Табиғатының ерекшелігіне орай, негізінен ауылшаруашылық алқаптарымен танымал республика аумағының көлемділігін ескерсек, бұл мәселені жерүсті тәсілдерімен шешу мүмкін емес. Оны іске асыру үшін көрнекі, ауқымды ақпаратпен қамтамасыз ететін қазіргі заманғы мазмұнды картографиялық материалдар қажет. Құрылғанына былтыр 80 жыл толған «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» (АШАІМИ) республикалық мемлекеттік кәсіпорны еліміздің агроөнеркәсіп кешені жүйесінің негізгі бөлігі бола отырып, республика аумағын аэро және ғарыштық түсірулер негізіндегі фотобейнесімен қоса ауыл шаруашылығы үшін картографиялау бойынша көрсетілетін қызметтерімен әрі осындай материалдарымен саланы қамтамасыз етуші және өнім беруші еліміздегі бірден-бір кәсіпорын.
Институтта негізінен ауылшаруашылық алқаптарының және өзге санаттағы жерлердің сандық және сапалық сипаттамалары, олардың жіктелуі бойынша жоғары деңгейдегі кадастрлық ақпаратты бере алатын ерекше цифрлы ауылшаруашылық карталары жасалады. Су мен жел эрозиясы туындай бастаған учаскелерді, топырақтың ылғалдану деңгейін, тұздануын, қарашіріндінің бар-жоғын тек фотографиялық картадан ғана, фотобейнелердің реңкі мен түр-түсі бойынша анықтауға болады.
Ал бұл карталар бізде дайындалады. Оның үстіне, ауылшаруашылық картасын барлық санаттағы жерлерге мониторинг жасау үшін жылдар бойы бақылау жүргізу негізінде талдау жасау жолымен онда болып жатқан өзгерістерді анықтауға пайдалануға болады. Сонда ғана алуан түрлі жағдай мен құбылыс бойынша болжам жасауға мүмкіндік туады. Бұл – өңірлердегі суару тораптарындағы жағдайдың өзгерісі, құмдақ шөлді жерлердің қарқынын мониторингілеу (тапталған жайылымдарды қалпына келтіру және жылжымалы құмдарды тоқтату жұмыстарын жүргізу үшін), сексеуіл екпелерінің жағдайын бағалау. Мұның жойылып бара жатқан бұталар мен өсімдіктерді сақтау үшін дер кезінде шаралар қабылдауға көп көмегі бар. Мұздықтардың жылжуы мен мореналық көлдердің толуы туралы дер кезінде мәліметтер береді. Суармалы жерлердің сортаңдануын мониторингілеу, сонымен қатар археологиялық қазбалар және басқа да көптеген жұмыстар үшін жерлерді мониторингілеу жұмыстары жүргізіледі.
Жергілікті жерлер туралы нақты ақпаратты қажет ететін еліміздің жер ресурстарын тиімді басқару мен ұтымды пайдалану үшін картографиялық материалдар мен деректердің маңызды әрі қажетті геокеңістіктік негіз болып табылатыны белгілі. Осы орайда кәсіпорынның негізгі міндеті – еліміздің аграрлық секторын ауыл шаруашылығы мақсатындағы қазіргі заманғы цифрлы жоспарлы-картографиялық материалдармен қамтамасыз ету болса, ол бүгінде республика аумағының 28 пайызын қамтып отыр. Дәлірек айтатын болсақ, кәсіпорын өзіне жүктелген міндетін бүгінгі заман талабына сай атқаруда.
Кәсіпорын өзінің тікелей өнімі болып табылатын ауылшаруашылық фотокарталарын жасап шығаруда тақырыптық қабаттар жинағы бар фотокарталарды жетілдіру бойынша осы бағыттағы жұмыс тәртібін қайта қарап, оны одан әрі жетілдіре түсті. Мысалы, бұрын ауылшаруашылық карталары тек екі қабатты етіп жасалған болса (барлық ауылшаруашылық объектілерін біріктіретін фотографиялық негіз бен ақпараттық қабат), бүгінде кәсіпорынның көп қабатты карталар жасау мүмкіндігі кеңейді. Атап айтқанда, фотографиялық негіз, координаттық тор мен геодезиялық желі, облыстардың, аудандардың, ауылдық округтердің шекаралары туралы ақпараттар, гидрография элементтері, ауылшаруашылық алқаптары, алқаптардың түрлері елді мекендер мен өндірістік аймақтар, коммуникациялар мен құрылыстар, рельеф қабаттары мен тағы басқа ақпараттар.
Біздің кәсіпорын осылайша еліміздегі картографиялық материалдардың негізгі кемшіліктерін бір жүйеге келтірді. Бұл арада ақпарат жеткізуші ретіндегі статистикалық деректер мен шектеулі сыйымдылықтардың аумағының мәні зор. Оның үстіне 1:25000 және 1:50000 масштабтарында ауыл шаруашылығы үшін картографиялау жұмыстарын қамтамасыз етудің негізгі деңгейіне жетуде кәсіпорында Қазақстанның KazEOSat-1 жер серігінен алынған ғарыштық материалдарды пайдалану жұмыстарын жүргізу қарқынды басталды. Ауылшаруашылық карталарын жасауда ғарыштық түсірулерді пайдаланудың көмегі мен ерекшелігі айқын білінді. Әсіресе, аумақты бір ғана суретпен молынан қамту, жұмыстарды орындау уақытының едәуір қысқарғаны, аз көлемді материалдарды өңдеу тәрізді экономикалық пайдасы зор іс-шаралар тиімділігін байқатты.
Қазіргі уақытта кәсіпорында ауыл шаруашылығы үшін картографиялау жөніндегі жинақталған ақпараттардың деңгейі мен көлемін ескере отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жағдайы және олардың нақты пайдаланылуы туралы ауыл шаруашылығына қажетті интерактивтік карталар жасала басталғанын да айта кеткен жөн. Оған республика аумағында ауыл шаруашылығы үшін картографиялау бойынша жинақталған барлық цифрлы материалдар кіреді. Тиісті субъектілерге қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі пайда болды. Бұл еліміздегі ауылшаруашылық өндірісін басқару тиімділігін арттырары даусыз. Бұған қосымша кәсіпорында аэрофототүсіру материалдары деректерінің ауқымды базасы бар.
Өткенге қайрылмай жаңаны іске асыру мүмкін емес. Сол себепті біз кәсіпорынның өткен ғасырда атқарған жұмыстарының нәтижесін бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстармен сабақтастыра отырып, талапқа сай сақтаудамыз. Оған айқын мысал, арнайы қоймаларда халық шаруашылығы үшін құнды болып табылатын республика аумағының 1955-2006 жылдар аралығындағы аэротүсіру негативтері сол қалпында сақтаулы тұр. Аталған фотоматериалдарды туындап жатқан барлық санаттағы өзгерістерді анықтау үшін кез келген уақытта пайдалануға болады.
Ауылшаруашылық карталарын жасау және оның ерекшеліктері, оның жаңалаудың маңыздылығы, оның топографиялық карталардан айырмашылығы туралы толық мағлұмат беру және ауылшаруашылық карталарын мемлекеттік талаптарға сай жетілдіру мен өндірістік жаңғырту кәсіпорынның болашақта да атқара беретін басты міндеттері болып қала бермек.
Әбдіғали БЕГМАНОВ,
«Ауыл шаруашылығы
аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» РМК директоры,
Ұлттық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі