ете білген, талантты ақын» деп бағалаған болатын.
Басқасын айтпағанда, жасы 20-ға толар-толмаста жазған «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам...» дейтін өршіл рухты тіркесі мен «Мен қазақ» өлеңіндегі:
Мен қазақ, қазақпын деп
мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты
аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім –
қазақ,
Мен неге қазақтықтан
сақтанамын?! –
дейтін осы бір шумағы шын мәнінде үлкен жүрек қана айта алатын, заманамен үндескен сөз.
Осылай онлайн жүздесуге қатысқан қос шаһар оқырмандары ақынның өршіл жырларына қаныққан соң, оның шығармаларындағы алашшылдық тақырыбын қаузады. Қарағандылық ақын-жазушы Руслан Нұрбайдың модераторлық тізгініне бағынған көмірлі қаланың студенттері С.Торайғыровтың Алаш ардагерлері Ә.Ермеков, Б.Сәрсенов, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсектер жазған «Таныстыру» атты толғауынан үзінділер оқыса, астаналықтар атынан Менеджмент және бизнес колледжінің студенттері мен №48 қазақ орта мектеп оқушылары және жекеленген кітапханашылар ақынның өмірбаяны жайлы шежірелік таныстырылымын баяндап берді.
Әсіресе өршіл ақынның қазақтың үш арысы жайлы жазған:
Басында ол қарағым тұр ғой
дайын,
Тез ұзақ өмір берсін бір құдайым.
Дулатов, Байтұрсынов,
Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай
жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек
майын,
атты жыры тыңдаушылардың көкейінен шықты.
Маңызды жүздесуді қортындылаған Астана қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдибаева мен Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Нұргүл Қаленова ханымдар шараға атсалысқан оқырмандарға рахмет айтып, онлайн жүздесуінің нәтижелі болғанына тоқталды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»