Қазақстан • 10 Қазан, 2017

Астанада радиологтардың VII Еуразиялық форумы өтті

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемде қатерлі ісік ауруларынан жылына 10 миллиондай адам көз жұмады екен. Дауасы жоқ дерттің ішінде сүт безі ісігінен өлім-жітім көрсеткіштері алғашқы орында тұр. Бірақ бұл сырқатты ерте сатыда анықтаса, толыққанды жазылу мүмкіндігі 94 пайызға жетеді. Ал мұндай ауруды бастапқы кезеңінде анықтаудың басты жолы – сәулелі диагностика. Күллі әлемнің радиологтары мен рентгенологтары Астанада жиналып, радиологтардың VІІ Еуразияық форумы аясында осы мәселені кеңінен талқылады.

Астанада радиологтардың VII Еуразиялық форумы өтті

Жиынның басында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың форум қатысушыларына жолдаған құттықтаухатын оқып берді. «Ұлттың денсаулығын нығайту – мемлекетіміздің басты саясатының бірі. Бүгінде елімізде медицина саласын дамытудың «Денсаулық» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – денсаулық сақтау саласын ілгерілетіп, халықтың өмір сүру жасын ұзарту. Жаһандану, цифрландыру және техникалық прогрестің қарқынды дамыған заманында барлық сала заманға сай кешенді өркендеу керек. Бұл радиология саласына да қатысты. Қазіргі таңда ұсақ детальдердің өзін анық әрі сапалы көрсететін, ағзадағы морфологиялық өзгерістерді ерте бастан анықтауға мүмкіндік беретін инновациялық қондырғылар шығып жатыр. Медицинаның мұндай озық жетістіктерін елімізге де енгізіп, сәулелі диагностика саласының ең жоғары тәсілдерін меңгере білуіміз керек. Бүгінгі форум қазақстандық мамандар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналатынына сенімдімін», делінген құттықтаухатта.

Радиологтардың Еуразиялық форумына әлемнің 25 елінен 350-дей делегат келіпті. Екі күнге жалғасатын алқалы жиында сәулелі диагностика саласындағы жаңа технологиялар мен емдеудің соңғы тәсілдері сөз болып, жас мамандарға білікті ғалымдар шеберлік дәрісін өткізбек.

Вице-министрдің мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 933 рентгенолог, 450 компьютерлік томография маманы, 1500 УЗИ дәрігері, 40 ядролық медицина маманы, 30 дәстүрлі емес рентген-хирург бар екен. Мамандардың айтуынша, Қазақстанның сәулелі диагностика саласының даму қарқыны басқа елдердің жағдайынан еш кем емес. 2012 жылдан бері Қазақстан – еуропалық радиологтар қоғамының толық құқылы мүшесі. Бұл дегеніңіз біздің мамандар жыл сайын әлемнің ең мықты ғалым-дәрігерлердің дәрістерінен өтіп, біліктілігін шыңдап, осы саладағы ең соңғы емдеу тәсілдерін игеріп тұрады деген сөз. Еуропалық радиологтар қоғамының ең көп – екі апталық курсы Қазақстанда өткізіледі екен. Дегенмен де, елімізде радиолог-мамандарды дайындау жағынан мәселе бар. Мысалы, Америкада, Еуропа елдерінде сәулелі диагностика мамандарын кемі бес жыл оқытады екен. Ал Қазақстанда – екі жыл. «Бұл – радиолог-мамандарын даярлау үшін тым аз уақыт. Сондықтан келешекте кадрлар дайындау мәселесін қайта қарамақ ойымыз бар. Біздің ойымызша, енді бір 5-10 жылда елімізде сәулелі диагностика саласының ең мықты мамандар шоғыры қалыптасатын болады», дейді Қазақстан радиологтар қоғамының вице-президенті  Таирхан Даутов.

Осымен жетінші рет өткізіліп отырған радиологтардың Еуразиялық форумы белгілі ғалым, еліміздің радиология саласына сүбелі үлес қосқан тұлға Жанғали Хамзабаевтың рухына және қазақстандық радиологтар қоғамының 40 жылдығына арналды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»