Аймақтар • 11 Қазан, 2017

Кен алыбындағы тасымал көлік жолдарының жаңа сызбасы жасалды

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің  Қашар кен басқармасының карьерінде көлік сызбасын қайта құрудың кезекті сатысы іске асырылды.

Кен алыбындағы тасымал көлік жолдарының жаңа сызбасы жасалды

Соған орай қазір «Еңбек» бекетін ауыстыру  жұмыстары жүргізілуде. Бұл кен жұмыстарын дамытудың келешек бағыты болып саналады. Көлік жолдары сызбасын қайта құрудың ауқымды жобасы аталған бекетті көшіру қажеттілігін талап етеді.  Кен қоймаларын карьердің «Южный» беткейіне жылжыту және бекеттің теміржол жолдарын бөлшектеу жүргізілуде. 

«Мұндай түрлендірулер карьер өнімділігін айтарлықтай арттыруы тиіс. Жаңа орындағы «Еңбек» бекетінің екі тиеу тұйықтары іске қосылды, келесі екеуінің де 50 пайызы дайын. Бес шақырым теміржолдың  тең жартысы  төселді, жеті бағыттамалы бұрмалардың төртеуі жұмыс істеп тұр» деп нақтылады «ССКӨБ» АҚ жол шаруашылығы және ғимараттар басқармасы бас инженерінің күрделі құрылыс және күрделі жөндеу жөніндегі  орынбасары Сергей Вильгельм.

Тиімділіктің нақты  көрсеткіштері  бекет толық қуатына көтерілгенде белгілі болады және сонда ғана  өзгерістің тиімділігін  бағалауға  болады. Кеніштегі бұл өзгерістер жиектерді төмендету арқылы Қашар карьерінің «Северный» және «Восточный» беткейлерінің кентасты аймағын дамытуға, кертпештерді, қауіпсіздік бермаларын жобалық нормативтерге келтіруге жағдай жасайды және  кенді аршу мен дайындауды қамтамасыз етеді. Теміржолдарын толық түрлендіргеннен кейін пойыздар қозғалысының бағыты қысқарады, кенді жеткізуге кететін уақыт үнемделеді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,  Рудный қаласы