Ел ішінде ұлтаралық татулыққа дем бере отырып, Тәуелсіздік алғанға дейінгі қалыптасқан жағдайды бірден өзгертуге әрекет жасамады. Есесіне мемлекет құрушы ұлттың ұзақ уақыттағы арман-тілегін жүзеге асыруды ұзақ мерзімді даму сатыларына негіздеді. Қазақы ұғым-түсінік тұрғысынан алғанда «батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатын» заңдылығын ұмытқан жоқ, қарапайым халықтық философияның түйінді тұсын алыс мақсаттарға арқау ете білді. Бірнеше ғасырға созылған бодандық езгіден есеңгіреген елдің болашағын тыныштықпен байланыстырды. Қару тұрған жерде тыныштық болмайтынын тереңнен түсінді, сөйтті де ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Басқасын айтпағанда жаңа заманаға сай экономикасы мен қорғанысы жағынан да дербес саясат жүргізіп көрмеген Қазақстанның сол тұстағы жағдайы қорғансыздың күнімен бірдей еді. Сондай бір сындарлы тұста қолда бар қарудан бас тарту аса үлкен ерлік пен болашаққа деген көреген сенімді қажет ететін еді. Н.Назарбаевтың алапат қарудан бас тарту шешімін сол кезде көпшілік үшін аса түсінікті болмағаны да шындық...
Ядролық қару қай елдерде бар?
Ядролық қару аты қорқынышты. Алайда мұндай қаруы жоқ елдер бар елдерге «мықты» деп қарайтыны анық. Тағы бір айта кетерлігі, қаруы бар елдердің де көңілі тыныш отыр деп ешкім айта алмайды. Шындығына келгенде жаппай қырып-жоятын тажалды өндіріп, сақтап орасан зор шығындарға батып отырып та тыныштығыңды сатып ала алмайтының белгілі болды. Бүгінде қуатты қаруға мына елдер иелік етеді: АҚШ, Ресей (КСРО ыдырағаннан кейін ядролық қаруды өз иелігіне алды), Франция, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Солтүстік Корея және Пәкістан. Сонымен қатар, бұл елдердің қатарында Израильді де қосуға болады. Бұл ресми мойындалмағанмен, әлемдік қауымдастықтар бұл мемлекеттің өзі құрастырып дайындаған қарулары бар дегенге меңзейді. Айта кетер тағы бір жайт, бұл тізімге Украина да кірген болатын. Алайда, украиндар 90-жылдары алапат қарудан бас тартып, ресми түрде бейбітшіл халық деген мәртебеге ие болған.
«Дүние жүзінде ядролық қару саны кеміп жатқанымен, ядролық қаруы бар елдер өз арсеналын модернизациялап жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл қару түрінен бас тартпақ емес» деп мәлімдеген болатын Стокгольмдегі (Швеция) Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI – Stockholm International Peace Research Institute) ғалымдары.
Аталған институттың мәліметі бойынша, 2017 жылдың басында қуатты қаруы бар тоғыз мемлекетте жедел қолданысқа дайын барлығы 4 150 дана ядролық қару болған. SIPRI есебінше, бұл елдердің жалпы қорында осы жылдың басында ядролық оқтұмсықтардың саны 14 935-ке жеткені айтылады. Дегенмен, бұл өткен 2016 жылғы көрсеткіштен 15395 дана аз екені де белгілі болды. Ядролық заряды көп елдер тізімін көршілес Ресей Федерациясы бастап тұр. Ресей арсеналында бас-аяғы 1 950 ядролық заряд бар. Ал АҚШ-тың иелігінде бұл көрсеткіш 1800 ядролық заряд пен 5000 өзге де оқтұмсықтарды құрайды. Институттың дерегі бойынша көш соңындағы Солтүстік Корея елінде 10-нан 20-ға дейін ядролық заряд бар екен.
Қару соғыс құралы, ол бар жерде тыныштық болмайды дейтін қарапайым қағиданың тағы бір мысалы. Қазіргі шексіз билікке ұмтылған мемлекеттер мен олардан қалғысы келмейтіндер арасындағы негізгі дау осы қарудың айналасында. Қырғиқабақ көзқарастардың нәтижесі әлем елдері арасындағы сенімсіздікке алып келді. Қаруға кеткен қаржы экономиканың әлсіреуіне, қарапайым халық тұрмысының төмендеуіне бірден-бір баспалдақ болып отыр...
Ядролық қару – адамзатқан төнген қауіп
Бейресми мәліметтер бойынша дүниежүзілік соғыс басталардың алдында Еуропадағы фашистік тәртіптен қашқан ғалымдар АҚШ-та бас қосып, қуатты қаруды жасауға қызығушылық танытқан екен. Өткен ғасырдың 40-жылы Америка үкіметі Еуропадан келген ғалымдарды Ұлттық ғылыми және әскери зерттеу орталығына жинап, жеке ядролық қару жасау жобасын қолға алады.
Алдағы бір-екі жыл көлемінде ғалымдар fission-uranium-235 және плутонийдің (Пу-239) басты материалдарын дайындаумен шұғылданды. Атом бомбасы алғаш рет «ядролық бомбаның әкесі» деген атпен танылған Роберт Оппенхеймердің жетекшілігімен АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Лос-Аламос деген жерде сынақтан өткізіледі.
Ал алғаш рет іс жүзінде 1945 жылдың 6 тамызында пайдаланылды. Яғни бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезі болатын. АҚШ-тың B-29 бомбалаушы ұшағы ең бірінші жасалған атом бомбасын Жапонияның 350 мың тұрғыны бар Хиросима қаласына тастайды. Қуатты жарылыс Хиросиманың 90 пайызына әсер етіп, 140 мыңнан астам адамды ажал құштырды. Мыңдаған тұрғын радиоактивті сәуленің кесірінен жарымжан болды. Арада үш күн өткен соң, яғни 9 тамызда B-29 ұшағы екінші қуатты қаруын Нагасаки қаласына тастады. Бұл апаттан 75 мыңға жуық адам опат болды. Бұл адамзат тарихындағы ең үлкен шығындардың бірі. Мұндай апаттан кейін Жапония императоры сол жылдың 15 тамызында қарсылықсыз жеңілгенін жариялады. Бірер сөйлеммен осылай ғана айтып отырғанымызбен, осы оқиғаның артында тұрған төгілген қан мен көз жас, қыршынынан қиылған талай ғұмыр, ортасына түскен шаңырақтың обалы кімге?!
Қазақ елі – ядролық сынақ зардаптары
Әріге бармай-ақ қояйық, атом бомбасынан қазақтың да көрген азабын айтып тауысу қиын. Кеңес Одағы артынша Семейде 1949 жылдың 29 тамызында 22 тонналық ядролық бомбаның алғашқы сынағын өткізді. Жергілікті уақыт бойынша 07:00-де болған қуатты жарылыстан аймақ бір мезетте радиациялық күлге оранды...
Мәліметтер бойынша Семей жерінде 40 жыл бойы сынақтан өткен ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Яғни, бір мезетте 350 млн адамның өмірін жалмауға қауқарлы.
Осы 40 жыл уақыт аралығында бас-аяғы 470 ядролық қару сынақтан өтті. Оның 118-і жер үстінде болса, қалған 352-сі жер астында өткізіліпті.
КСРО-дағы ядролық қаруды сынаудың барлық түрі негізінен Семей полигонында өтті (500 ядролық сынақ жасалды). Бұл әлемдегі барлық сынақтардың үштен бірін құрайды. Ол негізінен еліміздің солтүстік-шығыс және орталық аудандарына экологиялық зиянын тигізді. Семей полигонында өткізілген соңғы ядролық жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Осыдан кейін, яғни 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жабылды. Еліміз егемендігін алғаннан кейін полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды.
Одан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, зардабын бүгінгі ұрпақ әлі де тартып келеді. Мамандар оның зияны кемінде 5-6 ұрпаққа жалғасады деген болжамдар айтады. Жалпы бұл радиациядан зардап шеккендердің саны 2 млн. адамнан асады.
Қуатты қарудың зардаптары
Мұндай қуаты күшті қару жарылған кезде жалынның температурасы бірден бірнеше миллион Цельси градусқа дейін жетеді. Яғни, мұндай күшті қызу ұрғанда жақын жердегі адамның денесінен ештеңе қалмайды. Хиросимадан үш шақырым қашықтықта жүрген жұрттың тек күлі ғана қалған деген деректер де бар.
Бір ретте жүз мыңдаған адамның өмірін жалмайтын қарудың бұдан да өзге зияндары жоқ емес. Жарылыстан аман қалғандар бірнеше күн бойы радиоактивті шөгінділердің кесірінен өмір мен өлімнің ортасында жүреді. Радиоактивті сәуле алған жүкті әйелдер сәбилерін жоғалтады, аман-есен босанғанның өзінде дені сау бала тууы қиын.
Бұрынғы тарихта болмаған мұндай алапат қарудың дами келе адамзат баласының жалғыз мекені жер ананың болашағына қауіп төндіріп тұрғаны саяси мүдде көздерін тұндырған кей елдерді ойландырмайтын секілді. Бетін ары – егер жаппай қолданылып, жер шарына қауіп төндірер болса, бұндай қарудың бары мен жоғының айырмашылығы шамалы.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі
Өткен жылдың наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде жария етілген болатын.
Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі БҰҰ-ның басшылығын, тұтастай Нью-Йорктегі дипломатиялық қауымдастыққа жаңа құжат-парадигманы таныстырды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға, сондай-ақ әлемдік ұйым жанындағы барлық мүше мемлекеттердің Тұрақты Өкілдеріне тиісті хат жіберілді. ҚР Тұрақты Өкілдігінің Бас хатшысына үндеуінен кейін «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды.
Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі дамыған және дамушы елдердің нақты істерінің тиімді басшылығына айналуы тиіс. Бүгінде жер бетінде ғылыми жетістік ретінде саналып, түрлі қуатты қару шығарылып жатыр. Алайда, олардың қаншалықты қаупі барын, болашақта қандай мақсатта қолданылатыны көлеңкеде қалып қояды.
Бұл ретте Елбасымыз «Соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды», – деп орынды ұсыныс білдірді. Шындығында әлем елдері жеке мүддесі үшін жанталаса қаруланып, адамзатқа ортақ мүддені назардан тыс қалдырып отырған секілді. Мұндайда бір елдің тәуекелге барып, өзгелерге үлгі ұсынуы, жалпы адамзаттық мүдде үшін әрекет етуі кез-келгеннің қолынан келе бермейтін көрегендік. Мемлекет басшысының манифесі туралы әлемге белгілі сарапшылар, мамандар оң пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты күнделікті саяси газетінде жарияланды.
«Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді. Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды», – делінген мақалада.
Адамзат баласы ертеден-ақ биліктің, үстемдіктің негізі қуатты қаруда деп біліп келгені жасырын емес, алайда жаңа ғасыр өз перзентінің алдына қатаң талап қойып отыр: не бұл жолдан бас тартамыз, не өз орны толмас өкінішке тап боламыз. Бұл бұрынғы көзқарастардың көнергенін көрсетеді. Жаңаша ұғымдарды қалыптастыратын уақыт келді. Парасат бәсекесіне жол ашылуы тиіс, адам баласы бір-бірінен білім-парасаты арқылы ғана биік тұра алады. Адамзат дамуының бастауында осы идея билік құрған болатын, соған қайта оралатын уақыт жетті.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: Қазақстан туралы
Бірнеше апта бұрын, яғни осы жылдың 21 қыркүйек күні АҚШ-тың бастамасымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаппай қырып-жою қаруын таратпау және оларды жеткізу жүйелерін тарату қаупі тақырыбы бойынша министрлер деңгейінде кездесу өтті. Алқалы жиынға қатысқан тұлғалар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қару-жарақтың таратылуын болдырмау туралы шешімдерін жүзеге асыру жолдары талқылады.
Өз кезегінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон ауқымды баяндама жасап, онда жаһандық қарусыздану мен таратпау үдерісіндегі Қазақстан Республикасының рөлін ерекше атап өтті. Нақтырақ айтқанда, Рекс Тиллерсон ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан даналықтың айрықша үлгісі болғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстанның мұндай батыл шешімі ядролық қарудың, оның құрамдас бөліктерінің, ядролық материалдардың арам ниеттілердің қолына түсу қаупін айтырлықтай қысқартуына алып келгенін атап өтті.
«Ядролық қарудан құтылудың нәтижесінде әлем Қазақстанды ядролық агрессорға айналуы мүмкін «аластатылған» мемлекет ретінде қарастырмайды. Ол өзінің ядролық көршілері – Ресей мен Қытайдың дұшпанына да айналған жоқ. Сондай-ақ бүгінде Қазақстан көршілерімен тату-бейбіт өмір сүріп келеді. Ол берік сауда қатынастарын дамытуда. Биыл ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп, ол болашақтың энергия көздерін және бүкіл әлемнің қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге елеулі үлес қосып отырған заманауи мемлекет. Қазақстан өзінің шешімінен тек пайда көрді», – деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы.
«Бұрынғы кәсіби қызметімде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездестім және оған осы шешім туралы сұрақ қоюыма мүмкіндік болды. Ол маған бұл шешімге ешқашан өкінбейтінін және сол күндердің бірінде бұл жоба жас еліміз үшін жасаған ең зор жақсылығы екенін айтқан болатын», деп еске алды Рекс Тиллерсон.
Ширек ғасыр бұрынғы жағдай мен бүгінгі күн талабының арасын болжай білу мен дұрыс шешім қабылдай алу дара тұрлағалардың ғана қолынан келетін іс. Сол тұлғаның қазақ секілді тағдыр-тарихы ауыр сынақтан өткен, адал ниетті, дала көңілді халықтың маңдайына бұйыруы Жаратқанның сыйы болса керек. Есеңгіреген елін бейбіт жолмен ғана биіктерге бастауға болатынын ол әуел бастан дұрыс болжады, сол елдік саясатты сол ұлы идеяның аясына шоғырландыра білді.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»