Жеңіл атлетика • 11 Қазан, 2017

Әмин Тұяқов: «Бапкер түзелмейінше, қазақтан чемпион шықпайды»

1969 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда жеңіл атлетикадан алты дүркін КСРО чемпионы, өз заманында 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруден КСРО-ның бірнеше рекордтарын жаңартқан Әмин Тұяқов ағамызбен жолығудың сәті түсті.   

 

Әмин Тұяқов: «Бапкер түзелмейінше, қазақтан чемпион шықпайды»

– Әмин аға, жыл басында 80 жылдық мерейтойыңызды атап өттіңіз. Қарап тұрсақ жүрісіңіз әлі тың. Мұны спорт­тың арқасы десек қате­леспейтін шығармыз. Өзіңіз спортшы болған соң, ізба­сарларыңыздың да өнерін бақылап тұратын боларсыз?

– Мен осы спорт деген бір сиқырдың арқасында елге танылдым ғой. Сондықтан спорт менің – өмірім. Спортта болып жатқан оқиғаларға көңіл бөліп, үнемі бақылап отырамын. Тәуелсіздік алғалы еліміздің спортшылары дүниежүзілік біріншіліктерге, Олимпия ойындарына, Азия ойындары мен чемпионаттарына көптеп қатысып жүр. Қазіргі таңда атлеттеріміздің әлемдегі алар орны ерекше. Сондай-ақ Үкімет спортқа көп көңіл бөліп жатыр. Соңымнан ерген талантты қаракөз қазақ бауырларым көптеп өсіп келе жатқаны мені қуантады. 

– Олимпия ойындары деп қалдыңыз ғой. Сіз төрт жылдықтың басты ойынына қатысып, чемпион атана алмадыңыз. Бұған өкінбейсіз бе?

– Олимпиадада чемпион болу екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейді. Оған жылдар бойы жинаған тәжірибең, дайындығыңның арқасында жетесің. Мен өз заманымда КСРО чемпионатына қатысып, бірнеше дүркін чемпионы болдым. Одан бөлек тағы басқа бірнеше халықаралық ірі-ірі турнирлерге де қатыстым. Бұл қарапайым ауылдан шыққан мен үшін – үлкен нәтиже. Әрине, әр спортшының арманы – Олимп шыңын бағындыру ғой. Деген­мен чемпион атанбағаным үшін еш өкінбеймін. Бәлкім Олим­пиада чемпионы деген атақ маған бұйырмаған шығар.

– Қазақ спортшылары арасынан Олимпиада чемпионы қашан шығады деп ойлайсыз? Ол үшін не істеу керек?

– Бұл оңай нәрсе емес, айналайын. Бүгін-ертең шығады деп, дөп басып айта алмаймын. Егер де дәл қазір жасы 10-нан асқан балаларды спорт залға әкеліп, әр қайсысына көңіл бөліп, бапкерлер ықыласпен тәрбиелесе, алдағы 10-15 жылдың ішінде олар Олимпиадада жемісін береді. Аз уақытта Олимпиада чемпионын дайындап шығу өте қиын. Жеңіл атлетикада Олимпиада чемпионының шықпауының бір себебі – бапкерлер кадрына келіп тіреледі. Қазір көптеген жоғары оқу орындарында бапкерлерді оқытып шығарады. Бірақ олар­дың деңгейі өте нашар. Сөйтіп амалсыз шет елден бапкер алдыр­туымызға тура келеді. Мен осы мәселені үнемі айтып, үлкен кездесулерде көтеріп жүремін. Біз бірінші кезекте өз мамандарымызды дайындап шығаруымыз қажет, сонан соң Олимпиада чемпионы мәселесіне көшу керек. Сондай-ақ өңірде жүрген, тасада қалып қойған спортшыларға көңіл бөлуіміз қажет. Әлі де кеш емес. Өзім де өмір бақи қазақтан Олимпиада чемпионы қашан шығады екен деп армандап келемін. 

– Жеңіл атлетикада қазақ спортшылары неге аз деп ойлайсыз? 

– Бұл спорттың атауы жеңіл атлетика болғанымен, заты өте ауыр. Жеңіл атлетикамен айналысамын деген балалар 10-11 жастан бастап шынығу керек. Жоғарыда айтқанымдай, осы балалар 10-15 жылдан соң нәти­же береді. Осы мәселе тағы да бапкерлерге келіп тіре­леді. Бапкерімізді түземей, қазақ­тан чемпион шығару өте қиын. Өзім жеңіл атлетика құра­ма­сының бапкері болған кезде қарамағымдағы бапкерлердің көбі басқа ұлт өкілдері еді. Мен оларға «Сендер Қазақстанда тудыңдар, осы жерде қызмет істеп, нан тауып жүрсіңдер. Қазақ­тың қарадомалақ балаларына көңіл бөліңдер» деп айтып жүретінмін. Мен бапкер болған тұста үш-төрт жас бала болатын. Бүгінгі таңда солар спорт ше­берлері, Қазақстан чемпионы атанып жүр. Сол балалардан көп үміт күтемін. Қазақтың атын тек қазақ шығарады ғой. Сондықтан мен де қазақ бала­ларының спортқа келіп, чемпион атанғанын қалаймын. 

– Өміріңіздегі ең жарқын жеңісіңізді еске алыңызшы?

– Журналистер маған осы сұ­рақты үнемі қойып жатады. Осындайда қалай жауап берерімді білмей, тосылып қаламын. Спортты енді бас­тап жатқан кездегі ауылдық, аудандық жарыстардағы жеңісім ең ерекшесі шығар. Болмаса спорт шеберлігін орындаған кезім... КСРО чемпионы атанып, өз елімнің әнұранын шыр­қатқаным – өмірімдегі ең жарқын жеңісім болуы мүмкін. Бұл дәл мына кез деп анық айта алмаймын. Бапкер болып жүргенде шәкірт­терім чемпион атанып, әнұран орындағанда көзіме жас келген. Өйткені бұл жерде менің еңбегім ақталды ғой. Мүмкін осы шығар өмі­рімдегі ең жарқын жеңісім.

– Шәкірттеріңіздің аяқ алысы қалай?

– Шәкірттеріммен үнемі байланыс орнатып, жарыстарын да қадағалап жүремін. Нәтижелері жаман емес. Бір ғана мысал, жуыр­да Азия чемпионы атанған Виктория Зябкинаны айта аламын. Оның әкесі де жеңіл атлет болған. Тамаша спринтер болатын. Жалпы, шәкірттерім көп қой, бәрінен зор үміт күтемін. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»