Қазақстан • 10 Қазан, 2017

Арман Ақылбай: Сот жүйесіндегі реформалар жемісін берді

822 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Тәуелсіздік – тәңірдің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы» екенін айтқан Елбасы, ең алдымен, сот жүйесінің тәуелсіз жұмыс істеп, әділетті сот төрелігін қамтамасыз ету қажеттігін алға қойды. 

Арман Ақылбай: Сот жүйесіндегі реформалар жемісін берді

Ал мұны жүзеге асыру үшін соттарға толыққанды жағдай жасалып, өркениетті елдердің озық тәжірибесін игеруде құқықтық, заңнамалық қолдау көрсетілді. Осылайша бүгінде ел соттары әділ шешім шығаруда ең тәуелсіз әрі жан-жақты қорғалған және толық қамтамасыз етілген орган болып табылады. Осыған орай біз сот реформасын жүзеге асыруда халықпен етене жұмыс істейтін аудандық соттардың ахуалын білу үшін Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының төрағасы Арман Ақылбайға жолығып, әңгімелескен едік.

– Арман Серікұлы Мемлекет басшысы «100 нақты қадам»  Ұлт жос­па­рында сот төрелігіне ерекше мән бер­генін жақсы білесіз. Ендеше, сот жүйе­сінің ескі қағидалармен өмір сүр­мей, жаңаша тыныстауына мүм­кіндік беретін бұл шаралардың маңызы қан­дай болды деп ойлайсыз?

– Иә, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы сот жүйесіне қатысты айтылған міндеттер адамның нақты құқын қорғауға бағытталған мәні зор шаралар болып табылады. Мұнда кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндетінен кейін екінші бөлімде заңның үстемдігін қамтамасыз ету қадамдары қойылды. Онда он бір қа­дам тұтас сот жүйесінің жұмысын жақ­сартуға бағытталды. Азаматтардың сот тө­релігіне қолжетімділігін жеңілдету, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, сот сатыларын оңтайландыру, алқа билер­ соты қолданатын салаларды кеңейту жә­не т.б. қадамдар нақты заң үстемдігін қам­тамасыз етеді. Соған сай бүгінде сот жүйесі материалдық-техникалық жағы­нан толық қамтамасыз етілген, рухани жан-­жақты қолдау тапқан құрылымға ай­налып, өз мәртебесіне сай жұмыс іс­теуде. Әрине, тәуелсіз мемлекетіміз де­ әлемдегі өркениетті елдермен иық ті­ре­сіп, халықаралық аренада үлкен беделге ие бола бастағаны сөзсіз. Оған Ел­ба­сының көшбасшылық бастамаларымен хал­қымызды жұмылдырған еңбегінің, қажырлы қайратының, сабырлылық пен төзімділігінің, халықтың бірлік пен ынтымағының арқасында қол жеткізіп келеміз.

– Сот жүйесінің жұмысын жақсар­туда көптеген игі істердің қолға алынып жатқаны белгілі. Соның бірі ре­тін­де өткен жылы қабылданған төрт бір­дей жаңа кодексті атауға болады. Осы­ған тоқталып өтсеңіз?

– Бүгінде сот жүйесінің темірқа­зығына айналған маңызы жоғары әділ­дік, ізгілік қағи­дасына бағытталған құ­жаттар дүниеге келуде. Соның бірі ретінде Елбасының бастамашылығымен қылмыстық құқық саласын ізгілендіру жолындағы 2015 жылдың 1 қаңта­рынан бастап қолданысқа енген «Қа­зақ­стан Республикасының Қыл­мыс­тық кодексі», «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Қылмыстық-процестік кодексі», «Қазақ­стан Республикасының Қыл­мыс­тық-атқару кодексі» деп мақ­та­нышпен айтуға болады. Бұл кодекстер қылмыстық құқық саласын ізгілендіру идеясының негізінде қабылданған өте маңызды да ауқымды шара болып отыр. Сонымен қатар бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшудің де сая­си-әлеуметтік маңызы ерекше екенін ай­та отырып, азаматтардың сот әділдігіне жүгінудің жолын жеңілдетуге деген талпыныс байқалатыны анық.

Бұл кодекстердің қабылдануы арқа­сын­да судьялардың да жауапкершілігі ар­тып отыр. Өйткені судьяларды барынша­ іріктеп, оларға жоғары талап қоюдағы бас­ты мақсат – олардың адамгершілігі мен адалдығын оятумен қатар, білімін, іскерлігін күшейту. Осы тұста ұлы Абай­дың «Адам баласының жүректен аяулы же­рі бар ма?», «Тіл жүректің айтқанына көн­се жалған сөйлемейді...», «Биік ман­сап – биік жартас, Қиялап ұшып қыран да­ қонады, Бауырымен жорғалап жы­лан да шығады!» деген, даналық сөз­дері ерік­сіз ойға оралады. Демек бү­гінгі қа­зыларымыз шын мәнінде, рухани тазалықтың, ар-ұят пен адалдықтың мыз­ғымас тірегіне айналуға тиіс деген қа­ғиданы мәңгілік ұранға айналдыру қажет.

– Судьялардың өз ісіне адал қарауы, ха­лық алдында ант қабылдауы және өз мәр­тебесін қадірлеу сынды міндеттер уа­қыт пен қоғам талаптарынан туындап отырған жайт. Бұл орайда әр жылдары жетілдіріле, толықтырыла отырып қабылданған Ата Заңымыздың ма­ңызы зор дейміз.

– Иә, біздің Конститу­ция­мыздың ор­ны ерекше. Сонау 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Ата Заңымыз жаңа мемлекетті және оның қоғамдық құрылымын айқындаған тарихи құ­қық­тық акт болды. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтары, олар­дың конституциялық міндеттері ерекше көрсетілген және ел көлемінде қол­да­нылатын құқық нормалары адам құ­қықтары жөніндегі халықаралық қалыпқа негізделген маңызды құжат болып табылды. Онда өзара қарым-қатынас жү­йесінде үйлесімдік тапқан биліктің тар­мақтары бекітілді. Соның ішінде сот жүйе­сінің құқықтық мәртебесі бөлек тараумен айқындалды. Демек, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ететін сот билік органы болып құрылып, барлық істер мен даулар әділдік таразысына тартылып, заң арқылы шешілетіндігі жария етілді.

Ал 1995 жылғы 30 тамызда қабыл­дан­ған Конституция сот билігін қалып­тастыруда маңызды кезеңге жол ашты. Осы тұста Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің заң күші бар Жарлықтары шық­ты. Оның негізі соттардың құры­лымдық жүйесінің құрылуы және сот қызметінің базистік нормалары бекі­тілумен мазмұндалды. Сот жүйесінің тә­уелсіз және дербес сот билігі ретінде қа­лыптасуына ықпал етті. Сөйтіп судья­лардың ауыстырылмайтындығы мен олар­ға ешкімнің тиіспеушілігі, жер­гілікті сот судьяларын Президенттің та­ғайындауы, сондай-ақ сотты құрметтеу үшін жауапкершілік сияқты нормалармен қамт­амасыз етілді.

Өзінің бағытын нақты ұстанған сот жүйесі жылдар керуенін артқа тастап, жүр­гізілген тегеурінді сот реформасының ая­сында биік асуларды бағындырды. Сот жүйесінің негізгі мақсаты азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, ха­лықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл әркімнің құқықтары мен бос­­тандықтарына, заңды мүдделеріне нұқ­сан келтiретiн немесе кез келген заң­сыздықтардан сот арқылы қорғауға ке­пілдік беретін орган, яғни болмыс-тір­шілікте адамзат әділдік іздейтін, оның ақ-қарасын айқындайтын алаң. Сондықтан да сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі же­тіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларын жүргізу қажеттілігін туындатты.

– Бүгінде соттардың даула­сушы тарап­тарды татулас­ты­рудағы рөлі артып келеді. Осы орайда соттардың дау­лар­ды шешудегі баламалы тәсілдеріне тоқ­­талып өтсеңіз?

– Елбасы 2009 жылы 19 қара­шада өт­кен Судьялардың V cьезінде сөйлеген сөзінде, сот қызметін таразылай келе «Қа­зақстанда сот билігі үшін көп іс атқарылды. Халық судьялар корпусынан соттың заң мен әділдіктің әрқашан сенімді тірегі болатындай жұмыс істеуін талап етуге құқылы» деп атап көрсетті. Ал 2013 жылы Астана қаласында өткен Судьялардың VІ съезінде Президент сот саласының қол жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді. Оның жұмысын оңтайландыру мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді. Бұдан кейін сот дауларын шешудің баламалы тәсілдері ретінде медиация туралы заңнаманы қолданысқа енгізу күн тәртібіне қойылды. Бұдан шы­ғатын қорытынды, дау мұраты тараптарды бітістіру, олардың шиеленіскен мәселелерін бейбіт жолмен шешу болып табылады.

Бүгінде осы даңғыл жол жанданып, оның биік тұғыры нығая түсті. Оған сот жүйесінде өз жемісін берген реформалар дәлел. Нақты айтсақ, елімізде «Ме­диация туралы» заң, «Қазақстан Рес­публикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы», алқабилер соты және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы» заң қолданысқа енгізілді. Тоқ­сан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі толағай табыстар шежіресі Тә­уелсіздік жылнамасының маңызды бір бөлігі болып саналатыны айнымас ақи­қат.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»