
«Ұлы дала сазы» атты түркі халықтарының аймақтық өнер фестиваліне биыл Өскемен қаласының, Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Шемонайха аудандарының өнерпаздары қатысып, тілі ұқсас, діні ортақ бауырлас елдердің қайталанбас әндері мен күйлерін, билерін жұртшылыққа паш етті. Өнер бәсекесіне қатысушылар «Вокал», «Хореография», «Аспаптық әуен» аталымдары бойынша бақтарын сынап, сыбызғыны сызылтып, домбыраны күмбірлетіп, қобызды күңірентіп, көрермендерге өзгеше көңіл-күй сыйлады.
«Домбыраның қоңыр үніне елітіп, өнерпаздар орындаған əндерді қосыла шырқаған көрермендер Глубокое кентін ән қанатында тербеп тұрғандай тамаша әсер қалдырды. Осындай әдемі де әсерлі кештер жиірек өткізіліп тұрса ғой», – дейді қазылар алқасының төрағасы, облыстық «Ертіс концерт» мекемесінің музыкалық продюсері Нұрсағила Шәмшиева. Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов ұлттық әуендерімізді ұлықтаған бұл шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырғанын, келешекте өз жалғасын табатынын айтады. Фестиваль қорытындысында Әсет Найманбаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының екі дүркін жүлдегері тарбағатайлық Төлеген Шәкәрімов «Аспаптық әуен» аталымында бас жүлдені жеңіп алса, бірінші және екінші орындарды сәйкесінше ғұндар дәуіріндегі күй аңызын ұлттық музыкалық аспаптармен тамаша жеткізе білген тарбағатайлық «Бабалар сазы» этно тобы мен аталған топтың әншісі Қанат Абуғазин қанжығаларына байлады.
Ал осы аталымның үшінші орынын глубокоелық Ельдар Қызырбеков иеленді. Бишілер сайысында өзбек биін нақышына келтіре орындаған күршімдік Инабат Бақытқанова бас жүлдеге лайық деп танылды. «Вокал» аталымында республикалық әскери қызметкерлер арасында өткен байқаудың лауреаты, «Оралханның көктемі» атты халықаралық ән фестивалінің дипломанты ұландық Бақыт Қыдырханова үшінші орынды еншіледі. Глубокоелық қос әнші Юлия Юрочкина мен Әлинұр Сұлтанғазин бірінші және екінші орындарды иеленді. Халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық вокалдық байқаулардың лауреаты атанып жүрген шемонайхалық өнерпаз Андрей Медведев Гран-приді жеңіп алды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы